ЕГЕР ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕЙТІН АЗАМАТТАРДА ҚАЗАҚТЫҚ РУХ ҚАЛМАСА, ҰЛТТЫҢ БАС ҚАЙҒЫСЫ – ОСЫ

КАМАЛ ОРМАНТАЕВ

Қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді? Қарапайым көпшіліктің басым бөлігі күнделікті саясатты қалт жібермей, сарапқа салып отырады. Міне, осыны ескерсек, біз алдымен қазақтық, ұлттық рух жайын үнемі дамытуды ойластыруымыз қажет. Қазақ өзінің қазақ екендігін рухы арқылы таныта білуі керек. Ұлттық рух басым болмай, мемлекеттік бірлік нығаймайды. Сондықтан бірлігіміз, елдігіміз одан әрі нығая түссін десек, қазаққа жаны ашитын, қазақтың сөзін сөйлейтін азаматтардың легі көбеюі керек.

*    *   *

Егер қазақтың сөзін сөйлейтін азаматтарда қазақтық рух қалмаса, ұлттың бас қайғысы – осы. Мысалы, біздің мінберлерде есеп беретін сол азаматтар «Халықтың жағдайы өте жақсы, жұмыссыздықтың көлемі елде 5-ақ пайыз» деп есеп береді.  Кезінде кеңестік идеологияның ықпалына ермей, қаншама зиялыларымыз халықтың жоғын жоқтады. Ал қазір біздің шенеу-ніктердің дені теория жүзінде ғана жұмыс істейді. Шетелге барып келіп, дамыған елдердің бір жақсы тәжірибесін көріп қалады да, «біз де сондай болуымыз керек» деп әлгіні реформа етіп бізге тықпалайды. Ол біздің ортамызға бейім бе, ол реформаны игеріп әкетуге әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз келе ме?! Осы жағына бас қатырмайтын шенеуніктердің орынды-орынсыз реформалары халықты шаршатып жіберді. Жалпы, қазақ халқы өте момын халық қой. Жеріміздің ауқымы үлкен. Біздің жеріміздің байлығының арқасында көптеген шетелдіктер миллиардер атанып жатыр. Осындай әрекеттерді көремін де қарным ашады.

*    *   *

Қазіргі қазақтарды баспана мәселесі қинап тұр. Баласына білім берейін десе, орта таптың қалтасы жұқа. Қазір біз шенеуніктердің бір нәтижелі іс бітіргеніне емес, бір жиында қазақша сөйлегеніне шапаттап, мәз-мәйрам болатын болдық.  Мұның барлығы – сол қазақтың сөзін сөйлейтін азаматтарда қазақтық рухтың аздығынан. Сондықтан болашақта осы мәселелерді арнайы талдап, зерттеп, бақылап отырған жөн…

*    *   *

Мені тілдің мәселесі де жиі мазалайды. Мінберде қазақ тілін білмейтіндер көп. Кейбірі қазақша біле тұра, орысша сөйлейді, ал ол балалардың тәрбиесіне әсер етеді. Себебі қалаулылардың орысша шүлдірлеп тұрғанын көрген ата-ана балаларын орыс мектептеріне береді. Содан қазақ тілі қажет емес деген ұғым пайда болады. Мәдениет министрі 2020 жылы халқымыздың 90 пайызы қазақ тілін білетін болады деген, бірақ нәтижесін байқамаймын. Бірді-екілі қазақша сөйлейтін өзге ұлттар бар, соларды ғана көрсетіп қояды.

*    *   *

Білікті дәрігер азайып барады. Біздің елді дамыған елдермен салыстыруға болмайды. Оның үстіне оларда медицинаға қыруар ақша бөлінеді. Елімізде денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың үлесі ЖІӨ-нің 3,8 пайызы ғана. ДСҰ-ның ұйғарымынша, 6 пайыздан кем болмауы тиіс. Мысалы, Америкада 15 пайыз, Германия мен Францияда 8 пайыз бөлінеді. Демек, өркениетті елдерде ең құрметті де, ең жоғары табыс иесі дәрігер екенін жақсы білетін шенеуніктердің еңбекақы тағайындауға келгенде сараңдығы ұстап қалады. Дәрігердің айлығы өте төмен. 9-10 жыл оқығанда еңбектерінің 50 мыңға бағаланбайтындығына жас мамандар неге өкпелемесін. Дәрігерге төленетін еңбекақы көлемі ұлғаймай, білікті, білімді дәрігерлер қатарын толықтыру мүмкін емес. Денсаулықтың сақшысы – дәрігер мен білімді ұрпақ дайындауға жауапты мұғалімдерге мардымсыз жалақы беру әлеуметтік жағынан алғанда әділетсіз шешім. Білім-біліктілігін арттырғанша, дәрігер мен мұғалім ашқұрсақ өмір сүруі керек пе?

