Халық облыс әкіміне ғана сенеді. Неге?
Редакцияға «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің назарына!» деп өздерінің «Жанайғайы» жазылған хатын алып Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданындағы 195-орам , Нұршашу көшесінің екі тұрғыны келіпті. Көшенің бір топ тұрғындарының қолы қойылған хатқа: «Біз төменде қол қоюшылар, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының назарына біздің 6-7 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерімізді айтып және аталған мәселелердің оңды шешімін табуына пәрменді ақпал етуін сұраймыз», — деп жазыпты. Келген қала тұрғындары әкелген хатын сөзбе-сөз жариялауды сұранады. Және мақаланы «Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың назарына» деп жариялап, мақала шыққан газеттің облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қолына тиюіне ықпал етіңізші деп қиыла сұранды. Қала әкімдігінің бір мемқызметкер маманы мыңдаған адамның тағдырына қатысты тірлікті «мен шешемін, бәрі менің ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда» дегенді тура бетімізге «былш» еткізген соралығы облыс әкімі Ж.Түймебаевтың құлағына жетуі керек ғой деп күйінеді. «Олар өздерінің Әл-Фараби ауданы әкімінен де, қала әкімі Ғ.Әбдірахимовтың да баяғыла күдер үзгендерін ашық айтады. Қазір бізбен бірге көшеге шығыңызшы, екінің-бірі қарапайым халыққа жанашырлықты тек облыс әкімі Ж.Түймебаевтан ғана күтуге болады», — деп айтатынын өз құлағымызбен естисіз деп шыр-пыр болды редакцияға келгендер.
Біз ол кісілердің күйзелістерін түсіне отырып сабырға шақырдық. Оқырмандар «Жанайғайына» орай материал жариялайтынымызды уәде еттік. Газеттің облыс әкімі Ж.Түймебаевтың өз қолына тьиетіндігіне кепілдік бере алмайтынымызды айтып, біздің ондай құзыретке ие еместігімізді түсіндіргендей болдық.
Шымкенттіктер не деп шырылдайды?
Біз құқықтық мемлекет құрып жатқан елде тұрып жатқан жоқпыз ба? Оқырманға шағымданушылардың мұңзары сенімді де, түсінікті болу үшін, редакцияға тапсырылған хат мәтінін өзгеріссіз жариялдауды жөн көрдік.
«Көше тұрғыны Жанбай Анарбек 2013-2017 жылдар аралығында жылына ең кемі 3-4 рет арыз жазып, Әл-Фараби ауданына, Шымкент қалалық автомобиль жолдары бөліміне көшемізді асфальттату туралы арызданып келеді. Жауап әлі күнге дейін жоқ. Әрине, нәтиже де жоқ.
Қараңыз, біздің көшемізге дейін де, көшемізден кейінгі де көшенің жолдарына асфальт жабындысы төселген. Біз осы мәселені көтеріп Әл-Фараби ауданы әкімінің қабылдауында бірнеше рет болдық. Әкім болса: «біз транспорт бөліміне ұсыныс бергенбіз» деген сөзбен шығарып салады.
Осы күнге дейін қаланың транспорт бөліміне және аудандық бөлімге жазылған арыздарға жауап та қайтарылмады.
Біз тәуелсіздік алып, құқықтық мемлекет құрып жатқан жоқпыз ба? Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлерін «ҚР Азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздарын қабылдау және қарау тәртібі туралы» заңын өрескел бұзып отырғанын қалай түсінуге болады. Әлде, «шымкетшелеу» дегеніміз осы ма?
Президент айтқан: «Как бог, как царь» дегеннің біреуі шымкенттік пе?
Сарабдал саясаткер Елбасы мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің кейбірінің халыққа қазмет көрсетуде мансапқа мастанып, астамшылдық жасайтындығына ренішін білдіріп, олардың өздерін «Как бог, как царь» сезінетіндігіне әділетті түрде ащы сын айтқанына бүкіл ел тұрғындарының риза болғаны баршамызға аян. Амал не, жаманшылық жоюдың оңай еместігі көрініп қалатын болса, соның бірі тура Шымкенттен шаққан сияқты.
Көше тұрғындарының хатында: «Транспорт бөліміне көше тұрғындарының атынан барған азаматымызға аталған бөлімнің инспекторы Құрбанова Фарида деген ханым, «қайда барсаңдар онда барыңдар, сендерге жол төселмейді. Қайда, қай жерге жол төсеуді мен шешемін. Шымкент қаласы менің ашсам алақанымда, жұмсам-жұдырығымда» деп қайтарған. Сол 2012-2017 жылдардан бері осы бір ханымнан арызымыз өтпейді, ал жолымыз төселмейді.
