МЕМЛЕКЕТТЕ ТӘРТІП БОЛМАСА, ХАЛЫҚТЫҢ ЕШҚАНДАЙ АРМАНЫ ОРЫНДАЛМАЙДЫ

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ

«Аты бар, заты жоқ» дегенді түсінуге болады. Ал «айдары бар, шекесі жоқ» деген не?

Коррупцияға «сыбайлас жемқорлық» деген ат қойылып,  «оған қарсы күресейік» деген айдар тағылған болатын. Бір жылдан аса газеттерде осы «ат» аталып, «айдар» желкілдеп келеді. Бірақ елге келген инвестицияны жеп қойған бірде-бір басшының төбесі әлі күнге дейін көрінген жоқ. Соған қарағанда ол ақшаларды басшылар емес, халық жеп күйленіп жатқан сияқты. Олай дейін десең: қала халқы – қайыршы, ауыл – аш-жалаңаш. Коррупцияға қарсы күрестің «айдары бар, төбесі жоқ» дегеннің мәнісі осы!

*   *   *

Бұрын бастықтардың аузынан арақ саситын еді. Қазіргі көсемдердің аузынан тек қана доллардың иісі мүңкіп тұрады. «Пәлен елден пәлен доллар инвестиция алдық». «Жаңа астананы жақсартуға пәлен доллар жұмсадық», «Қаусап қалған ауыл шаруашылығын өркендетуге пәлен доллар қаражат керек» дейді де отырады олар күн сайын, сағат сайын сарнап.

«Айта-айта «Алтайды, әнші апамыз қартайды» дегендей, күні-түні қақсап, доллар әнін айтып келе жатқан басшылардың қаусап қалмағандарына шүкіршілік.

*   *   *

Қазіргі саясаткерлер қит етсе Совет үкіметін жамандайды: «Социализм тұсында жалқау боп қалған жұрттың еңбек еткісі келмейді. Сондықтан бұлар қалай байысын?…» деп күпінеді. Социализм тұсында елдің – ел, еңбектің Құдай болғанын көрмегендей күйсейді.

Социализм тұсында жұмыс жеткілікті, еңбектің мәртебесі мықты болатын. Барлық завод, фабрика, МТС-терден айырылып, жұмыссыз қалған қазіргі халық қалай еңбек етпек? Күрексіз құдық қазып, шыңыраудан қалай су шығарарсың? Кешегі еңбекшіл халықтың қолындағы өндіріс құралы қайда? Құралсыз халықты «Жалқау!» деп жамандау жауыздық қой. Азайтып айтқанда арсыздық емес пе?

*   *   *

Кейбір саясаткерлер: «Біз өз жолымызбен жүреміз!» деп өзеурейді. Ал «өз жолым» дегендердің бәрі өзгенікі: біреулердің бастаған, тастаған, жеріне жете алмаған ескі жолы. Ендеше «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген халықтық қағиданы ескерген жөн. «Өз жолым» деп өтірік өңмеңдеу – өнімсіздің ісі.

*   *   *

Бұрын ақшадан алғыс қымбат еді. «Алғыспен ел көгерер» деген мәтел де болатын. Қазір алғыстан ақша қымбат боп кетті. Енді «Ақшаң болса қалтанда – талтаңдасаң талтаңда» деген мәтелдің бағы ашылды.

Қазір адамдардың құны да, құлқы да өзгеріп кетті: сананың орнын сауда алды, ұстамдылық тұрақсыздыққа ауысты. Бір сөзбен айтқанда бас – аяқ, аяқ – бас болды. Соның нәтижесінде тоқ елді – аштық, бай елді – жоқшылық жайлады. Жұмыссыз ел, қарекетсіз халық адамнан аңға айналып барады. Енді оны адам қалпына қайта келтіру үшін қанша қуат, күш, уақыт керек десеңші!

Қазіргі халық басшылары деп жүргеніміздің көбі жебірлер мен жемқорлар болып шықты. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы (корруп­цияға) күрес деген желеумен олар бірін-бірі жұтып жалмап жатыр. Өзін біреу шақса, ол дереу өзгені шағатын бүйілер қауымына ұқсап кетті. «Бүйілер» бірін-бірі шағып бітіргенше бұқара қауым қалай күн көріп, тіршілік етпек?

*   *   *

«Реформа» дегеннің мағынасы «жақсарту» деген сөзге саяды. Қазіргі реформа «жақсарту» орнына, «жантайту» болып шықты. Түтіні будақтап, жұмыс істеп тұрған завод, фабрикалардың түтіні өшті, гүрілдеп тұрған ауыл шаруашылығы күйреді, қала-далада шірене талтайып тұрған жоғары вольтті электр бағаналарының бірі жантайып, бірі құлап құрыды. Иә, кешегі социалистік салтанатты өмірді күйрету  жеделдетіліп жатыр. Социализмнің самалдай жарығы сөніп, оның орнына халықтың төбесіне қараңғылық қанат жая төнуде. Киелі реформаның қызығын халық қашан көрер екен?

*   *   *

“Ар” айтуға оңай сөз. Біреудің ісі жақпаса, оны «арсыз» дейсің. Біреуге ақыл айтқың келсе, «Жан сақтама, ар сақта!» деген аталарымыз дейсің. Ал өзіңе келгенде арды резеңкедей иесің: терісіңді – дұрыс, бұрысыңды – түзу деп бағалайсың – өз арына ешкімнің қамшы салғысы келмейді. Арсыздықтың үстем боп шығуы арды әркімнің өзінше бағалайтынынан ба екен? Оның халықаралық тұрақты өлшемі жоқтықтан ба екен?

*   *   *

Қазақ осы рушылдық ауруынан арылмай өркениетті елдер қатарын көре алар ма екен? Өйткені рушылдық үстем жерде ұлт зиялыларының қаймағы мемлекеттік қазанның бетіне тегіс шыға алмай, көбі қаспақ болып төменде қалады. Басшы, қосшы бір Жүзден көтерілгеннен кейін (немесе екі Жүзден) қалған Жүздің ел басқаруға жарайтын ақылды адамдары етекте қалады. Оның есесіне үстем Жүздің данасы да, даңғойы да билік басына көтеріледі. Қазақтың барлық Жүзінің жақсы адамдары, яғни ұлт қаймағы тұтас бағаланбаса, олардың бәрінің ақыл, ой, жігер күші бірлесе бағытталмаса өкпе, қыжыл, алауыздық туады. Іштей іріп-шіру осыдан басталады.

Рушылдық биліктің зардабы осындай болады.

*   *   *

Мемлекетке ең қажетті керектің бірі – тәртіп. Елге ең алдымен экономика керек. Ал, экономиканы реттейтін тетіктердің бастысы – тәртіп. Тәртіп – тұлпардың тізгіні, самолеттің рулі, қыранның қанаты. Тәртіп болмаса, тұлпар лағып бетімен кетеді, самолет тиісті жерге жүгін жеткізе  алмайды, қыран құс төмендегі тағыны іле алмайды. Сол сияқты мемлекет- те тәртіп болмаса, халықтың ешқандай арманы орындалмайды.

*   *   *

Арыда аталарымыз Құдайға сыйынды, беріде бәріміз партияға сендік. Достық  пен махаббатқа бас идік. Интернационалдық сезімді сыйладық. Бүгінде бәрінен де жұрдай болдық: кімге сеніп, нені сыйларыңды білмейсің. Сенімен айырылған халық ашық теңізде келе жатқан рульсіз кемеге  ұқсайды. Дауыл соғып, теңіз туласа, таудай толқындардың басқарусыз кемені қаумалап, қай жағалауға айдап әкетіп, қай жартасқа соғары белгісіз.  Сол көк теңіздің төсінде жаңқадай үйірілген жалғыз кеменің ішіндегі үмітін үрей қылғындырып, есі шығып, «аллалаудан» өзгеге әлі келмейтін жолаушы қауымдай күй кешудеміз.

*   *   *

Қазақтың сүйретпе сөзінің бірі – «көрерміз». Анау-мынау емес, трактор тіркемесі тәрізді. «Көрерміздің» ілмегіне бір ілінсең, қанша сүйретілеріңді бір Құдайдың өзі ғана біледі. Оның қорытындысын, егер тамтығың қалса, «трактор»тоқтағанда ғана көресің.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.