Оқырман хаты: Жылаумен өтті өмірім

Шаңырақ көтергенімізге 16 жыл болды. Ұл-қыздарымыз ер жетіп, бой жетті. Олар тіптен әкелерімен көшеде бірге жүруге қатты ұялады. Өйткені, әкелері қай жерде жүрсе де теңселіп, қисалаңдап жүреді. Ішіп алып, қырғын салады. Ұрып-соғып, боқауыз айтып, бүкіл ел-жұрттың алдында масқараңды шығарады.

Күйеуіме ішімдікті қалай қойғызарымды білмеймін. Жылап та, жалынып та, күліп те айттым, қояр емес. Емші, тәуіп, емхана – бәріне апардым. Ол өзі қойғысы келмейді.

Отбасын құрды деген атым ғана. Әйтпесе бағы ашылмаған сорлымын. Күйеуге шыққалы көзімнен жасым тоқтаған жоқ. Күйеуімнің көрсетпеген қорлығы мен зорлығы жоқ. Оған не істесем де жақпай қойдым. Жұмысымды да, үйдің шаруасын да, балаларымның тәрбиесін де – бәрін бірге алып жүрмін осы уақытқа дейін. Ол тек үйге табыс тауып келеді. Басқасымен жұмысы жоқ. Негізі, табысы жақсы. Бірақ, ақшасының көбін ішіп қояды.

Менің де кінәм бар. Мінезім тұйық, жуаспын. Бәріне көне беремін. Үйленгенде қаттырақ болуым керек еді. Енді ештеңе өзгермейді. Өйткені, ол өз бетімен, өзінің айтқанымен өмір сүреді. Үйдегі бар ақша соның қалтасында. Мен ешқашан ұстаған емеспін. Киімді де, тамақты да ең арзан жерден аламын. Әйтпесе ештеңеге жетпейді. Ол үйге қажеттіге ақша қимайды. Ал араққа аямай шашады.

Ол кезінде мені басып алып қашқан еді. Бірақ, кейін үйренісіп кеттім. Ағайын-туысқа оның ішетін, жүретін де, ұрып-соғатынын да айтқан емеспін. Өзімнің анам, әпке-енемнен көрген тәрбиеге қарап мен күйеуімді сонда да сыйладым. Бірақ, жылдан-жылға жүйкем жұқарып барады.

Бала-шағам жетіліп тұр. Оларды оқытып, маман етіп, өмірден өз орындарын табуға біз көмектесуіміз қажет. Олар да ертеңгі күні үй болады, отан болады өз алдына. Мұны ойлайтын әкеден қайран жоқ…

Ұлбосын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.