Тіпті Әл-Фараби ауданының әкімі Б.Қалжановтың көшенің бір тұрғынының көзінше телефон соғып; «Фарида, біз бұл көшеге неше жылдан бері ұсыныс беріп келеміз, тұрғындардан да ұят болды» — деген сөзін елемейтініне не деуге болады?
«Как бог, как царь» болған бұл ханымға құрметті облыс басшысы Жансейіт Түймебаев мырза Сіз не дейсіз! Көше тұрғындары 2013-2017 жылдар аралығында қайта-қайта арызданып асфальт төсете алмаған көшенің кіре беріс жері «жол керек» деп бірде-бір жан арызданбай-ақ, Әл-Фараби ауданының әкімшілігі ұсыныс бермей-ақ судай жаңа асфальт төселгенін айтып шырылдайды.
Көше тұрғындары: « Бұл қалай? Бұл жерде «бармақ басты, көз қысты» деген жасырын дүние жатқан жоқ па? Айналдырған 350 метр жерге асфальт жабындысын төсету үшін 5-6 жылдан бері жылына 2-3 реттен арыз тастап, әкімнің қабылдауына кіріп нәтиже шығартқыза алмаймыз. Осының сыры баршаға түсінікті шығар» деп жазыпты.
Жұртшылықтың қала билігінен күдерін үзгені ме?
«Нұршашу» көшесінің тұрғындары: «Қосу -7» деп жазыпты. Ойтаразысына салсаңыз, әкім орынбасарына кіре алмау адам айтса сенгісіз сияқты емес пе? Бірақ, бүгінде басиесіз қалғандай болған Шымкент үшін өрескел жауапсыздықтың кәдуілгі өмір тынысына айналғанын қалың жұрт ренішті сөз ете бастағанын жоққа шығара алмаспыз. Сондықтан шығар, «Күншуақтың» тұрғындарының: «Баспасөз беттерінде жариялаған қала әкімі Ғ.Әбдірахимов пен оның орынбасарының азаматтарды қабылдау уақыттары жалған ба, сонда» деп сұрап жатқаны.
Жалпы әкімдік институты шыққалы бері Ғ.Әбдірахимовтың «командасындай» бірде-бір осал «команда» болған емес дегендер босқа айтылып жүрген жоқ шығар, әсте. Ел-жұрттың барын есіне алмайтын, өзін «данышпанға», «білгішке» жатқызып алған адамнан айналасына иненің жасуындай шарапат тимейтінін, тіпті ондайлардың өзгелер түгілі, өзіне қауіпті екенін мына өмірдің ағысы көрсетіп жатқан жоқ па? «Білгішсіген» Ғ.Әбдірахимов орынбасарлары, аппараттың басшылық құрамы бар, қала тізгінін ұстайтындарды Қызылордасы бар ма, қыр мен ойы бар ма қай-қайдағыларды жинап алмады ма? Оңтүстік қай жағынан алсаңыз да бір республикадан кем емес болса, Шымкент шаһарының салмағын содан кейін шамалай беріңіз. Демек, бұл – әкімнің қаланың қадірін білмегендігі. Осыдан кейін «команда» жұмыс істей ала ма? Қала әкімі «Командасы», әкім аппаратының дәл қазіргі кезеңдегідей «далада қалған» кезі болған жоқ шығар. Мынандай фактілерден кейін жұрт қайтіп сенеді, қала билігіне. Әкімнің орынбасарын қала тұрғындары танымайды деуге болады. Әр қаламгердің «Қайран Нұртай, қайтатын уақытың болды ғой» тақырыбында сараптамалық сыни материал дайындау үстінде деген сөз босқа айтылып жүрген жоқ шығар.
Тұрғындар көшенің өзіндегі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар санының күн санап көбейіп отырғанын айтып, кешке қарай 70-80-ге жуық ойын баласының көшеге шығатындығын көрсетеді. Ойын балаларына арналған спорттық-ойын алаңшасын салып беруді өтініп Әл-Фараби ауданы әкімдігіне арызданғандарына 2 жылдан асса да не нәтиже жоқ, не бір тұщымды жауапта жоғын айтып шырылдайды. Спорттың бұқаралығын дамытуға жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетуге тиіс болса, ондай қамқорлықты қашан көреміз деп күйінеді шағымданушылар.
