ТҮРКІСТАННЫҢ КИЕЛІ ОРЫНДАРЫ – ТУРИЗМ БОЛАШАҒЫ

Көне қазақ жері қаншалықты кең және материалдық игіліктерге бай болса, оның рухани мәдениеті де асыл қазыналарға толы. Бұған халқымыздың қоғамдық-мәдени өмірінде ерекше орын алатын тарихи-этнографиялық мұралар, біздің заманымызға жеткен тарихи ескерткіштер, қастерлі есімдер т.б. дәлел. Түркістан облысындағы ежелгі тарихи, киелі орындармен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы екенін ұғындырады. Оның пайда болу тарихы, киелі орындармен танысу, елдік мәдениетімізді білетінімізді шетелдік туристерге, жастарға дәріптеудің де берері мол. Бұл орайда арнайы саяхат ұйымдастырудың ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды құрметтеуге тәрбиелеуде алар орны ерекше. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еліміз бен жерімізді, тарихи мол мұраларымызды сақтап қана қоймай, келешек ұрпақтың кәдесіне жарату, сонымен бірге бүкіл әлемге таныту мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу қажеттігін ұсынғаны мәлім. Осы тарапта атқарылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы елімізді танытуға тың серпіліс берері даусыз.

Жалпы бүгінгі таңда Түркістан облысында туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде. Көне қаланы туризм орталығына айналдыру мақсатында қолға алынып жатқан ілкімді істер көп-ақ.

Ислам дініне байланысты жазылған еңбектердің көпшілігінде әулие-әнбие ұғымдарына, мән- мағынасына көңіл бөлуге тырысқан. Мұндай әңгіме-аңыздар бір ғана дінге, әулиелікке байланысты айтылмайды, халық арасына тарап кеткен киелі жерлер жайындағы бақсы-балгерлік ұғымдар да осыған  жатады. Исламда әулиелердің ең үлкені пайғамбарлар мен сахабалар болып саналады.

Әулиелердің культі мұсылмандар­дың діни өмірінде ерекше роль атқарады. Бұл жөнінде Еуропада ең алғаш рет көрнекті венгр халқының шығыстанушысы М.Гольдшиэр (1850-1921) зерттеді. Ол өзінің ауқымды материалында негізінен әулиеліктің айқын бейнесін көрсетті, әулиелерді қастерлеу Ислам дінінде басқа діндермен наным-сенімдерінің өтуіне ыңғайлы арна болып дәлелденеді.

Түркістан өңірі киелі әулиелерге бай. Олар: Ибрагим ата, Қарашаш ана, Ысқақ баб, Ақбура, Баба Түкті Шашты Әзіз, Бәйдібек баба, Шілтер әулие, Жабай әулие, Ер Дәуіт т.б. Бұл әулиелердің барлығы қазақтың белгілі бір ұлысының және  пайғамбар ұрпақтарының мақтанышы. Осы сияқты қасиетті кісілерді Қазақстанның қай аймағынан болмасын кездестіруге болады.

«Әулие» араб тіліндегі “уәли” сөзінің көшпе түрі. Негізінен екі мағынаны білдіреді. Бірі – Алланың сүйікті құлы, яки досы. Алланың ең жақын адамы, екінші – қамқоршы, басшы. “Әулие” сөзі осы екі ұғымды да бірдей қамтиды. Бүгінде қасиетті, әулиелердің мазарына барып тәу етіп, зиярат жасаушылар қатары сиреген емес. Жан-жақтан бала көтермеген, денсаулығына шипа, дертіне дауа іздеген жандар Әлімтаудағы (Сарыағаш ауданы) Жабай батыр әулиенің басынан да үзілген емес. Талай жандар Алланың құдіретімен ауруынан айығып, сәбилі болып, қуанышқа бөленіп жатады екен. Әулиелерге сиыну, аруақтардың желеп-жебеуін тілеу, рухына табыну – қай халықта болмасын ертеден қалыптасқан дәстүр. Әулие Ислам дініндегі қалыптасқан дәстүр бойынша тау-тасқа, ағашқа, отқа емес, тек адамға қатысты қолданылатын анықтама. Оны дәлелдейтін Құран Кәрімнің Бұқара сүресіндегі Аятүл күрсіден кейінгі 258-і аятта әулие (яғни уәли) жөнінде «Алла уәлиу әллазина әману» (Алла – иман келтіргендердің досы),-дейді.

Ислам тарихында ешбір әулие көзі тірісінде  «Мен әулиемін» деп айтпаған. Ол әулие екенін өзі де сезіне бермеген, оны басқа сырт адамдар байқай бермеген. Тек ерекше қасиетті кісі дүниеден озған соң ғана өзінен кейінгі білетіндер, көз көрген замандастары, жалпы жұрт оның бойындағы өзге де кездесе бермейтін сапалық белгілері арқылы марқұмның әулие екендігі туралы ұғымдар қалыптастырған. Одан кейінгі ұрпақтар сол әулиені пір тұтқан, өмірден таршылық көріп, қысылған шақтарында Алладан медет, әулиеден көмек сұраған.

Әулие адамдар батыр да, басқа да болуы мүмкін. Әулие адам алдымен халыққа адал қызмет еткен, әсіре қызыл дүниені білмейтін, барлық жиған тергенін кембағалдар мен жетім-жесірлерге үлестіріп отырған, қиналғандарға көмек қолын созған. Былайша айтқанда олар халықтың рухани өкілі, жүрегі пәк, ойы таза адамдар. Әулиелерге халық басына қайғы-қасірет түскенде, қиындық болғанда сиынған, рухын өзіне демеу еткен. Қай халықта, қай дінде болмасын әулиелерге әрбір адам өзіндік тілектермен табынып, құдайы садақа беріп, өзіне көмектесуіне жалбарынады. Қазақстанда Орта Азия мұсылмандарының «Түркістанда түмен баб, Отырарда отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб, бабтардың бабы Арыстан баб» деп сиынатыны баршаға аян. Мұндағы «баб» – «ұлық», «әулие» деген ұғым береді. Солардың ішінде Арыстан бабпен қатар тұрған – Қожа Ахмет Иассауи. Сондықтан бұл әулиелердің алатын орны, беделі басқа әулиелерге қарағанда жоғары тұрады. Бұл әулие кісілердің аруағына тек қазақтар ғана емес. Ислам дініндегі барлық адамдар келіп, тәу етіп жатады.

Түркістан аймағы – қазақтың бай дәстүрлі мәдениеті қаймағын бұзбай сақтап отырған қасиетті мекен. Осында талай шаңырақта бабадан қалған жәдігерлер жеткілікті. Мәселен, Төле би ауданында атақты Төле бидің ұрпақтарының біреуінің үйінде бабаның киіз үйінің маңдайшасы, шекпенінің қалдығы сақталса, Сарыағаш ауданында бір шаңырақтың сандығында бабаларының қылышы сақтаулы. Ардақты тұлғалардың ұстаған заттарын кие тұтып, оған да жұртшылық тәу етіп жатады. Біз жоғарыда атын атаған Жабай  әулиенің ұстаған заттарын кие тұтып, оны қасиеттеп отырған ұрпақтарын көріп ризалық таныттық. Бұл да адамдардың әулиелікке табынуының бір көрінісі іспеттес. Жабай батырдың әулиелігіне қатысты біршама деректер ел аузында жақсы сақталған. Ол өзінің көріпкелдігімен жаудың елге шапқыншылық жасайтынын алдын ала біліп, тойтарыс беруге үндеп отырғанын көнекөздер айтып отыратын. Ұлы жүздің сіргелі руынан тараған Жабай батырдың елге белгілі кісі болғаны жөнінде Майлықожа ақын да өз жырында атап айтады. Бұл кісінің ұраны ауызбірлік, татулық, ынтымақ болған.

Жабай әулие жеті атаға дейін қыз алыспау, қыз беріспеуді, қан араластырмауды олардың азбауын қатты насихаттаған. Науқастарды даланың табиғи дәрумендерімен емдеп жазған.

Ал діндегі «әулиелік», «аруақтылық» дегеннің бәрі діни нанымдармен байланысты түсініктен туған. Әулиелікті дәріптеуде ел арасында мынандай да дәлелдер бар. Әулие адамдардың молалары мен күмбездерінің өзі-ақ олардың әулиелігін көрсетіп тұрады. Әулие кісілердің әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Сондықтан әулие деген атаудың алатын орны, беделі жоғары.

Қорыта айтқанда, өңіріміз Яссауи кесенесі, Домалақ ана, Арыстан баб, Отырар, Сайрам т.б. киелі жерлер мен қасиетті орындарға, әулиелі мекендерге бай өлке. Демек облыстың туристік әлеуетін көтеру басты маңызға ие. Таяу жылдарда бұл міндет те мінсіз жүзеге асып, туризм саласының қарыштап дамитыны күмән тудырмайды.

 

Ақбөпе Пошатаева,

Түркістан қаласы, №40 Алпамыс батыр атындағы орта мектептің  мұғалімі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.