*    *   *

Территориямыз кең, байлығымыз жетеді деп немқұрайды қарауға болмайды. Оны бұрынғы дәстүр бойынша қалыбын бұзбай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу де қазір басты міндет. Қанша жерден даламыз байтақ дегенмен, оның иесі де, киесі де болған. Мен жерді шетелдіктерге сатуға бұрыннан қарсымын.

Атам қазақтан қалған «Жат жарылқамайды, өзіңдікі өлтірмейді» деген қанатты сөзді айта отырып, біз елге адалдықты жерге адал болу арқылы көрсетуге тиістіміз. Тағы бір айтайын дегенім, бабадан қалған жерлерді кейбір бай-манаптар қазірден иеленіп алып, өзгелерді маңына жолатпайтын көрінеді. Қазіргі кейбір бос жерлер солардың иелігінде болуы да мүмкін. Өйткені, кезінде алданып қалып, жер пайынан айырылған жұрттың ащы үні естіліп қалады кейде. Осыны да Үкімет бір барлап көруі керек секілді. Ең бастысы, жерді өз Отанымызда кімдер сатып алғанын, жалға кімдерге берілгенін біліп отырсақ, артық ауыз әңгіме тыйылар еді.

*    *   *

Бiз «Бала – болашағы-мыз» деймiз де, көп жағдайда көмек жасамаймыз. Құдайға шүкiр, экономикамыз бiршама iлгерi дамып, күннен-күнге өсiп жатыр ғой. Неге министрлiктегi мамандар осы мәселенiң байыбына мықтап үңiлмейдi.

Ауылда жұмыссыз жастардың көбейiп кеткенiне куә болдым. Бұрын әйтеуiр қолдан не келедi, құлшыныс танытып, бiр нәтижеге ұмтылатын едiк. Керiсiнше, қазiр жұмыссыздық пен нашақорлыққа салынған жастар басым. Мұнымен қоса, кедей, бай мен миллионер деп бөлiнетiн қоғам пайда болды. Бiрақ байдан не пайда? Бай-байға, сай-сайға құятын заман бұл. Шыны керек, Кеңестiк заманда бiлiм де, денсаулық сақтау саласы да тегiн болды. Басқасын айтпай-ақ қояйын, ол тұста әлеуметтiк мәселеге айрықша көңiл бөлiнген.

*    *   *

Неге екенi белгiсiз, қай жерде болсын, қандай мәселе болмасын қорлық көрiп жүрген – қазақ. Қайсыбiр қазақпын, қазақтың ұлтшы­лымын дейтiн азамат осындай кезде қарап қалмай, қолұшын берсе екен деймiн. Адам болған соң, жанымыздағы жағдайы төмен жандарға көмектесуiмiз керек. Мәселен, балалар үйiнiң жеткiншектерi мектептi бiтiргеннен кейiн оқуға түсе ме, түспей ме? Тiптi, жоғары бiлiм алмаса да, орта бiлiм алуына мүмкiндiк жасауды ойластыру қажет. Оның үстiне ертең оқуды бiтiргеннен кейiн де үйсiз-күйсiздердiң қатары осы балалармен толыға түсетiнi тағы рас. Жұмыссыз, нашақор қайдан шығып жатыр? Әрине, жетiм балалардан. Баланың көз жасын құрғатқанға Алланың шапағаты, нұры жауатынын ескерсек екен деймiн.

*    *   *

Әрине, болашақ – жастардың еншiсiнде. Бүгiнгi жастар ерiктi, өте қабiлеттi, ненi болса да тез игерiп кетедi. Кейiнгi кездерi «Жастар жiгерсiз, анаған-мынаған елiктегiш боп барады» деген әңгiменi жиi еститiн болдық. Алайда, ел ертеңi де, болашақ та солардың қолында екенiне кәмiл сенемiн. Сол сияқты нағыз қазақ ауылда десек, ауыл халқының денсаулығын назардан тыс қалдырмайықшы, ағайын!

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.