ІІМ АЗАМАТТАРДЫ ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ
Балалар жол-көлік жарақатының алдын алу мақсатында 22 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында республика бойынша “Назар аударыңыз, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова мәлім етті.
Ішкі істер министрлігінің жүргізіп жатқан жұмыстарына қарамастан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында орын алған жол-көлік оқиғаларында 6-сынып оқушысы қаза болып, тағы үш жасөспірім зардап шеккен. Бұл өз кезегінде жол жүрісіне қатысушылардың тәртібінің төмендігін көрсетеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жол жүрісін қадағалауды, сондай-ақ жылдамдық режимін бұзу, бағдаршамның қызыл сигналына өту, қарсы жолаққа шығу, жаяу жүргіншілерге артықшылық бермеу сияқты өрескел бұзушылықтардың жолын кесуді күшейтті. Сондай-ақ жолда жолаушылар көлігін, жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерді тексеру күшейтілді. Полиция жасақтарының бағыттары қарбалас уақытта оқу орындарына барынша жақындатылды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігіне мектеп бағдарламаларында жол жүрісі қағидалары бойынша сабақты жеке бөлек пән ретінде өткізу туралы ұсыныс жолдады. ІІМ жол жүрісіне қатысушыларға жолдардағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын ұмытпауды, ең бастысы – олардың салдары өте қайғылы екенін есте сақтауға шақырады.
“Жолда жол жүрісіне қатысушы өзінің және өзгенің қауіпсіздігі үшін жауап беретінін есте ұстаған жөн. Жаяу жүргіншінің дұрыс емес жерде жолды абайсыз өтуі қайғылы жағдайға айналуы мүмкін. Ата-аналардан балаларды бақылап отыруды сұраймыз. Балаларды мектепке шығарып салып, қарсы алуды ұмытпаңыздар. Жылдамдық режимін, сондай-ақ автомобильдер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтау өте маңызды, бұл жолдағы күтпеген жағдайда апаттың алдын алуға көмектеседі”, – деді ведомствода.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі