КЕШЕГІНІҢ ШАЛЫ – БӘЙТЕРЕК БҮГІНГІНІҢ ШАЛЫ – ЖЕМІС БЕРМЕЙТІН ЖАЙТЕРЕК СИЯҚТЫ

ЖАҚАУ ДӘУРЕНБЕКОВ

Коррупцияның паспорты болмайды, паролі болады. Жемқорлықты тудыратын – бюрократия, ал оның жолын кесетін – демократия. Демек, демократияны төрге шығару керек.

Жемқорлықтың да лауазымы бар. Қызмет өскен сайын ол да өсіп барады.

Барды ұқсата алмағаннан түңіл. Берген қаржыны игере алмаған құзырлы орынның қауқарына қайран қаласың. Және мұның өзі көрермені жоқ, жылда қайталанатын сүреңсіз спектакль сияқты.

Парақордың өз философиясы бар: пара алдым демейді, біреуге жақсылық жасадым деп ойлайды.

Құлдықтың да түр-сипаты өзгерген. Бүгінгі заманның құлдығы қол-аяғыңды кісендемейді, сүргін-сүреңсіз-ақ санаңды шырмауықтай шырмап алады.

Шенеуніктердің үлкен бастық кіріп келгенде орындарынан өре түргелетіні бар. Мұны құрмет дейсіз бе, жағымпаздық дейсіз бе – өзіңіз біліңіз.

Білесіз бе, біздер, адамдар, кімге ұқсап бара жатқанымызды?… Итке, құсқа… хайуанға… Ендеше, солай… Қазіргі күннің басты сыны адамның Адам боп қалуы боп тұр!

*   *   *

Мүлікті заңдастыруға келгенде бар тетікті іске қосып жатырмыз, ал Тілді заңдастыруға келгенде сол тетіктердің сықиып қалатыны несі? Жауабы жоқ жетім сауал.

Намысы жол ел нанынан айырылады.

*   *   *

Бізде бас қосу, ақылдасулар көп. Отырып алып, “Қайткенде қазақ тілін өркендетеміз, қайткенде қазақ тілін ұрпақ тіліне айналдырамыз?” деген секілді сұрақтарды қояды да, жауапты әлдекімнен күткендей түксіз тарқасады. Ешкім жауап бермейтін жайдақ басқосулар жайлап алған жерде айқын істің болмасы анық.

*   *   *

Алпысыншы жылдардың алпыстағы шалы мен екі мыңыншы жылдың алпыстағы шалын салыстыруға келмейді. 60-шы жылдардың шалы – жемісі төгіліп тұрған бәйтерек сияқты; екі мыңыншы жылдың шалы – жеміс бермеген жайтерек сияқты.

*   *   *

Бүгінде нота білмесе де екінің бірі ән шығарады. Композитор! Екінің бірі оған ұйқастырып өлең жазады. Ақын!

Осылар бір күні симфония жазып, екіншісі поэма жазса не  болады?

*   *   *

Қалам ұстап, жазу үстеліне жарты сағат отырып көрмесе де, екінің бірі ауызекі қалыппен көсілтіп, қалыңдығы кереқарыс кітап жазып тастайтын болды. Кітап болғанда қандай – атауы алтынмен апталып, қорабы күміспен күптелген.

Осылар бір күні мектеп хрестоматиясына еніп, оқушылар міндетті түрде оқитын болса қайттік?

*   *   *

Жергілікті сайлауға құлшынған үміткерлердің көптігі таңғалдырады. Әсіресе, жергілікті қалталылардың алашапқын болғанын қайтерсің. Не боп қалды? Неге құмар бұлар? Білетіндердің айтуынша: «Бұлар ертең істі болсам, депутаттығым қорғайды», — дейтін көрінеді.

Осылар өз ертеңіне қауіппен қарайтын болса, халықтың ертеңін қайтсін.

*   *   *

Дүниежүзінде батыры көп ел біз болармыз. Мына көрші Ресейде үш богатырьдан басқа ештеңе жоқ. Бізде ауыл сайын бір батыр шығып жатыр. Тоқтар түрі байқалмайды. Заты жырланып, аты елді мекен, мектептерге беріліп жатыр. Бұл аздай, енді кеп-кеше ферма, колхоз басқарған әкелерінің атын көшелер мен даңғылдарға қою жарысы басталғандай.

Осылар мұның механизмін әбден меңгеріп алғаннан соң, мына беттерімен географиялық карталарға шүйлігуі мүмкін-ау? Тау, төбе, өзен, көлдерге ауыз салып жүрмесе неғылсын?

*   *   *

Өмірдің аласапыра-нында өріп шығар өзекқұрттар мен бақа-шаяндар да болады. Қараңыз: айнала қаптаған жалған діншілдер, жалған емшілер, жалған академиктер, жалған көріпкелдер, жалған табиғат қорғаушылар, жалған банкирлер, жалған қорлар… жасанды тағамдар…

Осы секілді індеттердің кең жайылуы жағдайды ауырлата түседі, тірлік ахуалына тұрақсыздық, сенімсіздік әкеледі, өмірге, қоғамға деген көзқарасты лайлайды. Демек, осыларға тосқауыл қойылмайынша қоғамның маңдайы жарқырап, ісінің берекесі артып, бағы ашыла қоймасы анық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.