ЖУРНАЛИСТ-АҚЫН ӨМІРІНІҢ КРЕДОСЫ

Әріптес жайлы әңгіме

 «Баламын десем, бала емес шақта,

Данамын десем, дана емес шақта,

Тілші боп келдім ауданды БАҚ-қа,

Ұстанымым: жазсаң, арыңды сатпа!».

Қаламгерлік қадамын осындай ұстаныммен бастаған ол әлі күнге дейін өз позициясынан айныған емес. Биыл жетпіске толып отырған Боранбай Құдиярдың өмір жолына үңілсең, өнерге, қаламгерлікке деген құмарлықты байқайсың. 1967 жылы орта мектепті бітірген ол алдымен есепшілік мамандықты таңдайды. Бәлкім, бала Боранбайдың бұл саланы таңдауына біреулер ықпал еткен болар, әйтпесе банкте жұмыс істеп жүрген жерінен қолын бір сілтеп, өзінің жүрек қалауы – журналистикаға кете ме? Жетісайдағы банкте колхоздар бойынша несие инспекторы қызметін атқарып жүріп, есел-дерті қағаз шимайлап, өлең жазу болады. Оны бастығы да байқаса керек, бір күні «Жетісай» газетінің редакторы Мүсілім Айдарбековке «Бізде бір жас ақын несие инспекторы болып істейді, өлеңдерін оқып көрші, көңіліңе ұнаса кәдеге жаратарсың» деп өлеңдерін көрсетеді. Көз жүгіртіп шыққан редактор «Болайын деп-ақ тұрған бала екен, қарсы болмасаңыз, мен оны жарты ставкамен тілші етіп алайын, аптасына үш-төрт мақала жазып тұрсын» дейді. Оған сөз қадірін білетін басшысы қарсы болмайды. Осылайша екі жұмысты қатар алып жүрген бала Боранбай бертін келе өзінің жанына жақын журналистикаға шындап бет бұрады. Бертін келе еларалық «Наурыз» әдеби газетін жарыққа шығара жүріп, Қазақстан Жазушылар Одағының үшінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловтың жолдамасымен Ташкенттегі Өзбекстан Республикасы Олли Мажилисі мен Вазирлар Маккамасының «Достық туы»,  «Нұрлы  жол» газетінде тілші, жауапты  хатшы, Сырдария, Жызақ облыстары мен Қазақстандағы меншікті тілшісі қызметін атқарады. Қазақстан Жазушылар одағы мен Жастар ісі комитетінің «Жас қазақ» қоғамдық-саяси, әдеби газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілшісі, еліміздегі ең алғашқы тәуелсіз газеттердің бірі – «Жас  дәурен» апталығында аға тілші болады.

1989 жылы  желтоқсанда Шымкент қалалық партия комитетінің нұсқаушысы Владимир Летягинмен, Александр Алехинмен, Максим Егормен, Ольга Каплина, тағы басқалармен бірге «Панорама Чимкента» – «Шымкент келбеті» газеттерінің сынақ сандарын шығаруға атсалысқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ал, Жұмамұрат Тұяқбаев бас редактор болып тұрғанда сол газеттің Мақтаарал, Жетісай, Асық ата, Шардара аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарады.

1973 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы «Қазақ  әдебиеті»  газетіндегі 1970-1981 жылдарғы проза сыны» деген тақырыпта дипломдық  жұмысын қорғап шығады. Бүгінде сол күндерді сағынышпен еске алатын Борекең былай дейді: “Шериаздан аға Елеукенов маған: «Бала, әдебиетке адал қызмет етуші бол!» деп ақ батасын берді».

Журналистикадағы еңбек жолын аудандық газеттен бастаған Б.Құдияров  Мүсілім Айдарбеков, Кенжебай Бөгембаев сынды редакторлардан көп тәлім-тәрбие алғанын үнемі айтып жүреді. М.Айдарбеков Ұлы Отан соғысына дейін аудандық газетте корректор, тілші болған майдангер журналист еді. Түсінген адамға 1936 жылы колхозды ұйымдастырып, алғашқы төрағасы болған, кейіннен «халық  жауы» атанып, қуғын-сүргінге түскен 79 жастағы қарт  колхозшының қолында құжаты, бойында арнайы білімі жоқ 17 жасар ұлын газетке тілші етіп алуының өзі көзсіз ерлік емес пе?! Міне, осындай редактордың алдың көрген, ерліктің не екенін жастайынан ұғынып өскен Боранбай да кейіннен шығармашылық жолындағы ұстазы болған Мүсілім Айдарбековтың абыройын асқақтатып, есімін ұлықтауға барын салады.

«Мүсілім аға 90 жасқа толғанда оны «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы мен төсбелгісімен марапаттауға ұсындым, бұл ма­ра­патты мүшел той үстінде  Журналистер одағының басшылары әкеліп тапсырды. Ұстаз алдындағы шәкірттік парызымды өтегеніме ризамын», -дейді бүгінде Әлібек Мейірбекұлы  атындағы Мырзашөл, Мақтаарал, Жетісай, Асық ата аймағы ақын-жазушылары қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Боранбай Оразбайұлы.

Жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүретін Б.Құдияров аталған бірлестіктің негізін қалауға атсалысқанын да айта кетейік. Осыдан жарты ғасыр бұрын, яғни 1971 жылы негізі қаланған бірлестікті ұзақ жыл ақын Әлібек Мейірбекұлы басқарды. 2002 жылы Ә.Мейірбекұлы бақилық болған соң бірлестік аты сол кісінің атына берілді. Оны бүгінде айтыскер ақын Мұхтар Құралов басқарса, ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары ретінде Боранбай Құдияр белсене араласып келеді.

Боранбай 9-10 жасынан өлең жазған екен. Бірақ, жазғандарын тап-тұйнақтай жинап жүруге жоқ, табан астында жазылып, тастаған жерінде қалып кеткендері қаншама.

«Арман іздеп жолға шықтым кеше мен де.

Не жазылған білмеймін пешенемде.

Бұралаңы көп дейді бұл тағдырды,

Жаққан отым мезгілсіз өше көрме?»-

деп жүріп жетпіске де келіп қалды. Қайда жүрсе де, қай жерде жұмыс істесе де шығармашылық еркіндікті ұстанып, адалдық пен әділдікті, туралық пен тазалықты жырлаған ақынға, жалынды журналистке жазар таусылмасын деген тілек айтамыз.

                Мекенбай ОМАРОВ,

Өзбекстан Жазушылар одағы Қазақ әдебиеті секциясының төрағасы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.