ҚҰРЫЛЫСТА ҚАРҚЫН БАР

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бес жүз мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Түркістан қаласы күн санап көркейіп келеді. Араға берер ай салып барған адам қаланың келбетін танымай қалуы мүмкін. Сонадайдан көз тартатын сәулетті үйлер мен төбесі көк тіреген көпқабатты ғимараттардың қатары артқан.  Әр-әр жерден мойны қылтиып көрінетін алып крандар мен құмырсқаның илеуіндей құжынап жатқан құрылыс жұмыстары киелі қаланың болашағын бұдан да көрікті етудің қарекетінде жүр.

Иә, тарихы тым тереңде жатқан көне қаланың, кімдердің ізі қалмаған киелі шаһардың жаңа да жасампаз келбеті осылай жасалып жатыр. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, соңғы үлгідегі сәулетті құрылыстар мен заман талабына сай зәулім сарайлар, төбесі көк тіреген көпқабатты үйлер… Жұмысы қыз-қыз қайнаған құрылыс нысандарына қарап, біз бұл қаланың алдағы он-он бес жылдағы жаңа келбетін көз алдымызға елестеткендей болдық. Иә, келер күннен жақын жоқ, ары кеткенде тағы жарты ғасырда бүгінгі сәттер өшпес тарихқа айналатыны анық.

Рас, Түркістан десе түркітілдес халықтардың оған деген құрметі бөлек. Әсіресе, Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл қаланы рухани астана етудің алғышарттары сол кезде-ақ басталып жүре берді. Көптеген құрылыс нысандары қолға алынды. Соның ішінде «Керуен сарай» кешеніне толығырақ тоқталар болсақ, оның аумағы 188 гектарды алып жатыр. Алып жоба Үндістан мен Иран базарлары сияқты, саябақтар мен фонтандары бар тұтас қала болады. Сондай-ақ кешен ішінде қайықпен жүзетін су арналары салынып, туристердің алаңсыз дем алуына барлық жағдай жасалады. Жоба құны қырық миллиард теңгегеге жетеқабыл.

Жалпы, аймақта туризмді дамытуға 320 миллиард теңге инвестиция тартылып, оған әуежай, қабылау орталығы, бес жұлдызды қонақ үйлер мен 30-дан астам түрлі тарихи-мәдени, әлеуметтік кешендер салынды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, даму кезеңі 2050 жылға дейін есептелген. Негізгі деген нысандардың көбі алдағы бес жылдың ішінде салынып бітеді.

Жаңа қала салып жатқан құрылыс­шылардың қарқыны жаман емес. Түркістанда тұрғын үй кешендері де көптеп салынып жатыр. Нақты деректерге сүйенсек, тек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бес жүз мың шаршы метрден астап үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылдың он айында 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2,2 пайызға ұлғайған екен. Бағдарлама аясында барлық қаржы көздері есебінен 232 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан болса, ол 12 727 пәтерлі 853,4 мың шаршы метрді құрайды. Ағымдағы жылы бюджет есебінен 42 тұрғын үй құрылысын тапсыру жоспарлануда. Осылайша 161,1 мың шаршы метрді құрайтын тағы 2 645 пәтер пайдалануға беріледі деген сөз. Нәтижесінде 549 көп балалы аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал отбасылар баспанамен қамтылмақ. (СУСН 155 пәтер, көп балалы 394 пәтер). Ал, 2 096 отбасы жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіншілігіне ие болады.

Жалпы облыста 1 483 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 1 326 үйге мүлік иелерінің бірлестігі (ОСИ) немесе жай серіктестік (ПТ) құру қажет етеді (157 үй коммуналдық меншікте болуына байланысты талап етілмейді).

Бүгінгі таңға, қажетті 1 326 басқарушы ұйымы толық құрыл­ды, оның ішінде 34 мүлік иелері­нің бірлестігі, 1 292 жай серіктестіктер.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекет бірқатар бастамаларды қолға алып отыр. Осылайша үй алуға мүмкіндік беретін алғашқы ипотекалық бағдарламалар дүниеге келді. Бірақ соның ішінде мемлекет тарапынан баспана саласына жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі деп 2004 жылы бекітілген тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған бағдарламаны айтуға болады. Кейіннен араға үш жыл салып кезекті бағдарлама қолға алынды. Ал 2012 жылы «Қолжетімді баспана» өмірге келді. Осылайша халықта таңдау көбейді. 2016 жылы қолға алынған «Нұрлы жер» арзан ипотекалық шарттарды ұсына отырып, тұрғын үй құрылысының дамуына, көпшіліктің көптен арман еткен пәтерінің кілтін иеленуіне жол ашып берді.

