Ақ пен қара. «Алмас кездiк қын түбiнде жатпайтынын» көрсеткен соны серпiн

 

Жуырда облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың Мырзашөл өңіріне жасаған іссапары осылайша ой түйіндеуге апарды.

Бізде облыстың бірінші басшысы ауданға келетін болса, қайда барып, қай мекеме мен кәсіпорынды, қай шаруашылықты көретіндігі алдын-ала жоспарланады. Дайындық қызу жүргізіліп, тіпті әкімнің алдында айтылатын сөзге дейін пысықталынады. Сол мекеменің жақсы жұмысы ғана емес, ауданның қарқынды дамуы мен оған аудан әкімінің қосқан өлшеусіз үлесін төгілтіп айтатын «попугайға» дейін сақадай сай тұрады.

Игі істердің барысына еріксіз риза болған облыс әкімі еңбек адамдарына ризашылығын білдіріп қайтып кетеді. Демек, осы аумақтағы ел тұрғындарының шынайы өмір тынысынан бейхабар әкім бәрі де жақсы екен ғой деген ойда болады.

Әкім ауданның актив кеңесіне қатысып, елмен алқалы жиын өткізгеннің өзінде аумақтағы өзекті де, өткір мәселелерді көтерген бір азаматтың үні естілмейді. Өйткені, ондағы ел-жұрттың жағдайын айтып, ел еңсесін көтере түсудің өзекті мәселесін қозғайтын азаматтар ондай жерге шақырылмайды, келе қалғанның өзінде де ішке кіргізілмейді. Сонан соң ел-жұрттың мұң-зарын айтып, жан-жаққа арыз жазудан басқа қолынан не келсін? Оны да елеп-екшеп жатқандар шамалы-ақ.

Азаматтық қоғамның белсендiлiгiн арттыруды облыс әкiмiнiң  өзi қолға алғаны ма?

Азаматтық қоғам белсенді болмай, ел еңсесін көтерудің мүмкін еместігін тереңнен білетін елімізге танымал тұлға, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың осы мәселені облысқа келгеннен қолға алғаны баршаға аян. Облыстың басшысын мақтап, мадақ айтуға дағдыланған біздер Ж.Түймебаевтың салиқалы сөзбен айтылған ойлы тұжырымдарын іліп алып кетуге келгенде кібіртіктей бердік. Өйткені, біз басшыға мадақ айтуды ғана білетін «попугайға» айналып қалған едік.

Ал, Ж.Түймебаев болса алғашқы әңгімесін «Ашық әңгімеге» барайықтан бастады. Барды бар, жоқты жоқ деп айтпай, тірлігімізді түзей алмаймыз деп тұрып алды. Әкім ел-жұртын «Ашық әңгімеге» шақырды. Ал, ішімізді тартып біз тұрып алдық. Тіпті, елдің үні, көзі, оң құлағы болып жүрген 40-50 бас редактормен кездесу өткізгеннің өзінде, «Ашық әңгіменің» көркін қыздыра алмай, оларға ашық сұрақ қойып, кейбір ой-пікірлерді оларға тілінен тартқандай етіп айтқызды. Әкім сұрады екен деп, БАҚ-қа сеніп жүрген көптің пікірін айта салатын біз бе?

Жиырма шақты жылдан бері әкім атаулының атына мақтау «жарапазанын» айтып үйренген ауыз, енді қалай қасқайып тұрып, барды бар, жоқты жоқ деп айта қойсын? Бекеңнен бастау алып, «жарты патшаның» кезінде бойымызға сіңген дағдыны «Ашық әңгіме» үшін ұмыта қоймаспыз, әсте.  Біздің «адалдығымызға» облыс әкімі Ж.Түймебаевтың Мақтааралдың қарапайым жұртшылығымен кездескен кезде көзі жетіп қайтты.

Азаматтық қоғам белсенділігін арттыруда облыс басшысының алғашқы қадамы біздің «ауылдың» шекарасынан шыға алмады. Шымкентте 1 миллионнан аса халық тұрады. Қала аумағында тұратын халықтың дені сау жүрер жолын айтпағанның өзінде, таза ауыз су мен табиғи газға жарымай отырғанына намысың келеді. Бетал­дылыққа кеткен сұрықсыз, жасыл желектен жұрдай болған «большая деревня» пайда болып бара жатыр.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев шырайлы қаланың «дертін» дөп басып тауып, қала басшылығын айтпағанда, санасында саңылауы бар қала тұрғындарының  жетесіне жететіндей мәселе көтерді. Қаланың «қожайынсыз» қалғанына көзі жеткендей болған соң, қала тұрғындарынан бір үміт күтіп, бір серпіліс тудыруға әрекеттенгендей болғаны білініп-ақ тұрды. Қала басшысының тірлігі татымсыз, билік органының қатаң талабын көрмесе, аяғын аттап басуға ерінетін жұртшылықтың керенаулы  болған соң, шамалы науқандық жұмыстың істелгені болмаса, «Бәз баяғы, баяғы, Балқожаның таяғынан» ұзай қоймағанымыз көптің көз алдында тұр емес пе? Облыс орталығында бір серпіліс басталса, оның лебі жер-жерге де жетер деген үміт те бірте-бірте елеске айнала береді.

Кемел ойлы болмысына салмақты да, сабырлы мінезі жарасымдылық табатын Жансейіт Қансейітұлы облыстағы өткізген күндерін саралай келіп, тағы бір соны серпін жасауға бел байлағанын Мақтаарал ауданына жасаған іссапарда көрсеткендей болды.

Ж.Түймебаев аудан әкімінің «сендерге облыс әкімі келеді» деп айтып қойған жерлерге бармады емес, барды. Еңбек адамдарын сыйлап, олардың еңбегіне ризашылығын білдіріп, шамалы уақыттан соң «жоспарланбаған» жерлерге, яғни қарапайым ел-жұрттың ортасында болуға тырысты.

Алдын-ала айтылып дайындалмаған жерлерге облыстың бірінші басшысының тосыннан барып, сол жердің тіршілігімен танысып, қарапайым халықпен «Ашық әңгімеге» бару — бұл облыстың тарихында соңғы 30 жылда болмаған нәрсе. Мақта­аралдықтар сенер-сенбесін білмей, есін жия алма­ғандай болып қалды.Облыс әкімі Шардараға жеткенше, оның Жетісайдағы тосыннан жасаған игі істері Шымкентке  ғана жетіп қойған жоқ, республиканың түкпір-түкпіріне тарап жатты. Мырзашөлдің халқы бір серпіліп қалғандай болса, енді соның мән-жайына тоқталайық.

Байлардың базары мен вокзалынан жұрт шошиды

Оны облыс әкімі Ж.Түймебаев Мақтааралға барғанда оны өз көзімен көріп қайтты. Түрлі БАҚ беттерінде Жетісайдың базарындағы жосықсыздық тірліктер үнемі сыналып жатқанымен, одан қоры­тынды шықпайтын. Халықтың тыныс-тіршілігіне қатысты «Өзге пікір», «Тұтынушы құқығы» т.б басы­лым­дардағы «Жанайғай» есінде болды ма, әйтеуір облыс әкімі Мақтааралға жасаған іссапарын үлкен базар мен осындағы «Атакент» автовокзалын көруден бастады. Автовокзалға кіргенде ондағы жолаушылармен тілдескен облыс басшысы: «Мен жоспардан тыс осы автовокзалға арнайы келіп тұрмын. Сіздермен тілдесіп, өтініш-тілектеріңізді өздеріңізден есіткім келеді»,-деп халықты «Ашық әңгімеге» шақырды. Онсыз да сұрықсыз, алқа-салқа болып тұрған авто­вокзалды көріп тұр­ған әкімге халық не айта қойсын? Облыс әкімі тазалық сақтамайтын автовокзал мен беталдылыққа кетіп, сапырылысып жатқан базарды көргенінде жергілікті атқарушы биліктің шенеуніктері мен байшыкеш кәсіпкерлерге ренішін жасырмады. Қашан да байыпты қалпында жүретін Жансейіт Қансейітұлы төзгісіз тірліктің былығының ортасында тұрғанның өзінде де кісілікті келбетінен таймай, сүйектен өтер сөзінің өзін мәдениетті етіп айта келіп: «Қысқа уақыттың ішінде автовокзалдың ішін тазалап, жолды жөндеуді және базар ішін санитарлық талапқа сәйкестендіруді тапсырамын» — деген сөзбен жетісайлықтарға салмақ сала кетті.

