Жырларымда заманымның шындығы
Мырзан Кенжебай:
Елу жылдан соң келер деп ғажап күн,
Өзімді алдап, өзгелерге мазақпын.
Бұл байлықтың жоғы жақсы ед барынан
Өз байлығы соры болды-ау қазақтың!
Мөңке айтқан «дүдәмалдау» дінім бар,
Мөңке айтқан «алашұбар» тілім бар.
Көк тиындық пайдасы жоқ қазаққа
Күнаратпа форумдар бар, жиын бар
Мұнайым бар, мұнай емес – мұңым бар,
Ураным бар, уран емес – уым бар,
«Байқоңырда бақыт құсы – «Протон»,
десе сенем, – бірің өліп бірің қал!»
«Төрге шықсын басқалардың басы» — деп
Құдайым-ай, неге мұнша жасық ек?
«Келер күнің болады, – деп, – күмәнді» –
дәл келді ғой Мөңке айтқан қасірет
Іздегенге тегін байлық – аз бақ па –
Келіп жатыр арамза да, кәззап та.
Ой мен қырға қаңғыманы қаптатып,
Кеңдігі де кесір болды-ау қазаққа!
Жаз дәуреннің жүргенде сәнін бұзбай,
Арамзадан алданған ару қыздай,
Сенімімді жоғалтып өз еліме
Мына өмірден түңілген жаным мұздай.
Есімде жоқ «уақытпен үндескенім»,
Қадамыма көргем жоқ «гүл де өскенін».
Ақ періште болсын деп, баламның да
Қаламаймын дәл менше күн кешкенін.
Бүгіннен өткен шақтың бағы басым
болғасын мына елге неғыласың
Бір бұлдыр болашаққа бет бұрғасын
Амал жоқ өткеніңді сағынасың.
Көргенде шенділерін шарай топтың,
Кеп тұрар зәрді солай қарай төккім,
Алысып Адам-Құдай атаулымен
Білмеймін, мына күнге қалай жеттім?
Аспанға атып жүргенде бөрігімді,
Көре алмай-ақ жүр екен көрімімді.
Өліп жатсаң, аузыңа су тамызбай
Аттап кетер түрі бар өлігіңді.
Ұмыт қылып Ұят пен Арды мына,
Жабайы боп кеткен бе барлығы да?
Көзінде – нұр, жүзінде – Иман болса,
Жыламас ем жоқтық пен тарлығына.
Айта берсем, таусылмас қайғым тағы,
Мен ескексіз қайықпын айдындағы.
«Ес кіргіз, — деп, — қазаққа» Бір Алладан
Тілек айттым қос қолды жайдым-дағы!