ШАРДАРА ӨҢІРДЕГІ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛАДЫ

Түркістан облысының құрылуы ел тарихындағы елеулі оқиға болды. Кезінде Түркістан облысына сапар жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі тарихи Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім.

Оның бірі – экономикалық аймаққа қатысты болса, екіншісі – Түркістан қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы болатын. Енді қасиетті қалада туризмді кешенді түрде өркендетуге барынша көңіл бөлінуде.

Мұндай шешім облысымызға келетін шетелдік туристердің санын еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде Түркістанға келген туристердің пайыздық көрсеткіші өсіп отыр.

Ата-бабаларымыз ежелден саят құрып, жүйрік жарыстырып, құсбегілікті жоғары бағалаған. Теңіздің қадірін білген. Осынау ізгі қасиеттерді жаңғыртатын іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын Шардараның жағалауы шетел туристерін қызықтыратын орынға айналуы тиіс және осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бір кездері мұзбалақ ақын Мұқағали жырлаған «Шалқадан жатқан Шардараның» бүгіндері тебіреніп, тербеліп, шабыттанып жатқан жайы бар.

Қазақстан Республикасы-ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел дамуының даңғыл жолын айқындап берген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында туризмді дамытуға айрықша назар аударғаны тегін емес. «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп Елбасымыз атап өткендей, болашақта Қазақстанда туризм өңірлік ғана емес, жаһандық сипат алуы керек. Ол үшін, яғни, еліміздегі туризмнің өркендеуі үшін тарихи және туристік орындарымызды лайықты дамыта білсек, мемле­кеттік бюджет толығып, әлеу­меттің әл-ауқаты көтерілер еді.

Бірер жыл бұрын өткен «Safari Shardara» фестивалі де Қызылдың құмы мен Шардара су қоймасының жағалауында, жалпы өңірімізде туризмді дамытуға мол мүмкіндік

бар екенін көрші елдерге де насихаттайтын шара болды.

Фестивальдің мақсаты – өңірдің туризм әлеуетін көпшілікке таныту болатын. Біз осы іспетті игі шаралар арқылы шағалалы Шардарада желкенді қайық спорты мен ат пен түйе жарыс, құсбегілік сынды ұлттық спорт түрлері мен өзге де ата кәсіптерімізді жаңғыртуды көздеп отырмыз. Бұл – өңіріміздің бизнес ахуалын жақсартуға және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атылған туған жерге тағзым етумен қабысып тұр.

Кешегі бұйығып жатқан құм қойнауы табиғи әлеуеті мен артықшылығы өзге аудандардан ерекшеленіп тұратын, бақ қонып, қыдыр дарыған құтты мекенге айналды.

Осы ерен еңбектің нәтижесінде Шардара ауданы республика көлемінде экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы аудандар сапында көріне білді. Бүгінде Шардара ауданы экономикасы қарқынды дамып, туризмі қайта түлеп келе жатқан аудандардың қатарында саналады.

Шардара қаласы өзінің жарты ғасырлық тарихында талай белестерді артқа қалдырып, қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатыр. Жаңа шағынаудандар, тұрғын үйлер, көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде, көшелер мен саябақтар абаттандырылды.

Шардара таяу болашақта Орта Азияның туризм орталығына айналары сөзсіз. Ал, саяхаттан ақшаны аямайтын еуропалықтарыңыз аңыз орнын көргенді, білгенді, эстетиканы сүйетін халық. Ал Шардара – нағыз экзотика!

Бүгінгі Шардараның тарихы тым тереңде жатыр. 1959-1963 жылдары Шардара су қоймасы аймағындағы ескі қамал-қорғандар мен үйінділері ғана қалған қалашықтардың орнына археологиялық зерттеулер жүргізген ғалымдардың «Ежелгі Шардара» атты ұжымдық жинағында біздің дәуіріміздің I-XIII ғасырлары аралығында Шардара аймағын мекендеген тайпалар туралы жан-жақты дерек айтылады. Өмір сүру кезеңі осы ғасырларға жатқызылатын Сүткент қалашығы мен біздің дәуіріміздің III-VIII ғасырларында тұрғызылған деп есептелетін Жаушықұм қалашығы да осы аудан аумағында орналасқан. XIV-XV ғасырларда Ақсақ Темірдің әмірімен тұрғызылған Ұзын ата кесенесі көненің көзіндей сақтаулы тұр.

Шардараның елімізге кеңінен танымал болған тұсы – өткен ғасырдың екінші жартысында басталған жасанды су қоймасын салу, Қызылқұм алқабын игеру, суармалы егістік алқаптарын ұлғайту сияқты кең қанатты құрылыс жұмыстарымен тікелей байланысты. Бір миллион гектардан астам жайылым жері, жан басына шаққанда 1 гектардан келетін суармалы жері, су қоймасы, қуатты электр стансасы, ауданды қақ жарып Аралға дейін ағып баратын дариясы – Шардараның ірі байлығы.

