Үкімет отырысында Президент тапсырмаларының орындалу барысы айтылды

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында берілген тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды.

Селекторлық режимде өткен жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты. Ведомство басшылары Жолдауда айтылған әрбір тапсырма бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндап, жаңа жобаларын таныстырды.

Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев әрбір өңір үшін инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленетінін айтты.

«Мемлекет басшысы 5 жаңа бастаманы жариялады. Біріншіден, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайту. Екіншіден, өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шеңберінде «ұтымды» шараларды әзірлеу. Үшіншіден, Еңбекақы төлеу қорына жүктемені2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу. Төртіншіден, жекелеген азаматтық қызметкерлердің жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға арттыру. Бесіншіден, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банктің» есепшотқа аударуға мүмкіндік беру»,- деді Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар, отырыста ветеринария саласы түбегейлі реформаланатыны, «Жеке қосалқы шаруашылықтар» туралы Заң жобасы әзірленетіні айтылды.

Жиын соңында қала әкімі Мемлекет басшысының жолдауындағы әрбір тапсырмалардың орындалуы бойынша тиісті сала басшыларына нақты жұмыстар жүктеді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған qazaqjoly.kz.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.