ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ ӘЛЕМДІК ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

Еліміз көне  ecкeрткiштeргe,  киeлi жeрлeргe өтe бaй. Қазақ жеріндегі қасиетті орындар сан ғacырлaрдaн бeрi сақталып келеді. Бүгінде рухани астанамыз – Түркістанды туризм орталығына айналдыру үшін көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ал Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап Республикалық музей ретінде құрылған «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейін» айтуға болады.

Тарихи музей қорына қазақ хандарының зираттарын, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазарын, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т. б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, қала басындағы тарихи музейлер мен тарихи-мәдени орталықтар да  туристерді өзіне тартатын тамаша тарихи жәдігерлер.

Ал  Күлтөбе қаласы – қазіргі Түркістан қаласының ескі орны. Бүгінгі таңда ескі қаланың жоғарғы қабатының тарихи белгілері бұзылғанымен,  туристердің бұл орынға деген қызығушылығы жоғары.  Өйткені осы Күлтөбеден Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын дәлелдейтін деректер табылған.

Жалпы өңірімізде мұндай киелі орындар өтe көп. Coлaрдың eң бeлгiлілeрiнe Aрыcтaн бaб, Қoжa Axмeт Яccaуи, Қaрaшaш анa, Ибрaгим aтa, Ақмешіт үңгірі т.б. жатқызуға болады.

Ибрагим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Ақсу ауылы жолында, Сайрам ауылының шетінде,  биік төбеде орналасқан кесене ХVI-XVII ғасырларда салынған. Бірақ кейіннен құлап қалған соң  XIX ғасырда қайта тұрғызылды. 1950- ші жылдары қатты жер сілкінісі кезінде  кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалғанын да білеміз.

Халық арасында Ибраһим атаның әулиелігі жайлы аңыздар кең  тараған. Жалпы Ибрагим ата кесенесінің алаңы 7,2х7,2 м, ал ұзындығы – 8,25 м. Ғимарат бір орын-жайы бар екі деңгейлі болып келеді. Оңтүстік жағында кіреберіс, батыс жағында ағаш жақтаулы терезе орналасқан. Ішкі қабырғалары әрленген, еден кірпішпен қапталып,  үстінен цемент араластырылған балшықпен сыланған. Ұзақ уақыт бойы жолдың шетіндегі төбеде тұрған кесене қатерлі жағдайда болды.  Бүгінде бұл әулиелі орынға зиярат етушілер мен туристер де  жиі келеді.

Ал Арыстан баб кесенесі –  Отырар жеріндегі  көне сәулет ескерткіштерінің бірі.   Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан баб ата кесенесінде  дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелер бар. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12- ғасырда салынса, мазар 14- ғасырда қайта жөндеуден өткен. Арыстан баб кесенесінің 20- ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен біршама қайта қалпына келтірілгені де белгілі. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс  жүрген уақыт деп көрсетілген.

Кейбір зерттеушілер Арыстан бабтың ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргенін тілге тиек ете отырып, оның кесенесі Арыстан баб дүние салған соң іле-шала тұрғызылған деген  де жорамал айтылады. Алайда бізге жеткен қазіргі кесенеде ХІІ ғасырдың белгілері жоқ. Бұл арада біз ислам дінінің алғашқы кезде қабір үстіне төбесі жабық құрылыс тұрғызуға тыйым салғанын есте ұстағанымыз жөн. А.Черкасовтың жазбаларында Арыстан баб кесенесі әулие және шәкірттері жатқан екі бөлмеден, сондай-ақ алдындағы бастырмадан тұрғаны айтылған. Бұлардың жобасы ХІV ғасырдың құрылысына сай келеді.   Бұған қоса халық арасында кең тараған мынадай аңыз бар:

«Қожа Ахмет кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні алып жасыл өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға тағы да қайталанып, бәрі үйілген төбеге айналады. Бұл жайт Әмір Темірді көп ойландырады. Түсінде бір шал келіп, аян береді, ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы, Арыстан баб моласының үстіне мазар көтеруге әмір ететінін жеткізеді. Бұл талап орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы құрылысын ойдағыдай аяқтайды».

Арыстан баб қабірханасының едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Тігінен көтерілген қабырғалары бір биіктікте сәулет өнерінде «желкен» деп аталатын өріммен иіліп барым күмбезге ұласады. Күмбез ауқымы кең һәм биік етіп тұрғызылған. Қабірхананың есігі күнбатысқа, дәлірек айтсақ, Меккеге бағышталған. Бұл қасиетті қабірлерге тағзым етудің мұсылмандық ережелерінен туындайды: зиярат етушінің беті сағанаға, арқасы құбылаға қарауға тиіс болған.

Ал Ахмет Яссауи  ғимаратын  ХІV ғасырда аты көпшілікке мәлім болған Әмір Темір салдырғанын білеміз.  Қазіргі кезде бұл жер тек Түркістан облысы  ғана емес, бүкіл Қазақстан мен  түркі халықтарын, тіпті шетелдік туристерді  қызықтыратын туристік  орын болып табылады.

Орта ғасырларда бой көтерген кесенеде қазақтың 21 ханы жерленген деседі. Осы тұста Қарашаш ана кесенесі турасында да аз-кем айта кетер болсақ,   оның алғашқы нұсқасы XIII ғасырға  жатады да,  қазіргі кесене XIX  ғасырда бой көтерген. Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі, ол Мұсаның қызы  болған. Түріктер арасында кең  таралған Қарашаш анаға  сыйынып келушілер аз емес. Сайрам ауданында орналасқан бұл кесене күйген кірпіштен жасалған. Кесенеде Қарашаш ананың мәйітімен бірге туыстары Ибрагим қожаның, Сүлеймен қожаның, Салим қожаның және Дәуіт қожаның мәйіттері қойылған.

Өңірегі  осындай киелі  орындардың бірі –  Бәйдібек  ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыз бойынша  бұл жерде бағзы дәуірде жерасты  мешіті болған екен. Ортадағы алаңнан бірнеше қамалдарға жолдар жалғапты. Кейін сол жолдар бітеліп, мешітке адам кіре алмай қалған.  Қазіргі таңда бұл үңгірге келушілердің аяғы үзілген емес. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етіп келеді.

«Ғайып ерен қырық  шілтен»  туралы да бірер сөз.  Төлеби  ауданынан  Қазығұрт   тауына   қарай   кететін   жол бойындағы  Әңгір ата ауылының маңында орналасқан  Шілтер ата  әулиеде шұрық   бастау (суы құлаққа  ем), өңеш бастау (суы тыныс жолдары мен  кеңірдекке шипа) және көз бастау (суы жанарға  дәру) бар. Шындығында  облысымызда  киелі орындар өте көп.

Өңірдің аудан-ауылында да  көне кесенелер жетерлік.  Айтқандай, 2014 жылғы Бодрумдағы Түркі кеңесінің саммитінде Елбасы дүниежүзіне, барша түркі мемлекеттеріне ортақ туристік өнім ұсыну және оны «Заманауи Жібек жолы» атауымен таныту идеясын айтқан болатын. Осы әдемі ұсыныстың негізінде үлкен шаруа атқарылып, бұл жобаның аясында Түркістан аумағына  көптеген  шетелдік туристер келіп, қонақ болды. Айтайын дегенім, осы жоба алдағы күнде де  қарқын алып, өңірге ағылатын саяхатшылардың қатары көбейсе, өңірдің туристік әлеуеті де арта түсетіні анық.  Ақиқатын айтсақ,  Түркістандағы киелі жерлер  Қазақстанның туризм саласын дамытуға сүбелі  үлес қосып-ақ жатыр.

Өңір басшылығы да бүгінде Түркістанды түлетуге, туризмді өркендетуге мүдделілік  танытып отыр.  Мәселен,  таяуда ғана өткен  «Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Түркістан облысының дамуы туралы» брифингінде  сөйлеген сөзінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев  рухани астанада  инфрақұрылымды дамыту, өңірді газдандыру, туризм, Түркістан қаласының құрылысы мен болашақ жоспарлары, ауыл шаруашылығындағы жобалар, қуаңшылық, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, қолжетімді баспанамен қамту  сияқты т.б. түйткілді сауалдарға жауап бере отырып:

«Елбасымыз Түркістан қаласының туристік орталық ретінде жандануына тікелей қолдау көрсетіп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен қасиетті мекен бүгінде рухани және мәдени, сонымен бірге туризм кластеріне үлкен сұранысқа ие болып отыр. Дамудың жаңа сатысына көтерілген Түркістанның жаңа мәдени-әлеуметтік және әкімшілік орталығында түрлі ғимараттар бой түзеп келеді. Енді Түркістан түркі жұрты ғана емес, дүние жүзі туристері келетін шаһарға айналды. Осы жетістіктердің бәрін тәуелсіздіктің жемісі деп санаймын»,- деген  болатын. Айтса айтқандай, қазіргі таңда  Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыс жалғасын тауып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып та  жатыр.

