ҰЛТТЫҚ ИДЕЯМЫЗ САНАМЫЗҒА СІҢІРІЛМЕЙ, ЕЛ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСА АЛМАЙМЫЗ

ЖҮРСІН ЕРМАН

Неше түрлі басқосулар, митингілер өткізіп біраз азаматтарымыз жүгіріп жүр. Мен солардың бірен-саранына қатыстым. Шын мәнісінде, ешкімнің тілге жаны ашып жатқан жоқ. Тілді сылтау етіп, тілді ұранға айналдырып, өзінің жеке басының ұпайын түгендеуді түпкі мақсат еткен азаматтарды көресің. Халыққа жақсы көрінсем екен, қайраткер болып танылсам екен деген есептен тілдің ұпайы түгенделмейді. Қазір ең бір өткір мәселеміз тіл болып тұр ғой. Қазақтың тілінің көші өрге жүрмесін деген басқа ұлттың өкілін көрмейсін. Өзімізге өзіміз мәселе туғызып,  шаруамызды қиындатып жатырмыз. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту қажет болса, ол – биліктің әртүрлі деңгейінде отырған жергілікті әкім-қарадан бастап, министрлік, парламентке дейінгі азаматтардың қолындағы шаруа. Бірақ өзімізден-өзіміз көлеңкемізден қорқамыз: «Ойбай, анау не деп қояды, мынау не ойлап қалады?» -деп секем аламыз. Бірақ бізге «деп» жатқан ешкім жоқ.

*   *   *

Біздің ұлттық мүдделеріміз, ұлттық идеяларымыз күнделікті санамызға сіңіріліп отырмай, ел болып қалыптаса алмаймыз. Тіпті, балалардың санасына ұлттық рухты сіңіретін қандай бағдарламалар бар бізде?  Ең мықты хабарлар қазақтың балаларына арналып жасалу керек. Мұстафа Ататүрік: «Мен түрікпін деп мақтанам!» деп айтпақшы,  «Мен – қазақпын!» деп мақтанатын рухты сіңірмесек, әрі-сәрі күй  кешетініміз айқын. Қазір биліктің жоғары эшелонында жүрген, кешегі кеңестің тәрбиесін алған, коммунистік идеямен милары суарылған адамдар кетеді ғой, сол кезде жаңа буын, сапалы ұрпақ келу керек. Ең құрығанда, сол сапалы буынды қазақы етіп, тәрбиелеп кетуіміз қажет ғой. Соның басында ұлттық қаны бар, рухы мықты адамдар отыруы қажет. Ұлттық рухты көтеретін бағдарламалар күнделікті жүріп отырмаса, келешек ұрпағымыз кім болады? «Шөре-шөре» болады.

*   *   *

Мен кімдерді жек көрем. Жемқорларды, алаяқтарды, өзінің міндетін атқара алмайтын, халыққа жаны ашымайтын әкімдерді жек көрем. Оны сіз де жек көресіз. Ақындар да оларды жек көрмей ме? Елдің сөзін сөйлеп, шаруасын атқарып жүрген ұлттық деңгейдегі қайраткерлерді жақсы көрем. Ақындар оларды неге жақсы көрмейді? Ақындар менің айтқаныма көніп, айдағаныма жүретін құлақкесті құлым емес. Ай сайын көрінген айтысқа бара беретін ақыннан дәмді сөз шықпайды.

*   *   *

Қазақты біресе шала қазақ, я орыс тілді қазақ деп бөліп қойдық және оралман қазақ, осы жердің қазағы деп бөліп қойдық. Енді дінге байланысты бөлінетін болдық. Діншіл ақындар мен басқа ақындар. Қазақты енді осылай бөлу ғана қалды ма бізге?! Бұл ұят шаруа емес пе, осыны кешегі қазақтың көшін бастаған азаматтар осылай жасар ма еді? Енді келіп біз беймарал, тыныш заманда ақындарды екіге, айтысты екіге бөліп жатырмыз. Халықты жіктеп отырмыз. Менің осыған жаным ауырады.

*   *   *

Адам баласы болған соң өкініш болмай тұрмайды. Әлемді алып ойымен қамтыған Абайдың өзі өмірден өкінішпен өтті. Бітіре алмадым-ау, тындыра алмадым-ау, қазақ қоғамын оята алмадым-ау, жөнге сала алмадым-ау деп. Осы бәріміздің басымыздағы уайым, бәріміздің басымыздағы өкініш. Пенде ретіндегі өкініш, жете алмай қалған тұс көп.  Қай-қайсымыз болсақ та ақын ретінде, құрылысшы ретінде, етікші ретінде қолдан келгенді істеп, бүгінгі тәуелсіздігін алып, төбесінде көк байрағы желбіреген қазақ ұлтының ұлт болып ұйысуына үлесімізді шамамыз келгенше қоса алсақ, одан басқа арман да, мақсат та, мүдде де, өкініш те жоқ. Мен осы қазақ елінің ұлы ел болатынына кәміл сенемін.

*   *   *

Әнеукүні бір айтысты эфирден алып тастады. Шәрипа деген қызметкерлеріне біраз сөз ұнамай қалыпты. Қандай сөз екенін сұрасам, бізде қазір шетелдің ескі киімдеріп әкеліп, «одежда на вес» деп сатып жатыр ғой. Бауыржан Қалиолла деген ақынымыз жұрттың ескі-құсқысын киіп жатқанымызды әдемілеп түйреп өткен, соны «бұл сөздер ел имиджіне зиян келтіреді» дейді. «Ойбай-ау, бұл өмірдің шындығы ғой!» деймін мен. Президенттің айналасындағылар туралы айтады ақындар. Бәрін бүлдіріп отырған солар дейді.  Қай жерге барсаң да, бизнестің жасысына ие болатын да, «Болашақ» стипендиясымен шетелге оқуға кететін де әкімдердің бірі балдызы, бірі құдасы. Ол да өмірдің шындығы ғой!

*   *   *

Байлықтан өту қиын шығар. Кедейлік кімде жоқ. Бәріміздің басымызда бар. Көрпеңнің басың тартсаң, аяғың ашылып қалады. Біріңді екі ете алмай жүрген заман ғой. Бай болған жігіттерді көрдік, байлықты көтере алмай жүрген жігіттерді де көрдік. Ол атадан тек қуалап келген, атадан балағат мирас боп қалған байлық болса екен. Ол аспаннан, көктен түскен байлық, қазіргі көбісінің қолындағы байлық, арамнан келген байлық. Оны ары қарай алып кету оңай шаруа емес. Осы байлықтың сыны келгенде талайды сандалтты.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.