Жырларымда заманымның шындығы
Ақ-Бөрі Қыдыр
Таңы теріс атқандай,
Күні кері батқандай.
Ботасы өлген боз інген,
Боздап бара жатқандай.
Шегенделген шер-мұңды,
Қозғап бара жатқандай.
Ағайынға айтылмай,
Сөз қап бара жатқандай.
Қайда барад бұл заман,
Билік айтқан пұл заман?!
Қанша ақылың болғанмен,
Қалталыға құл заман.
Ақын сөзін құм қылған,
Әкімдері сұм заман.
Байтал шауып, бәйге алып,
Кісінеп те тұр заман.
Ұлы кеткен тақ іздеп,
Қызы кеткен бақ іздеп.
Үйде отыр шал-кемпір,
Ет орнына сағыз жеп.
Абысындар айтысып,
Базарда жүр жай іздеп.
Көңілдес қып күйеуін,
Келін кеткен бай іздеп.
Саудагерлер алып жүр,
Ардагерлер налып жүр.
Көсеулілер көсеумен,
Көсемдерді шалып жүр.
Алтын бастың орнына,
Алтын тістер қалып жүр.
Қозы бағар балдарың,
Казинода неғып жүр?
Кәмілетке толмаған,
Ұлдарың жүр «Вольвамен»
Анашасын шегіп ап,
Ата-анасын қорлаған.
Қарындасын жылатып,
Өз ағасы зорлаған.
Ескілерді тыңдасам,
Мұндай заман болмаған.
Мойны жоқ бастарың,
Торсық қарын буып жүр,
Көшесінде Саинның,
Жезөкшелер қуып жүр.
Бала сату мода боп,
«Подпленка» туып жүр.
Тастандысы шет елде,
Шибөрідей ұлып жүр.
Жабыларды ат қылған,
Қап-қараны ақ қылған.
Пұлы барға бұл заман,
Таптырмасты таптырған.
Пұлы жоққа бұл заман,
Бар бәлені жаптырған.
Бажа қылып бауырды,
Жатырласты жат қылған.
Ұлыларға ұрылар,
Темір қақпан құрып жүр,
Пара алып сотталған,
Пара беріп шығып жүр.
Қоразынан қарғаның,
Аққу, қыздар туып жүр.
Сұлуларым СПИД-ті,
Тақымына тығып жүр.
Көреген ел біліп тұр,
Балық бастан шіріп тұр.
Іркілдеген ірілер,
Іштерінен іріп тұр.
«Жат жағадан алғанда,
Бөрі етекті түріп тұр».
О, Жаратқан! Бар болсаң,
Бай-кедейді біріктір!
Сиыр мүйіз өгіздер,
Күші болмай бұл қалды.
Өгіз мүйіз сиырлар,
Сүтті болмай бұл қалды.
Жиырма бірінші ғасырға,
Ащы-ащы сыр қалды.
Ақ-бөрідей ақыннан,
Айтып жүрер жыр қалды.
Кеше ғана кеміргендер- кетілген,
Кеше ғана жеңілгендер- жетілген.
Тойымсыздау бай болуы заңдылық,
Туылған соң кешегі құл-жетімнен.
Әке арқылы жетпей ұлдың жетесіне,
Ата-ана жүр тас тиіп шекесіне.
Иттен бөлек тезегі осы екен де,
Тілазары тілдеп жүр әкесін де.
Жабыларға қағылатын тағадай,
Тықыр тірлік есігіңді қағады-ай.
Жасап еді маймылдардан адамды,
Адамдарды маймыл қылған заман-ай.
Намыс үшін бастарын да тігетін,
Баһадүрлер бағаланбай жүретін.
Ағып түскір көзім көрді заманды,
Тек жезөкше нақ бағасын білетін!
Күні кеше құлдан туған сараңдар,
Алты аласын алу үшін амалдар.
Қиындықты бірге жеңіп шыққанмен,
Жемістерін бөлек жейді жамандар.
Белі бүкір беделімен жайлаған,
Майлы адамға толы айналам.
Көк қағазын көбік сөзбен көптіріп,
Арулардың ар-намысын лайлаған.
Ақсақалдар қайда кеткен ақылды,
Ұрпақтары ұнтақталып аһ ұрды.
Көшелерде көбейгенін көз көрді,
Байы тұрып, бай іздеген қатынды.
Жаратқанға-жалшымын,
Қырық өрім қамшымын.
Тәуекелге тәу еткен,
Тау бұзатын тамшымын.
Тұщы етіне тұз-дәріні екті де,
Баттастырып алып бетті де.
Боталамай, бошалады бойжеткен,
Белгісізбен будандасып кетті де.
Заманым-ай, елді салдың әуреге,
Пенделерді тең қылмадың, әу, неге?
Кейбіреулер Күн нұрына малынса,
Біреу зәру, Айдан түскен сәулеге.
Көке, атың сыйлы еді қауымыңда,
Қайда кетті сынайтыны тәуір ұлға,
Отыз күн ораза да бес айналды,
Бет сипаудан безіп жүр бауырың да.