• ЖАСТАР ТАРАПЫ «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНА ҰСЫНЫС ЕНГІЗУДІ СҰРАДЫ
“Ауыл аманаты” партиялық жобасын таныстыру жұмыстары Қазығұрт ауданында жалғасты. Тұрбат және Шарбұлақ ауылдарында өткен кездесулерде жеңілдетілген несиені алу, оның шарттары, бизнес-жобалар дайындау, кооператив құру, техниканы лизингке рәсімдеу, құжаттармен жұмыс жасау жолдары түсіндірілді. Жиынға облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров, ауыл әкімдері де қатысты.
Тұрғындар тарапынан кепілдікке қойылатын мүліктің бағалануы қызықтырды. Ашық әрі сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде жастар тарапы да белсенділік танытты.
— 21 жастан бастап, екінші деңгейлі банктер тарапынан 1 млн.теңгеге дейін кепілсіз несие беріледі. Дәл осы “Ауыл аманаты” марафоны 2023 жылы іске асатын болса осы жүйені енгізуге жұмыс жасауы керек деп ойлаймын. Сонда ауыл жастары кәсіп ашып, жұмыссыздықтың саны азаяр еді, — дейді Айбек Молдасапаров.
Қазығұрттықтарға ауыл шаруашылығына қолдау керек. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласына 7 млн.теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар екені айтылды.
— Шарбұлақ — ауданымызда мал және егін шаруашылығына бейімделген ауыл болып есептеледі. Қазіргі таңда халықтың басым бөлігі мал бордақылау немесе мал басын көбейтумен айналысады. Сұраныстары мен мазалаған сұрақтарға бүгін жауап алды. Осы жерде қанша ақпарат берілді. Барлығы түсінікті дәрежеде жеткізілді, — дейді Шарбұлақ ауылының әкімі Жандос Үсенбеков.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі