ТҮРКІСТАНДА ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТТІ

Облыс орталығында Жетісай ауданының мәдени күндері өтті. «Түркістан – Түркі әлемінің жүрегі» атты аудан-қалалардың мәдениет күндері аясында «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған «Жер жұмағы Жетісайдың – рухани Түркістанға тартуы» атты мерекелік шара келуші көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Мұнда ауданның қолөнер және қылқалам шеберлерінің, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің, «Туған жерім, жұмағым – Жетісайым!» атты рухани кітап және Жетісай ауданы этномәдени орталықтарының «Жетісай – бірлік пен татулықтың мекені!» атты аудандағы түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарының көрмелері ұйымдастырылды.
Алдымен Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Ержігіт Сартаев бастаған топ арнайы дайындалған көрмені тамашалады. Содан соң мәдениет күндері аудан өнерпаздарының гала-концертіне ұласты. Әрі қарай тек ауданның ғана емес ел мақтанышына айналған Бөрі Иса, Мұхтар Құралов сынды таланттардың шығармалары орындалып, әжелер тобы және бишілер өнер көрсетсе, күміс көмей әншілер «Түркістан» деп ән шырқады. Кеш соңында мерекелік отшашу ұйымдастырылды.
Келесі күні «Керуен сарай» туристік кешенінде Балалар жылы» аясында Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектеп оқушыларының « «Түркістан – болашақ балғындардың құтты мекені» атты концерттік бағдарламасы өтті. Мұнда жас дарындар сахнада өз өнерін үлкендермен бірге шыңдап, көпшілікті тәнті етті. Еске сала кетейік, аталмыш шаралар қала қонақтары мен тұрғындарына, туристерге мәдени-рухани демалыс сыйлауға арналған. Сондай-ақ бұл аудан-қалалар арасындағы сайыс не байқау емес. Алдағы апта соңында Сайрам ауданының мәдениет күндері келеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.