ШЫМКЕНТТІҢ ШЫН «ҚОЖАЙЫНЫ» ШЫҚҚАНДАЙ БОЛДЫ
«Шымқаланың тынысының жүйелі жолға қойылуына шын жанашыр «қаланың қожайыны» болмай ел алдында кісілікті келбетімізді көрсете алмаймыз» деп облысты басқарып отырған кезінде тұлғалы азамат Өмірзақ Шөкеевтің айтқаны бар еді.
Әкімнің халыққа шынайы жанашырлығын көрсеткен игі істер содан кейінгі кезеңде төрт жарым жыл қалаға әкім болып қызмет істеген Арман Жетпісбаевтың үлесінде қалды. Көп қабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту сол жылдарда басталды. Қала көркі жаңара бастады. Қалада қаншама жарқын істер атқарылып, жұртшылықтың «проблемалары» дау-дамайсыз шешіліп тіршілік кешті. Бұл қала «қожайынының» өлшеусіз еңбегінің «көлеңкесінде жүріп» мемлекеттік сыйлықты иеленгендер болды. Ел-жұрт бәрін біліп отырды.
Шымкент қаншама жылдан соң, «қала қожайынын» жуырда қайта көргендей болды. «Shymkent Bus» компаниясы қалалықтарға жолаушы тасмалдаушы қызметін көрсетеді. Сол компанияның 25 автобусы рейске шықпай, Шымкентте шу шығарды. Қала әкімі М.Әйтенов жұртшылықтың наразылық мәселесін шешу үшін кәсіп- орынға өзі барып, ту тізгінін өзінің қолына алды. Еңбек адамдарының өтініштерін өзі тыңдады. Табиғи болмысынан байсалды мінезді, байыпты азамат жұртшылықпен аржарма көңілмен сөйлесті. Ресми уәдеге толы құрғақ сөз айтылмай, ашық-жарқын сөз қозғады. Көп нәрсе көптің алдында сөз болды. Екі жақты бітімге шақырған әкімнің орнықты ой, орынды сөзі көптің көңілінен шықты.
Әкімнің ой таразысына салып жасаған оң ұсынысы екі тарапты да уәжге көндірді. Автобус жүргізушілерінің жалақысы 200 мың теңгеге, ал кондукторлардың жалақысы 100 мың теңгеге көтерілді. Осы наразылық дау-дамайының басында болып, оның келісіммен біткенін көргендер қала әкімінің таразыны тең ұстаған әділдігіне риза болып тарасты. Жанашырлық екі жаққа да көрсетіліп, сабырмен дау тізгінін ұстау арқылы туралыққа тоқтау осы бір өзекті мәселеде қаланың шын «қожайыны» барын көрсетіп бергендей болды.
Ә.Мұратбеков.