Базардың қанағатсыздыққа кеткен иесінің Тәшкеннен келетін саудагерлерден оңай олжа алу үшін базар алдындағы үлкен жолдың жолаяғын (тротуар)  жартылай басып алып, оның үстіне «жайма базар» жасап қойғаны көзге қораш, әрі шаң-топырақпен тұтыну тауары араласып жатқан көрінісі көргеннің аза бойын тік тұрғызатындай. «Жайма базарды» жайлағандар Тәшкенттен келіп, бірқатары пәтер жалдап тұрып сауда жасайтын алыпсатарлар. Олар кіріс органдарына салық та төлемейді, тұрғылықты жері бойынша уақытша есепке де алынбайды. Күн көрістері үшін осындай заңбұзушылыққа бара алатын бұлар базар иесінің «асыраушысы» болғандар.

Келімсек өзбектерге «крыша» болып, олардан жиналатын ақшаны жеке өз қалтасына басып отырған бұл базардың иесіне қазірше «әй дейтін әже, қой дейтін қожа»табылмағандай. Бірақ ол жердегі өзі келіп құйылып жатқан табыстан ауданның шенді-шекпенділері үлес ала алмай, аузынан суы ағып қарап отыр дегенге кім сене қояды? Осындай сорақылықты облыс басшысы іргелі ауданның қақ ортасынан көріп қайтты.

Дүние қуған алпауыттар елімізде заң барын ұмытып барып, өз білгендерін ғана істеуге көшсе, оның арты жақсылыққа апара қоя ма?Аудан әкімінен бастап жүздеген мемқызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері Отанына адал қызмет істеуге Ант берген жоқ па? Олар берген анттарына адалдық танытып қызмет істесе, есіткен жанның денесі түршігетін осындай заңбұзушылық сорақылықтары орын ала қоя ма? Итпен іздегендерге базар басшысының ізі де табылмады, ал мамандар не айтсын, құрғақ сөзді «дежурный» уәдені беріп қала береді де.

Облыс әкімі барып кеткеннен кейін, бір апта өткенде аймақтағы тілшілерге хабарластық. Айтуға тұрарлық істердің жоқтығын, бір тоқмейілсудың лебі барын айтса, Жетісайдың базары мен Атакент автовокзалына арнайы атбасын бұруды алдағы уақытқа амалсыз жоспарлайтын боламыз.

Ақ пен қара қатар жүретiн тiршiлiктiң тынысы

Облыс әкімі «Қазақ  КСР 40-жылдығы» ауылындағы «Хамро ата» өндірістік кооперативінде болып, 18 шаруа қожалығын біріктіріп отырған ұжым­ның жұмысымен танысты. Ел үкіметінен бір тиын қаржы алмай-ақ еңсесін тіктеп, табыс табуға қолдары жеткен кооперативтің мүшелеріне алғысын білдірген облыс әкімі олардың озат іс-тәжірбиесін насихаттайтын семинар-кеңес өткізуді облыстық ауылшаруашылығы бас­қар­масына тапсырды.

Облыс басшысы осындағы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы каналдың үстіне салынған көпірді көрді. Салынғанына 5-6 жыл өтпей жатып жарамсызданумен ойылған көпірге жергілікті билік «әдемілеп» құм төгіп қойған болыпты. Көргенде алаңдайтын нәрсе жоқ сияқты болғанымен, бұл көпірдің жағдайы «Атаңның өлгенін жасырарсың-ау, ал көмгенде қайтерсің?» деген күйдің келетіні мұндағы ел-жұртқа да, бір Құдайға да аян болып тұр. Жоғарыдан келгендердің алдында «мінсіз» көрінуді ойлайтын жергілікті билік иелері момақансынған түрде «күштілердің» алдындағы сыннан сүрінбей өткендей болып қала берді. Оларды ертеңгі күн қызықтырмайтын сияқты. Әлде, ханнан 20 жылда сөйлетемін деп есек алған Қожанасыр сияқты «20 жылда не есек өледі, не хан өледінің» есебін іштеріне сақтап тұрғаны ма? Облыс әкімі Ж.Ералиев ауыл округіне қатысты «Нұрлы жол» шаруа қожалығында болып, жаңа инновациялық технологияларды өндіріске батыл енгізіп жатқан дала диқандарының қажырлы еңбегіне өзінің ризашылығын білдірді.

Аудан әкімдігінің алдын ала айтып қойған жерлеріне соқпай кетуді ыңғайсыз деп түсінген Жансейіт Қансейітұлы ондай жерлерде ұзақ аялдамай, қарапайым ел тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын өздерінің ауыздарынан естуге тырысқаны сапар барысында байқалып тұрды.

Облыс басшысы «Нұрлы жолдан»  аттануға айналған кезде бірнеше ауыл тұрғыны келе қалып, облыс әкімі алдында «Іздегенге сұрағандай» етіп, «Ашық әңгіменің» тізгінін жіберсе бола ма.

Еліне сіңірген еңбегі, көргені мен түйгені көп, Құрмет орденді диқан С.Тотықов облыс әкімі Ж.Түймебаевқа дала диқандарының шынайы өмір тынысын жөн-жөнімен, артық-кемсіз айтып берді. Еңбек адамдарына өз еңбектерінің жемісін жеуіне кедергі болатын өзекті мәселелерді жіпке тізіп бергендей баяндады. С.Тотықов жергілікті атқарушы органның шенеуніктері еңбек адамдарының өмір тынысына араласқысы келмейтінін, «жеріңді бердік, суыңды бердік, қазіргі нарық заңына сай сендердің тірліктеріңе араласуға құқымыз жоқ»  дегенді қайталаумен олардың ел-жұрттан қол үзіп қалғандарын ашына айтып берді. «Біздің өсірген өніміміз халыққа керек. Халыққа жұмыс істегісі келмейтін шенеуніктерді Үкіметтің неге ұстап отырғанын түсінбеймін»,- деп салды ашынған диқан. Оның айтуынша,  дайын өнімді ел ішіндегі тұтынушыға жеткізуге көлік қат. Қай диқан қаңғырып көлік іздесін. Диқандарға қол ұшын беріп, қолдау көрсетуді ұйымдастырып жіберейік деген жан баласы жоқ. Амалсыз, автокөлігімен келіп, өніміңді алып кететін алыпсатарларды күтесің. Заманына сай, олардың да ниетінің бұзылғаны ма, бағаны жерге ұрып, диқандарды мазақ еткісі келетін көрінеді. Қауын-қарбыздың далада ұзақ жатса ағып кететінін білетін алыпсатарлардың қарбызды 15 теңгеден алып жатқанын «жылағандай» болып айтып берді. Ол ең құрығанда көкөністерді сақтайтын қамбаны көбейтуге болады ғой деп шырылдайды. Шындығында да, не дайын өнімді таситын көліктің, не дайын өнімді сақтайтын қамбаның мәселесін шешуге қол ұшын созуға дәрмені жоқ облыстағы «мүйізі қарағайдай» екі ауыл шаруашылығы мекемесінің кімге керегі бар?  Қазір науқанның қызып жатқан кезінде аудан әкімінің немқұрайдылық көрсетіп отырғанына ренішін диқан облыс әкімінің алдында ашық айтты. Бұл жерде облыс басшысы өзінің көзбен көріп, құлағымен естімеген біраз өзекті мәселенің жайына қаныққандай болды.

«Бәрi жақсы, бәрi жақсының» артында былық бары әркiмнiң алдында әшкерелендi

«Нұрлы жолдағы» әңгімеден кейін Ж.Түймебаев қарапайым ел-жұрттың тынысын көре түскісі келгендей болып, көлігін Жетісай қаласындағы көп қабатты үйлердің  бірінің алдына тоқтатты. Облыс әкімінің келгеніне сенер-сенбесін білместей болған сол аумақтың тұрғындары облыс басшысының қасына жинала бастады.

Облыс басшысының «Жағдайларыңыз қалай? Шешілмеген қандай өзекті мәселелеріңіз бар?» дегеніне жиналғандар: «Бәрі жақсы. Қиындық жоқ, бәрі жақсы», — деп жамырай жөнелді. Облыс басшысының тағы да: «Күнделікті тұрмыстық жағдайларыңызда қиындық болып жатқан жоқ па?», — дей бастағаны сол еді, жиналғандар «пионерский сборда» тұрғандай: «Бәрі жақсы. Жағдайымыз жақсы», — деп шу ете қалды.

Айналаны байқап үлгерген Жансейіт Қансейітұлының «Таза ауыз су бар ма? Тұрақты беріле ме?» деп сұрай бастағаны сол еді, көпшілік тағы да: «Бәрі жақсы. Су бар, тұрақты беріледі», — десін. Сол кезде облыс әкімі: «Сіздерде бәрі жақсы екен, ол өте дұрыс. Ал мынау үйлеріңіздің алдындағы қаздай тізілген есепсіз «туалет» неге тұр? Су бар екен, «Туалет» үйде болмай ма? Есіктеріңіздің алдында бала ойнайтын жер жоқ», — дегенде ғана барып, бірқатары жерге қарағандай болды.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев өңірдегі азаматтық қоғамның белсенділігін саралай білген­дігі­нен бе, әйтеуір жанына жиналған жұртшылыққа ел-жұрттың тынысын өз көзімен көріп, айтар мұң-зары болса, өз ауыздарынан есітуге келгенін айтып, оларды бүкпесіз «Ашық» әңгімеге шақырғанда ғана тоң жібігендей болды. Екі қабатты үйдің 24 пәтерінің бәрінің де канализациясы істе­мейтіні айтылды. Осы үйге канализация жүргізуге мем­лекеттік бюджеттен мил­лиар­дтаған қаржы бөлінеді. Жұмыс басталып, оны мердігер аяқтамаса да, жұмысты бітті етіп өткізіп, тиісті қаржыны қалталарына басып кетеді. Орындалмаған жұмысты «Бітті» етіп қабылдау Актісіне және тапсырыстың орындалғанына ақша төлеуге қол қойғандар бар, бірақ оның біреуі де заң алдында жауапты болмаған.