Айтса – айтқандай, Қызылқұмның етегін баса орналасқан су қоймасы қазіргі таңда туризмді дамытудың негізгі көзіне сұранып-ақ тұр. Осы орайда әр ауданның өзіндік мүмкіндігін паш етуге мотивация беріп отырған Түркістан облысы әкімдігіне алғыс айтқымыз келеді.

Шардара – тарихи әрі шежірелі мекен. Ғалымдардың пайымдауынша, аудан орталығы Шардара қаласының атауы парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабы, керуен жолдарының түйіскен жері болған.

Шардара ауданы – потенциалы жоғары, туризмді дамытуға лайықты бірден-бір аймақ.

Шағалалы өңірде туризмді дамыту мақсатында Шардара су қоймасы жағалауындағы орман қоры санатындағы жалпы көлемі 255 гектар жер учаскесі елді мекен санатына ауыстырылды. Енді осы аумаққа инфрақұрылым тартылуда. Бұл мақсат жүзеге асып, ауданға инвестиция тартылғанда 60-тан астам нысан бой көтермек. Нақтырақ айтсақ, таяу жылдары теңіз жағалауының бойынан 20-дан астам қонақүй, яхт-клуб пен мейрамханалар, 3 балалар лагері мен аквапарк, 2 аңшы және балықшылар үйі бой көтеріп Шардара жоғарыда айтқанымыздай Орта Азиядағы туризм орталықтарының біріне айналады.

Ал 1967 жылы Шардараның су электр стансасы бүкілодақтық екпінді құрылыс алаңына айналып, Қызылқұм алқабын суландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, бұған дейін энергетиктер поселкесі деп аталып келген «Сырдария» поселкесі 1968 жылдың тамыз айынан ресми түрде «Шардара қаласы» деп аталды. Қызылқұм өңірін игеруде ерен еңбектің үлгісін көрсете білген ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың қажырлы еңбегінің арқасында осындай шалқар теңізі бар шежірелі Шардара қаласы аяққа тұрды. Аяққа тұрып қана қойған жоқ, сонымен бірге ақ маржан күріш егуде, асыл тұқымды мал өсіруде бүкіл республикаға атағы шықты.

Шардара су қоймасының құрылысы басталған кезде сол кездегі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген құрылысшылар, инженерлер, тағы да басқа азаматтар бір үйдің баласындай еңбек етті.

Шардара – шөлейтті мекен. Құмының сусып тұрғанына қарамастан, мұнда жусан, селеу, сексеуіл, жантақ, жыңғыл, баялыш молынан кездеседі. Сырдария бойы қалың қамыс. Тораңғыл,  жиде дегеннен көз сүрінеді.

Осындай тұмса табиғатты қасқыр, түлкі, қарсақ, ақбөкен, қарақұйрық, борсық, шибөрі, жабайы шошқа, қаз, үйрек, қырғауыл, қасқалдақтар мекендейді. Құмдағы тізбектелген түйелер керуенін көрсеңіз…

Түйе демекші, бұл жаунар европалықтар үшін жұмбағы басым түлік. Америкалықтар көріп жүрген ламадан әлдеқайда үлкен. Керіктен (жираф) кіші, Орта Азиядағы  3-4 республикада ғана кездеседі. Шөлге шыдамды. Жануардың қасиеті жайлы ел аузында неше түрлі аңыз-әңгімелер бар.

Керей ханның үшінші баласы Бұрындық жауға қарсы шуда жүні желкілдеген алып бура мінбеуші ме еді? Шыңғыс Айтматовтай заңғар жазушының «Боранды бекетінде» жау қолына түскен ұлын құтқару үшін Найман-ана да ақ інген мініп келетін еді ғой… Оралхан Бөкейдей маңғаз жазушының «Бота жетектеген қызы» есіңізде ме? 12 ай көтерген ботасын жоқтап, тұлыпқа иіген  Аруана…

Мұның бәрі сырға тұнып тұған аңыз ғой! Саяхатқа келген жандарға әдемілеп тұрып, майын тамызып әңгімелеп берсек… түйемен серуендетсек… суға шомылдырып, балық аулатсақ… Шардараның тағы бір кереметі – мұнда сыйымдылығы 2,5 млрд. текше метр болатын су қоймасы бар. Жергілікті халық оны теңіз дейді.

Тарқата айтқанда, Шардара ауданының туристік әлеуеті жоғары. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аса ауқымды. Бүгінде Түркістан облысында туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасына орай да қолға алынып жатқан ілкімді істер баршылық. Демек таяу жылдарда шежірелі Шардара өңіріміздің басты туристік орталықтарының біріне айналып, абат мекенге ат басын бұрушылардың аз болмайтынына сенім мол. Демек өңір туризмін өркендетуде тың серпін бар десек, артық айтқандық болмас. 

С.Лаханов,

Шардара ауданы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.