Шымкент: Полицейлер ойынхадан фотоаппарат ұрлаған азаматты бір тәулікте ұстады
Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда, өзі жұмыс жасайтын ойынхананың сөресінде тұрған «Nikon» маркалы фотоаппаратын сөмкесімен бірге таңғы сағат 05:00 шамасында белгісіз біреудің жасырын түрде қолды еткенін жазып көрсеткен. Яғни, ұрлық жасаған азамат ойынхананың кассасында ешкімнің жоқтығын пайдаланып, сөредегі фотоаппаратты ұрлаған. Келтірілген шығын көлемі 1 025 000 теңгені құрады. Аталған деректі тәртіп сақшылары ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алды.
Хабарды алысымен оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы жетіп, ойынханада болған азаматтардан жауап алып, жақын аймақтар жіті қаралды. Бейнебақылау жүйелері мұқият тексерілді. Тәулік бойы үзіліссіз жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары азаматты қала көшелерінің бірінен қолға түсіріп, басқармаға жеткізді. Ол 41 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат өзі иемденген құны 1 025 000 теңгелік фотоаппаратты қаладағы базарлардың біріне 2000 теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Сонымен қатар, оның осыған ұқсас басқа-да қылмыстарға қатысының бар жоғы анықталып жатыр.
Өз кезегінде, шымкенттік полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарына жеке мүліктеріне аса сақ болуға шақырады.
Егер, Сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.