РАДИКАЛИЗМНЕН САҚТАНУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Теріс ағымнан сақтану – заман талабы. Себебі  бүгінде  діни экстремизм мен радикализм қаупі  қазақ қоғамына да қатер төндіріп отыр.  Бұл мақсатта Шымкентте де жастарды  жат ағымнан  қорғауға бағытталған  көптеген іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.

Дінді зерттеушілер дәстүрлі діннің құндылықтарымен қатар, әлемді алаңдатып отырған радикализм сынды мәселенің және жалған діни ағымдардың қоғам үшін кері әсерін үнемі айтып келеді.  Осы ретте діни сананың радикалдану қаупі азаматтың өзіне де, өзгелерге де зиянды екенін естен шығармауымыз қажет.  Діни санасы дұрыс қалыптасқан тұлға – отанды сүюді, өмір сүріп отырған ортаны қастерлеуді, құрметтеуді біледі.

Бүгінде кейбір азаматтарымыз деструктивті көзқарастарын өзгелерге тықпалап, келіспеген жағдайда кінәлап, айыпты санайды. Бұл оның діни санасының дұрыс қалыптастпағанын білдіреді. Егер адамның діни санасы дұрыс қалыптасса – онда ол өзге адамдардың да діни сеніміне құрметпен қарайды және олардың еркіндігін бағалай да біледі.  Мамандар діни радикалдық көзқарастың пайда болуының басты екі себебі бар дейді.  Олар: діни сананың толыққанды қалыптасып үлгермеуі, және елімізге сырттан енген діни радикализмның насихаттары.  Санасы радикалдарға уланған кез келген азамат дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, мойындамайтыны жөнінде білікті сарапшылар тарапынан сан мәрте айтылуда.  Олар қоғамдағы қалыпты өмірден баз кешіп, деструктивті идеологияның қолшоқпарына айналуда.  Мұндай әрекеттер дәстүрлі дінді ұстанушы көпшілікке де кері әсерін тигізуде. Осыған орай, азаматтардың радикалдануына жетелейтін факторларды анықтап, олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үнемі жүргізіп отыру қажеттілігі күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Қазіргі таңда жат ағым өкілдерінің сенімі бойынша намаз оқымасаң кәпірсің, жеті күлше құдайы нан пісірсең күнәһарсың, теледидар қарасаң да, есті әуендерді тыңдасаң да, жақсы фильмдерді көрсең де – харам іс қылған боласың.  Туған күн тойласаң да, Наурыз мерекесін атап өтсең де, ата-баба әруағына құран оқып бағыштасаң да, алақан жайып бет сипасаң да Алланың ақ жолынан адасқан болып шыға келесің.  Тіпті сырқаттанып ауырған балаларды емдеуге және емдетуге де болмайды, оларды Құдайдың өзі қорғайды дейді. Алланың «Сақтанғанды – сақтаймын» деген қағидасын қаперіне де алмайды.  Деструктивті діни ағымның әлеуметтік өмірге келтірер зардабы жоғарыдағы мәселелермен шектелмейді.  Бұл ағымда «біз және олар» деген қатаң бөлісу бар. Олардың пікірі бойынша өз ағымына жатпайтын азаматтардың барлығы «адасқандар», тура жолдан тайғандар немесе «шайтан қызметкерлері» болып табылады. Көбіне деструктивті діни ағым мүшелері үшін «біз» нақты адамдарды бейнелесе, «олар» адам санатына енбей қалғандар іспеттес. Осы себепті деструктивті ағым мүшелігінен тысқары қалған сіздің отбасыңыздың мүшелері де оларға адам емес, «адасқан» сипатын алады. Бұл ағымда пікірдің жан-жақтылығы мойындалмайды. Олар үшін «ақиқат» жалғыз, ол – өз ағымының ұстанатын ілімі. Осы секілді ұстанымдар арқылы сіздің отбасылық қарым-қатынасыңыз, отбасыңызда өткен жылдардың барлығын қаламның бір сызуымен өшіріп тастауға тырысады. Міне, деструктивті діни ағым өкілдерінің сиқы осындай. Мұндай жалған сенім шектен шығушылықтың нақ өзі. Бүгінде қоғам қысқа балақты, қауға сақалды, қара киімді адамдардан қорқа бастады. Олардың жанында жүрмек түгілі, жүздеріне қараудың өзі үрейлі. Қазақ халқы үшін ата- анасын құрметтемеу, басшыға қарсы шығу, біреуді кәпір деп айыптау мүлдем жат нәрсе.

Бұл идеологияға қарсы тұру үшін ішкі сүзгі мен діни таным қалыптастыру қажет. Дәстүрімізді және тарихымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек.   Жалпы  Шымкент қаласында да   діни экстремизм мен терроризмге қарсы  іс-қимыл  жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сай    жастарымызды   жат ағымдардан сақтандыруда  ілкімді істер жүзеге асып   жатыр.  Сонымен қатар Шымкенттегі барлық   мекемелерде   өткізіліп  жатқан тағылымды шаралараға   біздің  «Дін мәселелерін зерттеу орталығының»  теолог мамандары да  сүбелі үлестерін  қосуда.  Қайырымды қала  аумағында өткен  шаралардың  бірқатарына  тоқтала кетер  болсақ,  таяуда  №28 жалпы орта мектеп оқушыларымен “Кереғар діни ағымдардың алдын алу” тақырыбында теолог маман Жұмаділлә Бексұлтан жалпы кездесу өткізді. Кездесу барысында оқушылар сұрақтар қойып,  белсенділік көрсетті. Сондай-ақ қаламыздағы   М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті  студенттерімен  “Дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу” тақырыбында теолог маман Аманкелді Нұрдәулет  те  жалпы кездесу өткізіп, жастарға жат діни ағымдар турасында жан-жақты ақпарат берді. Алдағы күнде де мегаполис  аумағында осы іспеттес  шаралар  өз жалғасын тауып,  жоспарлы жұмыстың  түйінделе түсетіні де хақ.  Былайша айтқанда,    ата- бабамыз ұстанған жолды ұстанып, ұлы ойшылдарымыз қалдырған мұраларын жандандырсақ, халқымыздың болашағы зор болмақ. Сол себепті бұл мәселелерге көңіл бөлу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

 

Гүлмира ШЕТЕНОВА,

Шымкент қаласы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.