Бұл бағдарлама арқылы мұқтаждар ғана ала алатынын ескерсек, мемлекет одан өзге азаматтарды да естен шығарған емес. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс істейтін барша азаматтың баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарламаның іске қосылатынын хабарлады. «Әр жұмыскер несиеге үй ала алатындай, кейін осы қарызды отбасының мүмкіндіктеріне қарай төлей алатындай арзан ресурсты ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан мен «7-20-25» деп аталатын бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Яғни, Қазақстанның әр жұмыс істейтін азаматының мына шарттармен теңгемен ипотекалық қарыз алуға мүмкіндігі болады: кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан жоғары болмайды. Егер банктер бүгінде алғашқы жарнаның 30, кейде 50 пайызын талап етсе, осы бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20 пайыздан аспауы керек. Ай сайынғы төлемді азайту үшін кредит мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жыл» деп қуанышты хабарды жеткізген еді.

Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баспана нарығындағы мәселелерді жиі қозғап, оны шешу жолдарын ұсынып келеді. Бұл жұмыстар жеміссіз де емес. Соңғы жылдары бұл салада жағымды динамика байқала бастады. Мәселен, егемендік алған алғашқы жылдары еліміз бойынша сексен мың пәтер берілген болса, одан кейінгі он жылда бұл он есе көбейген. Жалпы онжылдықтар көрсеткішімен айтар болсақ, 1991-2000 жылдары 34,5 млн. шаршы метр, 2001-2010 жылдары 56,5 млн. шаршы метр, 2011-2020 жылдары 76,9 млн. шаршы метр үй пайдалануға берілген.

Осы тұста жыл өткен сайын пәтерлердің көбеюіне әсер еткен фактор жайлы да айта кету керек. 2004 жылдан бастап 2005-2007 жылдарға арналған тұңғыш тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жасалған болатын. Әсіресе, орта санаттағы, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды баспанамен қамту басты мақсат еді. Сөйтіп, қарқынды құрылыс жұмыстары басталып, баласы бар жас отбасы, мемлекеттік орган қызметкерлерлері, мемлекеттік қызметшілер бірінен соң бірі пәтер кілтін қолға алып жатты. Бұл тенденция әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бар болғаны 2005-2007 жылдардың өзінде тұрғын үй құрылысына жалпы алғанда 1113 млрд. теңге инвестиция құйылған. Тіпті, жоспардан асырып, 15,8 млн. шаршы метр емес, 17,9 млн. шаршы метр пәтер беріліпті. Бұл бағдарлама кейіннен әр жылдарға созыла берді. 2012 жылы ұзақмерзімді «Қолжетімді баспана» өмірге келді. «Нұрлы жолдың» мақсаты да осындай болды.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында 2025 жылға дейін барлық қаржыландыру көзде-рінен 240 тұрғын үй (15064 пәтер, 793,8 мың шаршы метр) пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бүгінде осы бағытта жұмыс атқарылып

жатыр. Түркістан қаласында былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны

12 мыңнан асқан. Осы бағытта жаңа әлеуметтік үйлердің қатарын көбейту жоспарланған. Өткен жылдың соңында кезекте тұрған 440 мұқтаж азаматқа пәтерлер тапсырылды.

534 пәтер несиемен рәсімделіп берілсе, 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 336 пәтер «Отбасы банкі» арқылы пайдалануға берілген.

Рас, Түркістан топырағында жасампаздықтың үлгісін көрсетіп жатқан құрылысшылардың бүгінгі ерлікке бергісіз еңбегі дәл қазір елеусіздеу көрінуі мүмкін, бірақ, шын мәнінде олар өздерінің осынау еңбегімен, күндіз-түні тынбай жасап жатқан әрекеттерімен болашақтың іргетасын қалап жатыр. Демек, еліміздің өркендеп-өсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген құрыш білекті құрылысшылардың ерен еңбегін қалай дәріптесек те жарасады.

Ерлан ТӘЖИЕВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.