Шымкент қаласы Полиция департаментінің ювеналды полиция инспекторлары жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұдайы түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Соның ішінде, балаларды түнгі уақытта көшеде немесе қоғамдық орындарда жүру кезінде болуы мүмкін қауіпті жағдайлардан қорғау үшін түнгі рейдтік жұмыстар да күнделікті жүргізілуде.
Аталған іс-шаралар барысында түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз үй-жайынан тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, олардың заңды өкілдеріне тиісті әкімшілік шара қолданылады.
Мәселен, ағымдағы жылдың 27-29 сәуір аралығында өткізілген «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде 343 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) жауапкершілікке тартылды.
18 жасқа толмағандарға заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуға тыйым салынады. Нақтырақ айтқанда: ойын-сауық мекемелерінде – сағат 22:00-ден – 6:00-ге дейін, тұрғынжайдан тыс жерде сағат – 23:00-ден – 6:00-ге дейін. Бұл уақытта балаға тек заңды өкілімен бірге жүруге ғана рұқсат беріледі, яғни ата-ана, асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы немесе олардың орнындағы басқа да заңды өкілдер. Бұл ретте, бала ойын-сауық мекемесінде жүрсе, ата-анасы 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Ал көшеде жүрсе, бірінші рет ескерту жасалады. Егер тәртіп сақшыларының көзіне қайтадан түссе 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі түнгі уақытта орын алатынын ескере отырып, кешкі уақытта балаларыңыздың үйден жалғыз шығуына тыйым салыңыз. Бала өмірі үшін сақтық шарасын ең алдымен ата-аналар ұстануы тиіс.
