МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕН АУЫЛДЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ДЕЙІН МАҚТАНУ ДЕРТІ БАР

ӘШІРБЕК СЫҒАЙ

Қазақ қаһарманы – қазақ болуы керек. Өз ұлтымыздың атынан сөйлегенде ғана, ұлтымыздың  менталитетін, жүрек лүпілін, жүрек соғысын, ішкі жан дүниесін ақтарып ашқанда ғана өзге жұрт үшін кәдімгі құнды халық болып есептелеміз. Ой тоқтатуға, көз тоқтатуға тұратын халық болып шығамыз. Біресе итальяндық, біресе орыс, неміс, ағылшын болып ойнасақ, қазақ рухы жоғалады. Біздің ұлттық дәніміз, ұлттық болмысымыз, ұлттық калоритіміз болмаса, басқа халық үшін қызықсызбыз. Өйткені, мың жерден шашыңды  боя, киімін ки, бәрібір орыс, ағылшын бола алмаймыз. Тағы бір қауіп – алапат тасқын келе жатыр. Жаһандану деген судың тасқынынан бетер. Бұл жолындағының бәрін құртады, темірмен, көмірмен, мұнаймен оған  қарсы тұра алмаймыз, тек бекем ұлттық мәдениетпен ғана қарсы тұра аламыз. Әйтпесе, «Көріңді қаза бер,  қазақ!» дегім келеді.

*    *   *

Қазақтың жері кең, қойнауы қазынаға бай. Бірақ сол ұлан-ғайыр даламыз бос жатыр. Игерілмей, иеленбей жатқан бос кеңістік көп. Санымыз аз. Осы олқылықтың орнын қалайда толтыру керек, қазаққа шұғыл түрде көбею қажет. Бабаларымыз:

«Көпті жау алмайды» дейді. Сол рас сөз. Оның үстіне, екі жағымызда екі алып мемлекет көз тігіп, қалт басар қадамымызды аңдып отыр. Шалыс бассаң, қылғыта салудан тайынбайды. Әрине, қазіргі жағдайымыз жақсы. Тәубе! Бірақ мен келешектен қорқамын. Ахмет Байтұрсынов бабамыз айтпақшы, ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін.

*    *   *

Қазір рушылдық, жүзшілдік белең алған. Әркім өз атасын мадақтап жатыр. Неге солар қазақтың ұлы болып қалмайды?! Автокөлігіне руының атын жазып алатындар енді сахнаға шыға бастады. Бұрын кімнің қолынан іс келеді соған жол ашық болатын, еліңе, жеріңе қарамайтын. Әрқайсымыз жеке басымыздың, руымыздың деңгейінен аспасақ, қазақтың қамын кім күйттейді? Бүкіл халықтың мақтанышы болудан бас тартып, өзінің кішкентай руының намысын жыртқан қандай жеккөрінішті, жиіркенішті және обал! Осымен жастар улана бастады. Рушылдық, әсіресе, депутаттар сайлауы кезінде белең алады. Бір атаның балалары бірімен-бірі айтысатынды шығарды. Өзіне табындау, өзіне жақындаудың сойылын соғып, ел арасына жік салатындар пайда болды. Көңіл суысып, араласпай отырған елдер бар. Не тарихта, не әдебиетте аты кездеспейтін батырлар, әулиелер көбейіп кетті. Үш қазақтың біреуі әулие болған ба дерсің. Осының бәрі текке желігу, күпсіну, күпіну, арамтер болудың белгілері. Солар Алаш үшін, қазақ үшін неге бірікпейді? Қазір, Құдайға шүкір, көзіміз ашық, еркіміз өзімізге тиді, азаттықтың рақатын көрудеміз, көңіліміз жайланды, онда неге қазақ үшін жұмылып жұмыс істемеске?!

*    *   *

Біз өз халқымызды алға шығарып сөйлеуге құмармыз. Мемлекеттік деңгейден ауылдық деңгейге дейін мақтану дерті бар. Үндемей істеу керек. «Ойбай, біз діндердің басын қостық. Бізде мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатыр» деп едік, не болды, кейінгі кезде терроршылар бізден шықпай қойды. Қаншама атыс-жарылыстар болып жатыр. «Астамсыған қазақтарды көрейік, сендерде тыныш болса, тыныштықтарыңды бұзайық» деді. Біреулердің көңіліне тимей, өз жолымызбен дами беруіміз керек. Ұраншылдық, науқан-шылдық, шаш ал десе, бас алу басым. Мен биязылықты, тыныштықты, бірде білініп, бірде білінбейтін ішкі өрістердің дамығанын қалаймын. Алаулатып, жалаулатпай, музыкалатпай, дүңгірлетіп-күңгірлетпей, тыныш өмір сүрген дұрыс. Балаларды да солай тәрбиелеу керек. Өйткені басқа халықтардың бәрі ай қарап отырған жоқ. Бәрі де алға ұмтылады, бәрінің де ел болғысы келеді.

*    *   *

Әйелдеріміз 63-ке дейін жұмыс жасаса, олар қай уақытта бала тәрбиелейді? Қай уақытта отбасының жағдайын жасайды? Нашақор, маскүнем, қылмыскер бала қайдан шығып жатыр? Құдайға шүкір, қазақ жерінің байлығы – мұнайы, газы бар емес пе? Мақтанғанда бәледейміз. Әйелдердің, аналардың жағдайын жасамаған, солардың қамын ойламаған мемлекет мемлекет пе? Олар бала таппаса, мына жерге кім ие болады?! Осындай қарама-қайшылықтар менің тілімді қышытып, ұйқымды бұзады. Халықтың өсуін, көбеюін кім ойлайды? Декрет кезінде берген айлығын міндет қылатын мемлекет бола ма? Ол халықты көбейтіп, біздің болашақ мемлекет құрушыларымызды дайындап жатқан жоқ па? Біз неге мұны ескермейміз?

*    *   *

Заман қанша жерден қасқыр болып тұрса да, адамдықтан аттап кетпесек екен. Елдің, халқымның тыныштығын ойлаймын. Қазақ халқының мүддесін жоғары қоямын. Осы халықтың көңілі көтерілсе екен деймін.

Халықтың санын көбейтуіміз тиіс. Егер халықтың саны 20 миллионға жетсе, онда қазақ халқының тіл мәселесі мұндай өткір күйінде бірінші кезекте тұрмас еді.

Қазақтың жүрегі тоқтамасын, өнердің жүрегі тоқтамасын деп отырғаным сол. Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек – жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше, жүрегіміз тоқтамасын!

*    *   *

Сахнада, экранда кілең шіңкілдек, ұсақ актерлер көбейді, екі иығына екі кісі мінгендей фактура жоқ. Кескін-келбеті келіскен кермиықтарға зәруміз. Майда тартып барамыз. Шіңкілдеп, елпілдеп кеттік.

Қажымұқанды орта бойлы, сидиған жігіттер ойнайтын болып жүр. Қамарды көріп қарның ашады. Не дауыс жоқ, не рух жоқ. Дене тұрпаты ғана емес, қимылы, рухы кішкентай. Қарагөз болып толқытып, Қамар болып жылата алмайды, Қыз Жібек болып егілтіп, Еңлік болып елжірете алмайды мені. Міне, барлық трагедия осында жатыр.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.