Ал мына жақта шағын қалашықтай көрінетін 24 әжетхананың қасынан өткенде мұрындарын тыжырайтып тұрғындар жүр. Не деген жаужүректердің елі. Канализация жүргізу жұмысы басталған болады да, бәрін тастай салып, сметалық жобада қарастырылған қаржының бір тиынын қалдырмай сыпырып алып кетеді.

Облыс басшысы аудан әкіміне осы мәселеге сергектікпен қарап, тиісті қатаң шара көруді тапсырып кетті. Одан не шығатынын уақыт көрсетер. Халыққа керегі канализацияның келешекте тартылатындығы болып тұр.

«Жарға  бiткен жантақты жанынан безген нар жейдi»

Дана бабаларымыз осы ой түйінін түйе жейтін жантаққа қатысты емес, ел мен жердің тағдырына қатысты елдің жүгін көтеріп, ел тізгінін ұстай алатын перзенттеріне қатысты айтқанын аңғаруға болады.

Ел тізгінін ұстаудың ауыртпалылығы мен жауапкершілігін тереңнен білген даналарымыз сенімді ұлдарына «Арқаң қара нардай жауыр болсын!» деп бата беруге дейін барыпты.

Ал жаһанданудың жалыны шарпыған мынау күн қысқарған заманда ел тізгінін ұстаудың қиындығын ойлаған есті жанның өзі де ой түбіне жете алмас. Дала демократиясы әдірем қалып, құдайсыздардың демократиясы құтырына бастағанда ел тізгінін ұстау – есерленген кеудемсоқтардың ермегіне айналып қойған жоқ па? Қазір әкім болуды ойына алған адам әкім болмай қоймайды. Данагөй шешендеріміз «Бақ таздың басына, пұшықтың мұрнына, соқырдың көзіне қонады» дегендей, бүгінде кімдер әкім болмай жатыр. Сарыағаш пен Сайрамның Қ.Әбдуәлиеві мен С.Сапарбаевы, Бәйдібек пен Түлкібас ауданының Б.Танагөзовы мен Тұрашбековы, қаладағы Абай мен Қаратаудың Татыбаевы мен Мәуленқұловы, Кентау мен Арыстың Ә.Мақұлбаевы мен М.Қадырбегі әкім  болып не тындырып жүргендерін өзгені қойғанда, өздері дұрыстап айтып бере ала ма? Бұлардың өздері отырған «креслосы» мен әкім қызметінің аражігін ажыратып беруге шамалары жете ме өзі? Қарапайым қалың ел бұларсыз да өз күндерін өзі көріп жатыр. Бұлар басқарған аймақта бір серпіліс сезіле ме? Жоқ. Тым-тырыс өтіп жатқан рахат өмір. Ел тынысына дендеп еніп, жаңашылдықты апарып, жарқын істерге бастамашыл болуды бұлар үшін игерілмеген тың дерсің. Аудандардағы келеңсіз тірліктердің көбеюі де әкімдердің әлсіздігінен. Ел тынысына құлағы түрік болмаған әкім ешнәрсенің де байыбына бара алмайды. Алдына кірген адамға «мақұл» деп қойып, «Мақұлбек» атанып отыру да абырой әпермейді.

Соңғы уақытта Мақтаарал ауданына қатысты БАҚ беттерінде келеңсіз әңгімелердің көбеюіп кетуінің себептерін бұл жолы облыс әкімі Ж.Түймебаев өз көзімен көргендей болды дей аламыз.

Біз осы ауданға Ғ. Исмаиловтың әкім болып тағайындалуына орай өзіміздің «Қазақстан жолы» газетінің 20.08.2016 ж. санында өзіндік ой-пікірімізді жариялаған болатынбыз. Онда: «Мақтаарал ауданына Ғ.Исмаиловты әкім етіп жіберу облыс әкімінің  асығыс шешімінің бірі болса керек. Бір облыспен деңгейлес халқы бар Мырзашөл өңірінің тізгінін ұстаудың Ғ.Исмаиловқа қол еместігін көп ұзамай-ақ біліп қалатын шығармыз.

Ол – жаны жайсаң, кішіпейіл мінезді, намазхан азамат. Онымен дос-жаран, жолдас болу, тіпті құда-жегжат болып араласу екінің біріне бұйыра бермейтіндігінде сөз жоқ. Жеке басының азаматтық болмысына тек қана сүйсінесіз. Ал, бірақ 300 мыңнан астам халқы бар бұрынғы үш ауданды басқару Ғ.Исмаиловқа қол еместігін ашық айтсақ, ол біздің шынайы жанашырлығымыз екенін түсінетін шығар.

Қаланың Қаратау ауданы әкімдігіндегі төрт қатынның тірлігіне төрелік айтып, аппаратты уысында ұстай алмаған Ғ.Исмаилов облысты қойып, тікелей Астанаға шығатын бай-манаптармен қалай тіл табыспақ?

Мырзашөлдің жай-жапсарын айтпағанда, масасының ызыңына дейін білетін Ж.Бейсенбаевтан аудан тізгінін алып, ұтқаннан ұтылғанымыз көп болып жүрмесе болғаны да» деп жазғанымыздың артық-кемі болса, оны мақтааралдықтардан артық ешкім біле қоймас.

Әкімдік қызметтің қабілеті бойынан табылатын, іскерлігі ерен елжанды Ж.Бейсенбаевтың қадірін аудан жыл өткен  сайын сезіне беретін сыңайлы. Әлі де болса Мырзашөлдей өңірдің тынысына соны серпін, тың құлшыныс аудан тізгінін Ж.Бейсенбаев сынды азаматтар ұстағанда келетінін ашық айтқымыз келеді.

Облыс әкімінің өз аудандарына келетінін естігін Жылысу ауыл округінің он шақты азаматы өздерінің өтініш – тілектерін облыс басшысына көзбе-көз айту үшін аудан әкімдігіне келеді. Жұрттың топтанып жүргенінен зәресі қалмайтын әкімдіктегілер оларға сағат 15.00-де осында актив жиыны өтеді деп өтірік айтып, оларды алдап шығарып салады. Ешқандай актив жиынын өткізу белгіленбеген. Керек болса, сағат 15.00-де облыс әкімінің Шардарада жүретінін біле тұрып, әкімдіктің шенеуніктері өз жерлестерін «ақымақ» етіп алдайды ғой. Осыдан кейін бұл ауданның әкімі аппараты қызметіне қандай баға беруге болады? Бұл он шақты кісі кешке дейін әкімдіктің алдында жүреді. Оларды адам екен деп әкім, не оның бір орынбасары қабылдамайды ғой. Сол азаматтар «жылағандай» болып, шағымдарын редакцияға жолдапты. Оларды да тыңдап көрейік.

Бұл азаматтар өз ауылдарындағы майда шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооператив құрады. Түсініскен жұрт бірте-бірте кооператив жұмысын ретке келтіре бастайды. Бірақ, бұларға аудан тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді. Бұлардың ауданнан «крыша» ұстамағандарының да әсері болса керек.

Бұлар өз тірлігімен өздері болып жатқан кезде, аудан бұлардың сыртынан жаңа кооператив құрып жібереді. Шаруалардың тізімін жасағанда, олардың қолын сыртынан қойып жібереді. Енді заңды құрылған кооператив өз құқықтарын қорғау үшін ауданның жалған құжат жасап құрған кооперативін сотқа беріп, оны сотта жеңіп шығады. Бірақ олар жұмысын тоқтатпайды. Өйткені, заңсыз құрылған жаңа кооперативті аудан әкімдігі мен оның бөлімдерінің шенеуніктері өз мүдделеріне пайдалануға құрғандығы белгілі дейді ауыл тұрғындары. Заңды кооператив бүгінде өгейдің күйін кешіп отырғанына ашынады. Аудан әкімдігінің әділетсіздік танытқанына ренжиді. Дәл қазір бұлардың мәселесінің дұрысынан шешілетінін дөп басып айту қиын сияқты. Не көрмей жатқан қазақ.

дайындаған: Әділ Мұратбеков.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.