Түркістан таяу болашақта туризм орталығына айналады. Қалада бұл салаға тың серпін беруге жаңа мүмкіндіктер туып, жаңа жобаларға жол ашылуда. Жалпы Түркістанға,  рухани астанаға еліміздің әр аймағынан, әлем елдерінен ағылып жатқан туристердің қатары қалың. Күніне 500-600 турист келсе, демалыс күндері мыңға жуық турист Түркістанға ат басын бұруда.

Түркі әлемінің бесігіне айналған Түркістан күн санап, көркейіп келеді. Шығыс үлгісінде бой көтерген жаңа нысандар туристердің көзайымына айналды. Әсіресе туристер қаланың орталығына орналасқан туристерге қызмет көрсету орталығында көп бой көрсетеді.  Мұнда келуші кез келген азамат тегін интернет желісі мен компьютер арқылы құжат рәсімдей алады. Орталық коворкинг, кітапхана, кафетерий, 3 сувенирлік дүкен, демалу бөлмесі мен автотұрақпен қамтамасыз етілген. Туристерді таң қалдырып, барынша ыңғайлы қызмет көрсетуге орталықтың гид қызметкерлері де төселіп қалды. Олар бірнеше тілді жетік меңгерген арнайы білімі бар мамандар.

«Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі. «Визит» және «Ұлы дала елі» орталығына, тарихи қаланың өзге де туристік мекендеріне  күн сайын жүздеген қонақ келеді.

Өңір басшылығы да  Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне баса назар аударып, айналысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді, кесененің басты күмбезі мен аумағы толықтай жаңартылды. Аумағы абаттандырылды Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғалы бері құрылысқа тартылған инвестиция көлемі 5 млрд. теңгеден асып кетті.

Яғни  Түркістан күн санап көркейіп келеді, жыл салып жаңаруда. Қаланың қақ ортасына жайғасқан  «Сапар орталығы» да туристерді тартатын көрікті ғимарат.

«Сапар» орталығының директоры Ерасыл Төлебаев та мұнда келуші кез келген азамат тегін интернет желісі мен компьютер арқылы құжат рәсімдей алатынын айта келе: «Орталық коворкинг, кітапхана, кафетерий,

3 сувенирлік дүкен, демалу бөлмесі және автотұрақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Бабалар рухы байыз тапқан шаһардың ішкі және сыртқы дизайны «Юнесконың» тікелей қолдауымен еңсе тіктеуде.

Тарихи қаланың туристік әлеуетін арттырған нысандарға қазір  күн сайын жүздеген қонақ келеді. Таяу күндері Стамбұл, Бишкек және Ташкентке тікелей қатынайтын авиарейстер қатынамақ»,-дейді.

Ал Отырар ауданында ұйымдастырылған Халықаралық «Тuranfest» қайықтан спинингке балық аулау 2 күнге созылды. Бұл бәсекеге, алыс жақын шет елден 20-ға жуық команда келген. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Венгрия мен Түркия, Әзірбайжан және Қазақстан құрамалары өншең үздіктерін аламанаға қосты. Сайыстың жүлде қоры да қомақты болды.

Өңір туризмін дамыту бағытындағы аймақтардағы жұмыстар да көңілден шығады. Мысал ретінде айт кетсек, турнирдің алғашқы күнінде командалар жаттығу ойынын өткізіп, Жетікөлге барып қайтты. Қатысушылардың көбі Түркістан облысында «Сыр өзенінен басқа балық аулау аймағы жоқ» деген ойда болғанымен, Жетікөлде өткен сайыс бұл пікірдің теріс екендігін дәлелдеп берді. Сайыстың ақтық кезеңіне жеткен екінші күні балықшылар қатты желге қарамастан өз өнерлерін паш етіп, 8 сағатқа созылған сайыста Қостанайлық команда жеңіске жетті. Ал, жүлделі екінші және үшінші орындарды Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларының ойыншылары иеленді.

Облыс әкімдігі және Рес­публикалық балық аулау федерациясының ұйымдас­тыруымен өткен турнирде жеңімпаз команда 500 000 теңге сыйақыға ие болды. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Тuranfest» балық аулау турнирінің басты мақсаты облыс туризімін дамыту болғандықтан ұйымдастырушылар сайысты жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ.

Демек бүгінде Түркістанды түлету басты мақсат болып отыр. Яғни болашақта тарихи туризм орталығына айналатын Түркістанның туристік әлеуеті жоғары екенін де ескерсек, өңірде бұл саланың қарыштап дамитыны күмәнсіз.

Е.ТӘЖИЕВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.