АНА ТІЛДІ АРДАҚТАУ – ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ПАРЫЗЫ

Қазіргі кезде ана тіліміздің айбыны, асқақтығы аласарып бара жатқандай көрінеді. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, тізгін-шылбырымызды  қолымызға алғанымызға да 30 жылдың жүзі болыпты. Егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ «тіл, тіл» деп шырылдап келе жатырмыз. Ана тіліміздің өркендеуі үшін қыруар қаржының бөлініп жатқанын төрде отырған атқамінерлер жақсы біледі. Бірақ нәтижесі қалай?

«Тәубе, шүкір» деуге үйреніп алған халықпыз, бұған да тәубе деместен басқа не айтамыз? Жастарымыздың аузынан шыққан сөздерді тыңдағанда шала қазақты көргендей күй кешесің. Жастарды қоя тұралық, жұрт алдында мінберлерде сөйлеген атқамінерлеріміздің сөзінің сиқын қарасаңызшы, өте өкінішті. Тіпті, әдемі ана тіліміздің сұрқын қашырып, білікті сөзді былапыт сөзге айналдырып жібергендері де болды. Осындайда бағымызға туған  Байтұрсынұлының басқа жұрттың қас-қабағына қараған, қылышынан қан тамған заманда да ана тілі үшін істеген ізгі істері жаныңды еріксіз тербірентеді. Сондай алмағайып кездің өзінде де қазақ халқының қамын жеп, болашағымыз үшін белсене атсалысып, ана тілі үшін қомақты қаржы емес, бір тиын да бөлінбеген, тіпті ұлттық құндылықтарымыз туралы ауыз ашудың өзі басыңа шоқпар болып тиетін тұста да қолынан қаламын тастамай, елінің ертеңі үшін ұшан-теңіз дүниелерін қалдырған қайран бабаларымыз-ай!

Алаштың арда азаматы Ахмет ана тіліміздің алғашқы баспалдағы болған әлiппені түзіп, ел-жұртының дұрыс сауат ашуына қолайлылық жаратып бергені, сонымен қатар қазақ тілінің грамматикасы, ереже-заңдылықтары жайында көптеген оқулықтар жазып қалдырғанын бәріміз білеміз. Жоқшылық пен қасіретті жылдардың өзінде осындай игілікті істерді істеуі неткен ерлік! Еріксіз ойланасың, басымызда азаттығымыз бар, оқу-ағарту, техника саласының бұрынғыға салыстырғанда әлдеқайда қарыштап келе жатқаны бар, барлық мүмкіндіктер, тіпті, қыруар қаржы жұмсалып жатқанда да біздің ана тіліміздің жайы неге мүшкіл деп? Бәрі бар, не жетіспей тұр бізге сонда?

Екі ғасырды салыстырып қарап, ойлана келе ана тілімізге деген құлқымыздың жоқтығы екен-ау деп ой түйесің. “Неге өткір құлық таныта алмай жүрміз?”  дегенде, ана тілімізді қадірлеу үшін ең әуелі өз ұлтымызды шексіз, ерік-жігермен сүю керек. Өз еліңе деген сүйіспеншілігің оянбай, өз ұлтыңның салт-дәстүр, тіліне жанашырлық істей алмайсың, жан бере алмайсың. Ол үшін санамызды сілкіп, құлдық ойлардан арылуымыз керек. Адамзат баласының  азаттық, еркіндігі ең алдымен санасынан басталуы тиіс. Сана тәуелсіз болғанда, өз ойыңмен, өз ұлтыңның ойымен ойлап, сонымен өмір сүре аласың. Онда ана тілімізге деген жанашырлық та, қызығушылық та артады.

Шұрайлы тілімізді қайта қалпына келтіру үшін жастарымыз көркем әдебиет оқуды әдетке айналдыруы керек. Қазіргі кезде ақын-жазушыларымыз, жалпы қалам ұстаған жандар жетерлік. Десе де бұрынғы жазушылармен салыстыра алмайсың. Көбінің тілі жұтаң, ойы шашыраңқы, өзекті идеясы жоқ дүниелер. Ал ақындарымызға келсек, адамға жігер-күш, парасаттылық сыйлайтын құдіретті поэзиямыздың орнына жылаңқы, жадағай, тіпті кейбірі айтыскер ақындардың суырып салып айтатынындай жырлар жазба поэзиямызға келмейді. Ондай туындылар мен өлеңдерді оқыған жастар қандай әсер алады? Бокемік, күйреуік, төзімсіз болып өспей ме? Жалпы өлең сөзінде ана тілінің көркемдігі болмаса, онда ол өлеңнің де әсерлілігі аз деп есептеуге болады.

Қазір баспасөз құралдары мен теледидарларды ашып қалсаңыз, орынсыз қолданған сөз тіркестерін оқып, естисіз. Арыға бармай-ақ, осы күндегі таралған жаман індетке байланысты айтылған әңгімелер жайында тоқталсақ: «вакцина алу керек, … бәлен адам жарақат алды» деген сөздерді күніге естиміз. Вакцина дегеніміздің қазақша баламасы екпе. Оны қоя тұралық, вакцина алды дегені несі? Вакцина салды деп айту керек қой.  Ал жарақат алды дегені ше? Вакцина мен жарақат алатын базардағы киім-кешек емес қой. Оның дұрысы вакцина салдыру мен жарақаттану емес пе? Міне, осындай орынсыз қолданған сөздерді тізе берсек, аяқ алып жүргісіз.

Ана тіліміздің қадірін қайтарып, мәртебесін биіктету үшін тамырында қазақы қаны тулаған әрбір жанның өз құлқы, өз құлшынысы болу керек. Үйдегі өсіп келе жатқан жеткіншектеріміздің айналдырған аптаның жеті күнін қазақша айта алмауы да оның ата-анасы мен ұстаздарының қазақша сөйлемеуінен екендігі анық. Ақиқат ащы болады. Еліміздің ертеңі болған, болашағымыз болған өскелең ұрпақтың ана тілімізден мәйегі жарып сусындай алмауы – ол алдыңғы буын өзіміздің нашарлығымыздан. Сондықтан да ана тіліміз үшін жаны ашыған адам дәл осы сәттен бастап таза сөйлеуге хәрекет етуі тиіс.

Ғалым ҚАСЫМХАН.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.