Сорпасы сорғалаған сорақылықтар – Шымкентте қорқыныш емес
Тағы да сөзді «Жанайғай» жасаушылардың өзіне берейік. «бадам ауылдық округінде орналасқан №84 жалпы орта мектепке балаларымыз білім алуға барады. Ондағы жағдай, тіпті адам шошырлық. Мектеп ішінде ауыз су жоқ. Әлі күнге дейін құдықтан алынатын піспек (качалка) суын пайдаланады. Мектептің жайы есімізге түскенде, біз қай ғасырда, қай қалада өмір сүретіндігімізді түсінбей қаламыз. Піспектің суын ауыз су ретінде пайдалануға болмайтындығы туралы СЭС мамандарының қорытынды бергеніне де 10 жылдың көлемі болды. Мектепке, мектеп ауласына таза ауыз су кіргізіңдер деп барған ата-аналарға мектеп директоры «оған қаржы қарастырылмаған» деген жауаппен қайтарады. Қаржы бөлінгенше қанша бала түрлі жұқпалы ауруларды жұқтыруға тиіс».
Халықтан төзімді, жуас болғаныда шығар. Бірақ, мына жерде өздерінің бала қамын ойлап шырылдаған үндеріне құлақта аспай отырған «бишікештерді» «тобасын келтіру» сол ата-аналардың қолынан келеді ғой. Жала жаппа, факті бар. 10 жылдан бері «былқ» етпейтін мектеп әкімшілігі мен аудандық қоғамдық денсаулық басқармасын сотқа бер. Заң аясында шешім де қабылданады, жолын ұстатпай жүрген тірлікте оң шешімін табатын болады. Әкімдік атаулыны «Нысана» ете бермей, бір сәт өз құқығымызды қорғауға да болатын шығар.
Бұл жақтың балаларының мектепке барып-қайту жолдарына жолаяқ (тротуар) жасалмағанына тұрғындар қатты алаңдаушылық білдіреді. Сонда й-ақ, көше шамдары дегеннен хабарсыз, облыс орталығына 300 шақырым өмір сүретіндердің «күні бізден артық» деп күйінеді. Ондаған көше тұрғындарының қолы қойылған хатын:
«Құрметті облыс басшысы! Біз көтерген өзекті мәселелер мен заң бұзушылықтарға өз назарыңызды аударуыңызды және оңды шешімін табуға ықпал жасасаңыз деген үмітпен халық Сізден көмек сұрайды» — деп аяқтапты. Жоғары атқарушы органның қызметіне төрелік айтуға құқымыз жоқ болғандықтан, бәріне төреші уақытты да күткен жөн шығар. Қала әкімдігінен үмітін үзген жандардың ендігі сеніміне де селкеу түсіп қалмасыншы деген ойымды да жасырғымыз келмейді.
Қалың ел қайтіп, облыс әкімін іздеп шырылдамайды?
Бүгінде редакцияға мақтаарал жақтан кемдегенде күніне 1-2 одан да көп «звонок» келетін болды. Оның себебі, газетіміздің 22.07.2017 жылғы №27 санында «Қорық Құдайдан, қайт райдан» (балашағаны напақадан айыру ма?) тақырыбымен жарияланған сыни материал болып отыр. Мақалада ауданның Жылысу ауылдық округінде бір күнде дала диқандарына каналмен су жеткізіп беретін екі бірдей ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, ел-жұртты әуресарсанға салып қойылғаны жазылып еді. Соның бірі – «Береке -2050S» АШӨК заңбұзушылықпен құрылғаны нақты фактілер келтіріліп жазылған болатын. Мұндағы заңбұзушылық қарапайым көзге көрініп тұрса да, «бай-бақуаттының санатына есептелініп, бейлікпен байланысты күшейтуге мүмкіндігі жетерлік делінетін «Береке -2050S» АШӨК жалған құжаттармен қолдан құрушы С.Адамбековтың жосықсыз тірлігіне аудан басшылығы тарапынан тоқтам салынбай отырғаны ешкімд бейжай қалдырмайтындығы анық. Жылысу ауыл округі әкімі А.Қасымбеков С.Адамбековтың «Береке -2050S» АШӨК құруға ешқандай «Ұсыныс хат» бермеген. Бірақ, Жылысу ауыл округі әкімінің қолы қойылмаған және ауыл әкімдігінің бұрынғы ескі мөрі басылған «Ұсыныс хатты» жасап алушылар бір ауданды шулатып отырғанына не дерсің?