Шымкентте өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, тұрғынның 2 700 000 теңгесін иемденіп кеткен азамат анықталды

Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреулер ұялы телефонына қоңырау шалып, өзін банктердің бірінің қызметкерімін деп таныстырған. Содан банк қызметкері жүйедегі қауіпсіздік деректерін жаңарту керектігін айтып, азаматшаның құпия деректерін біліп алған. Арада уақыт өткенде, телефонына хабарлама келген тұрғын өзінің атына 2 700 000 теңгеге несие рәсімделгенін біліп, тәртіп сақшыларына жүгінген.
Хабарды алған полицейлер аталмыш жайтқа қатысы бар азаматты іздеуге кірісті. Абай АПБ-ның Криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген жан-жақты тексеру жұмыстарының нәтижесінде, алаяқтық жасаған азамат қала аумағынан ұсталып, басқармаға жеткізілді. Ол 20 жастағы Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Егер де, Сізге белгісіз тұлға өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, Сіздің қартаңыз бұғатталғаны немесе Сізге бонустар есептелгенін хабарласа, картаның нөмірін, пин-кодын хабарлауды немесе жақын жердегі банкоматқа барып, картамен қандай да бір қызмет жүргізуді сұраса, сенбеңіз. Банкке хабарласып болған жағдай туралы айтып, жағдайдың анық-қанығын анықтаңыз. Барынша сақтық шараларын ұстаныңыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.