ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА 90 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Жоспарлы жұмыстар 2025 жылға дейін, әр жылдың көктем, күз айларында жүзеге асыру көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру үшін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев тиісті мекеме басшылары мен ауыл әкімдеріне тапсырма жүктеді.
Ең алдымен көшеттердің түрі, климаттық жағдайға төзімділігін және суландыру жүйесімен қамту шараларын нақтылауды тапсырған аудан басшысы егілген көшеттерді күтіп баптайтын бағбан мәселесін де нақты шешу керектігін атап өтті.
– Бүгінге дейін көгалдандыру мақсатында біршама жобалар жүзеге асырылды. Дегенмен бұл шаралардың нәтижелі болуына жергілікті тұрғындар да атсалысуы тиіс. Тұрғындар арасында қоршаған ортаны тазалығы, күтіп баптауы секілді мәдениетті қалыптастыруымыз керек, – деді А. Есбаев.
Көгалдандыру жұмыстарына әрбір мемлекеттік, кәсіпкерлік нысандар да атсалысады. Соның ішінде аудан орталығын көгалдандыру мақсатында көшеттердің түрі мен саны, суғару жүйесі, сынды қажетті заттарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сызбалары дайындалды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі