ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ

Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында кәсіпкерлікті, оның ішінде туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Сатқанбаев, қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров және туризм саласының өкілдері қатысты.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында елде, қоғамда орын алатын ауқымды саяси-экономикалық өзгерістердің басым бағыттарын айтып берді. Бұл маңызды құжат жазда Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты өткен жалпы халықтық референдумның жалғасы іспетті. Мемлекет басшысы сол референдумда ұсынылған өзгерістердің негізінде елде саяси реформалар жүргізіп келеді. Оның ішінде әділетті Қазақстан қалай құрылады? Ол үшін мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту қажет. Соның бір көрінісі – алдағы 20 қарашада ел президентінің кезектен тыс сайлауы. Әділетті Қазақстанды құру жолында әр қазақстандық қалыс қалмауы қажет. Халық өзінің талап-тілегін заң аясында жеткізіп, іске асыруда шеттен тыс қалмауы керек, – деді Еркін Тұрниязұлы.

Ал туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті мен туризм саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тоқталды. Кәсіпкерлерге ақпарат берді.

– Бүгінде туристік бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетілуде. Соның бірі – жеңілдетілген несие беру. Мысалы, кәсібін жаңа бастағандар үшін 7 жылға дейін сомасы 10 миллион теңгеге дейін 1 пайызбен несие беріледі. Ал ірі кәсіпкерлерге алты пайызбен ұсынылады. Оған қоса шетелден келген туристер үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау, туристік нысан құрылысы шығындарының бір бөлігін өтеу, жол бойында қызмет көрсету, көлік сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу секілді бірнеше қолдау бар, – деді Ерлан Ермекұлы.

Басқарма басшысы әр инвесторға еліміздің заңдарына сәйкес қолдау көрсетуге дайын екендіктерін ерекше атап өтті.

«Шымкент келбеті»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.