Оңтүстiктi бүкiл елдiң алдында күлкiге қалдырған жоқпыз ба?
Адам сенбес, таңғаларлық тірліктер туралы халқымыздың «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген сөзі бар. Сондай тірліктің Шымкенттен «бұрқ» етіп, «Не болса да Шымкенттен шығаруының» тағы да отына май құйғандай болды-ау деген өкініште қалғанымызды жасырмайық.
Бүкіл облысты жерге қаратқандай еткен бұл сорақылықты бозбалалықтың қызуы басылмаған біреу, бел ауыртпай келген дүниеге мастанған біреу, тіпті шымкентшелегенде, «жыланның басына жастық қоятын» жырындының біреуі істеген болса мейлі ғой, 1 млн-нан астам халқы бар қаланың әкімі істеп отырса, оған күлесің бе, әлде жылайсың ба? Осыдан кейін «Не шықса да, Шымкенттен шығадыны» тоқтату мүмкін де емес шығар-ау.
Мәселе қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың түсіне кіргендей болған тірлігінде болып тұр. «Түсіне кірген» дейтін себебіміз, еліміздің жоғарғы «эшелонында» лауазымды қызметтер атқарған, тіпті ҚР Президенті Аппараты жетекшісінің орынбасары қызметінде болған Ғ.Әбдірахымов өз елінің құқықтық мемлекет құрып жатқанын сап ұмытқандай болып, қызмет көлігін пайдаланатын қала әкімі аппаратының барлық қызметкерін бір күнде көшеге жаяу айдап тастағандай еткен жоқ па? Тура Африкада болатын тірліктей демеске лажың жоқ сияқты.
Әкім Ғ.Әбдірахымовтың тірлігіне қарасаң, Шымкент қаласы әкімі аппараты бүгінде Қазақстанның мемлекеттік атқарушы органы қатарынан шығарылып, біздің «Техастың» бір олигархына жеке меншікке сатылып кеткен «фирма» ма деп қаласың.
Егер әкімнің «түсіне кірген» тірлігі болмаса, онда қала игілігі үшін адалынан жұмыс істейтін нағыз отаншыл төл перзенттерімізді өңірде құрып қалғандай етіп, өзінің «командасына» жан-жақтан жинаған «данышпан» ақылмандарының «асыңды ішіп, киізді тіліп» отырған астыртын жымысқы әрекеттері ғой дегеннен басқа не айта аласың? Мүмкін емес қой, әкім аппаратының соншама қызметкерінің біреуі тұрып: «Заңбұзушылыққа жол беріп аласыз. Асығыстық жасамай, басқаша жолын табуды қарастыруымыз қажет» деп неге айта алмайды? Шынымен әкім Ғабидолланың қарамағында бірде-бір шын жанашырының болмағаны ма?
Сорпасы сорғалаған сорақылықты әкім Ғ.Әбдірахымовтың өз қолымен жасауына не себеп болғанын білсеңіз де, оған сенер-сенбесіңді білмейсің. Осыны есіткен мектептің оқушысы да «Автобусқа бола ма?» деп күледі де, қояр еді.
Ал, анығын білгіңіз келсе, бұл туралы облыстың бас ресми газеті «Оңтүстік Қазақстанның» 21.10.2017 жылғы №174-175 санында: «Біз қозғалыс кестесі мен жол жүру ережесін сақтау, автобустардың лық толуын, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін, салондардың тазалығы мәселесін бірнеше рет талқыладық. Әр талқылау сайын мені бұл мәселенің шешілетініне сендірумен болды. Бірақ, жолаушылар тарапынан қоғамдық көліктерге байланысты арыз-шағым азайған жоқ. Ендеше, басқа әрекетке көшетін боламыз», — деген қала әкімі өзінің де, орынбасарларының да жұмысқа автобуспен қатынайтынын айтты» деп жазады. Міне, осылайша Ғ.Әбдірахымов қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен коммуналдық мекеме басшыларына, қаладағы аудан әкімдері мен олардың орынбасарларына 1 ай бойы қызметтік көлікпен жүруге тыйым салып қойған. Сонда Ғ.Әбдірахымов үшін Қазақстан Республикасы Конституциясынан бастап, ел заңнамаларының талаптарын мүлтіксіз сақтаудың жеке меншік фирманың Жарғысындай күш-қуатының болмағаны ма?
Жауапкершілік қатаң талап етіліп, тиісті жаза көрілмеген жерде…
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың бұл заңбұзушылық әрекетке жол беруінің себебі «Оңтүстік Қазақстан» газетінде: «Шымкент қаласы әкімі аппаратындағы басшылық қызметтегі шенеуніктер бір ай бойы қоғамдық көліктерге мініп, жолаушылар тасымалы саласындағы кемшіліктерді өз көздерімен көріп, ұсыныстарын айтпақ» деп жазылғанына қалай сенуге болады? Сонда жұмысы басынан асатын қала әкімдігінің жауапты қызметкерлері бір ай бойы автобуста селкілдеп, бір бөлімнің жұмысындағы кемшіліктерге қатысты ұсыныс айтуға бола әуре-сарсаңға түсе ме?
Қызметкерлер саны өзгелерден көп жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысы иесіздікке кетсе, әкімдіктің басшылық жұмыстағы қызметкерлері қаңғырып жүріп, соны ретке келтіріп беруге міндетті ме? Бұл халыққа қызмет көрсетуді ширату емес, одан әрі беталдылыққа жіберудің дәл өзі емес пе? Өйткені, «Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейтіні» бес жасар балаға да белгілі ғой. Бір бөлімінің жұмысын сұрағанда, оның табанына тас қойып, оны жөндей алмаған қала әкімі 1 млн. халықты қай ұшпаққа шығарады?
Дәл осы бөлімнің бір қызметкері Сәуле шағын ауданының бір топ тұрғындарының бірнеше жылдан бері көшелерін асфальттатуға өтініш беріп, оның шешілмейтіндігіне наразылықтарын білдіргенде, «Мен салынады десем салынады, салынбайды десем салынбайды» деп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың әдепсіз шенеуніктерге қатысты «Как бог, как царь» деп айтқанын «тірідей» көрсеткеніне өз газетімізге сыни тұрғыда мақала жазғанымызда не болды? Әкімнің бір орынбасары бөлімнің мамандарымен бірге шағым айтушыларды алдарына шақырып алып: «Ал газетке жазып кімді қираттыңдар? Сыналған бас маман өз орнында, оған біреу сөйлеген де жоқ. Газет деген не ол, тағы да жазыңдар» деп тұрғындарды айдап шығарған. Көше тұрғындары редакцияға хабарласып, өздерінің БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізетіндерін айтып, бізді соның басы-қасында болуға шақырды. Мақсат билікпен қырылысу емес, сол көшені асфальттату болғандықтан, көше тұрғындарын сабырға шақырып, тоқтатқан едік.
Сол бөлім өздерінің жауапкершіліктеріндегі міндеттерін атқара алмаған соң, Ғ.Әбдірахымов жасаған «Мобилизациядан» оң нәтиже шығады дегенге кім сенеді? Қала басшылығындағылар біздің газеттің өткір де, әділ сынына шыныдай шытынайды да, көше тұрғындарына сес көрсетеді. Ал бөлімнің жауап беруге
тиісті қызметкерлерінің бетіне жел еспейді. Қала әкімі бұл бөлімнің жұмысын жүйелі жолға қою үшін аппараттың басшы қызметкерлерін сандалтып жіберуге дейін болады. Бірақ, жауапты қызметтік міндеттерін талапқа сай атқара алмаған бөлім қызметкерлеріне тиісті шара көріп, жаза қолдану қаперге де алынбайды. Осыдан кейін Ғ.Әбдірахымовтың бөлім жұмысын ретке келтіремін дегені күлкілі әрекет шығар, әсте.
Бұл қаланың әкімі күні кеше ғана Ресейден мұғалім шақыртамыз деп қала тұрғындарының жағасын ұстатса, енді іс-сапардың барлық шығындарын бір айда 50 пайыз ғана жалақы алған жүргізушілердің үнемдеген ақшасынан, қала берді қала бюджеті қаржысынан төлеп, енді министрліктен мамандар алдырып, бөлімнің жұмысын дұрыстамай қоймаймын деп шіренбесіне кім кепілдік береді? Шынтуайтына келгенде нені көрмеген, неге шыдап, неге төзбеген Шымкент, көп болса оған да көнеді де.
Жұрт өркениетке, ал біз жабайылыққа бет алған жоқпыз ба?
Еліміздің жергілікті атқарушы органның қызметіне қатысты заңы бар. Азаматтардың тыныс-тіршілігіне тікелей қатысты Азаматтық және Еңбек кодекстері бар. Жергілікті атқарушы билік иелеріне ел заңнамалары талаптарын бұрмалауға ешқандай құзырет берілмеген, қайта оны мүлтіксіз орындауды міндеттері ретінде белгілеген.
Қала әкімінің мына тірлігіне қарасаң, біз Қазақстанның бір облысынан гөрі, АҚШ-тың штатына көбірек ұқсаймыз. Тіпті, біздің Шымкент қаласы Американың бір штатындай құзыретке ие болып қалғандай. Өйткені, АҚШ-тың штаттары «Ақ үйсіз-ақ» өз беттерінше заң қабылдай алады. Ал бізде заңды ел Парламенті қабылдайды да, ал біздегі биліктің бір тармағы – жергілікті атқарушы орган оны басшылыққа алады және оның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеді. Ал, әкім Ғабидолла басқарған Шымкент онымен толық келісе алмайтын сияқты.
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов өзінің ауызша пәрмен беруімен қала әкімі аппараты қызметкерлерінің өз міндеттерін атқаруда пайдаланатын қызмет көліктерін бір ай гаражға тығып қоюында ҚР-ның қай заңының, қай бабының, қайсы тармақшасын басшылыққа алыпты? Осы заңбұзушылық әрекетке баруға негізге алған ресми құжаттарын, бұйрығы мен өкімін Ғ.Әбдірахымов газетке жариялауға берсін. Қала тұрғындары түрлі БАҚ беттерінде «Красавчик» аталып жүретін әкімдерінің ешқандай заңбұзушылық әрекетін жасамағанына көздері жетсін. Біз де «торсылдап» босқа өкпелемейік.
Бір қырынан қарасаңыз, қандай күш, қай құзырет Шымкенттің әкімінің мемлекеттік органның қызмет көліктерін шаңқай түсте гаражға тығып қууға дейін жеткізген? Мемлекеттік органның қалыпты, тік жұмыс істеуіне қала әкімінің өзі кедергі келтіріп жатыр дегенге сенер-сенбесіңді білмейді екенсің.
Қазақ бет қаратпайтын әрекетке барушыларды «Жүрегінде түгі бар» дейтін еді. Ал мына мемлекеттік қызметтің атқарылуына ашық қолбайлау жасауға барған әкім Ғабидолланың тірлігіне қарап, оның жүрегінде түк емес, «200-дік шеге» бар деп айтамыз ба, қайтеміз? Бұл шынымен батылдық па, әлде былыққан беталдылық па? Қаншама қызметтік автокөлікті жүргізушілердің асырап отырған отбасы бар емес пе? 50 пайыз жалақымен олар қайтіп күн көрмек? Жоқ, әлде екі жылдан бері аузына не түссе соны айтып, ойына не келсе, соны істеуге кеткен әкім Ғабидолла «шопырлардың» отбасына Ораза ұстауды міндеттеп, сауап жинап қалуды ұмытпағаны ма?
Қала әкімінің қолымен жасалған сорақылықты көзіңмен көріп тұрсаң да, біртүрлі көңілің сенбейді. Қала әкімі аппараты бірінші басшысының жекешелендіріп алған фирмасы емес еді ғой деген ой мазаласа бола ма?
Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік қызметті жетілдіруге ерекше мән беріп, қаншама істерге қозғау салып жатса, Ғ.Әбдірахымовтың мына тірлігі бүйректен сирақ шығару емес пе? Жоқ, әлде Елбасының» Ұлт жоспары – 100 қадамына» жаңашылдық әкеліп, өзінше сүбелі үлес қосқысы келген әрекеті ме? Басшылық жұмыстағы қызметкерлеріне тиісті қызметтік міндеттеріңді мүлтіксіз орындауды талап етудің орнына бір бөлімнің жұмысын ретке келтіру үшін, автобустардың ішін аңдып, ұсыныс жинайсыңдар деп тапсырма беру кез-келген шымкенттіктің намысына тиетін өрескел тірлік емес пе өзі?
Әкім елдің аузында, жұрттың көзінде емес пе?
Оңтүстіктің төл перзенті Ғабидолла Әбдірахымовтың «ғайыптан майып» болып, Шымкент қаласы әкімінің қызметіне сарт ете қалуы өз жерлестерін әрі-тәре етіп тастады. Ел билігінің жоғарғы лауазымды қызметтерінің тізгінін ұстайды деп үміт күткен азаматы бір қараса, Шымкентте жүр. Нарық пен еңбек мәселесіне мұрнымызды тыға алмасақ та, саясат туралы сайрағанда алдымызға жан салмайтын болғандықтан, Ғ.Әбдірахымовтың туған жерге қызметке келгенінің өзін де біраз жерге «сүйреп тастағанымыз» да ел-жұртқа аян.
Ал, Ғ.Әбдірахымовтың орта мектепті бітіріп, білім алуға аттанғанынан кейінгі елге оралып отырғаны да осы шығар. Білім алу жолында шет елдерге дейін шығып, елге оралғанда Астананы айналшықтап жүріп, бірқатар лауазымды қызметтердің тізгінін ұстағанын жерлестері жатқа білетін.
Енді, жұртқа керегі, ел де, жер де көрген, мансаптың не екенін білген Ғ.Әбдірахымовтың 1 млн-нан астам халқы бар қаланың тыныс-тіршілігіне шынайы жанашырлықпен қарай білуі еді. Жалпы оңтүстіктің жұртшылығы орыстың ойшыл ақыны А.Некрасовтың «Мы же у бога, Просим немного. Честное дело, Делать умело» дегеніндей ынсап пен ынтымақтың, шыдамдылық пен шынайы жанашырлықтың адалдығына тұрып ұйренген. Сондықтан шығар, шымкенттіктер Ғабидолла Әбдірахымовтан көп нәрсені күтті.
Қала әкімдігінің жұмысы елдің үміт еткендей деңгейінен табылды деп айтуға аузымыздың бармайтынын жасырғымыз да келмейді. Халықтың тіршілігіне қатысты күйбең тірлік жылдың көктемі мен күзінде қызатындығы баршамызға белгілі.
Дәл қазір Шымкентте қысқа дайындықтың қайнап жататын кезі. Желауыздылардың «Жүз жылда болмаған қыс болады екен» деп жұрттың құлағын көтеріп отырғаны анау. Шындығында соңғы оншақты жылдың көлемінде Шымкентте қыстың болмағанын білеміз. Беті аулақ, табиғаттың заңына сай биылғы жаздағы 40 градустан түспеген аптап ыстықтың қыста аяз болып қайтуынан Құдай сақтасын. «Сақтықта қорлық жоқ» деген қала әкімдігінің басшылығы тайлы-тұяғына дейін қалмай 1 млн-нан астам қала тұрғындарының тіршілігін көздерімен көріп, елдің етек-жеңін жинау үшін қалың жұртшылықтың ортасында ат үстінде жүретін кезі емес пе? Көлігінен айырылып, жаяу қалған сала басшылары автобуспен жүріп, нені көріп, нені үлгереді?
Кезінде біздің «данышпандар» Шымкентте 1 млн-нан астам халық барын естіп-біліп отырып, пендешілік есеппен «Көрмес-түйені де көрмеске» салып қаладан шалғайдағы Сайрам, Ордабасы мен Төлеби аудандарының қаншама ауылдарын қалаға кіргізіп тастады. Қазір қала әкімдігі солардың тіршілігінен хабардар ма? Жұмыстарына бару үшін автобуста жармасып-жағаласып жүрген шенді-шекпенділер олардың жағдайын қайдан білсін. Ал, қала әкімі Ғ.Әбдірахымов болса, дәл қазір күнді емес, сағатты санап жұмыс істеуге тиісті сала басшыларын жаяу қалдырып, бір бөлімнің жұмысын жөндеу үшін қаңғыртып қойған жоқ па? Олар жүр автобустағы дөрекі кондукторларға не «лекция» оқудың есебін таппай, немесе көргендерін соткаға түсіріп, әкімдікке тапсырып «шпиондық» жасауға беті шыдамай. Осының бәрі ел-жұрттың көз алдында болып жатқаны әкім Ғабидоллаға ой салмағаны ма, шынымен?
Қалың елді қайда қалдырып барамыз?
Өркениетке ертерек еліктегені ме, әйтеуір Ғ.Әбдірахымов үшін қалың ел көзге ілінбейтін сияқты. Көптің көреген екендігін де, халық айтса қалып айтпайтынын да есітпеген кісідей. Жағымпаздардың жаңылыстыратынын да елеусіз қалдырғандай. Еліміздің төргі бұрышына алғырлығымен, еңбекқорлығымен, ұлтжандылығымен, намысқойлығымен танылған Шымкенттің биік болмысы Ғ.Әбдірахымовты қызықтырмаған да сияқты.
Қалаға әкім болып келді де, Шымкенттің болашақта Лас-Вегас болатынын жариялап жіберді. Әлемдегі құмарпаздардың ордасы, адам ойына кірмейтін қылмыстардың жасалатын жері, жезөкшеліктің жұлдызды қалашығына айналған Лас-Вегастай болсақ, «біткеніміз шығар» деген жұрт жағасын ұстауға барды. Әкімнің әңгімесінің ауаны үнемі ойын-сауық, көңілді демалыс орындарына қатысты болатынын есітіп жүретін шымкенттіктер «Шымкент малды» есіткенде төбелерінен жай түскендей болды-ау.
Бұл аз болса, әкім енді велосипедпен жүру жаңалығын тықпалады. Қала бюджетінің жүздеген млн-нан астам қаржысы суша шашылып, қаншама велосипед сатып алынып, велотұрақтар пайда болды. Әп-әдемі асфальт жолдар аударылып-төңкеріліп, қаншама шақырым веложолдар жасалып, мемлекеттік бюджеттің қанша миллиондаған қаржысы желге ұшты. Дәл қазір осы бізге керек пе еді? Бір халық қалаулысы шығып: «Әкім мырза, бізге велосипед келетін уақыт болған жоқ. Мемлекеттің қаржысын Ынтымақ пен Тұрландағы ауыз сусыз отырған, Достық пен Сәуледегі жол салынбаған жерге жұмсайық» деген салиқалы бір ауыз сөз айтуға жарады ма?
Хан Абылай айтқандай, күн қысқарған заманның пендесіне айналып, Туған жерге, халқымызға шынайы жанашырлық көрсетуден қалғанымыздың айқын көрінісі емес пе мұның өзі? Табан ақы, маңдай терге емес, халықтың үстінен күн көріп байығандарды «ақылманға» есептеп, ел тізгінін сондайларға ұстатудың жемісі шығар бұл да. Қаланың Қаратау мен Абай ауданы тұрғындары арыз-шағымдарына атқарушы биліктен пәрмен болмайтындығына көздері жеткен соң, бәрін бір Құдайға тапсырдық деген сыңайға кеткен сияқты. Еліміздің қарқынды дамуының соны серпініне ілесуден гөрі, дақпырт әңгіме, даңғаза шараларға басымдық беріліп жатқанын қала тұрғындары көрмей-білмей отырған жоқ.
Ғ.Әбдірахымов Шымкентке аяғы тигеннен бастап, басқаны қойғанда қала тұрғындарының таза ауыз сумен, табиғи газбен қамтылуын, кім көрінгеннің қолында жүрген электр қуатын беруді бір жүйеге түсіруді тікелей қолға алғанда, әкім жұмысына «самокатпен» барса да, жұрттың шаруасы болмас еді ғой. Шымкентті сыйлағандықтан жан-жағына сергек қарағанында, фейсбуктағы «Шымкенттің қыздары зың-зың» сорақылығын бүкіл республикаға таратып масқара болмас едік-ау. Әлсіз «команда», өресіз өзімбілермендік, жанында жанашырдың болмауы кімдерді сарсаңға салмаған. Қазір жұртқа Шымкент үшін намыстанудан гөрі, сүрінген жерден келемеж іздеу керек болып тұрған жоқ па?
Жуырда «Время» газеті 24.10.2017 №161 санының 1-бетін- де жарқыратып «Как глава Южно-Казахстанской области мэра Шымкента разоблачил» деп жазып, бүйрекке біз тығып алғандай етіпті. Ал, 3-бетке жариялаған мақалада: «Каким нормативным актом оформлено это решение о запрете использования служебных авто? И каким нормативным документом водители будут отправлены в отпуск без содержания?» деген екі сауалы болмаса, қалғаны әкім Ғабидоллаға қатысты жеңіл ойлар мен кекесіндер.
Енді екі айдың ішінде Шымкенттің Астана мен Алматыдай құзыретке ие болатынын білетін қала тұрғындары Шымқаланың басшыға жаритынына әлі де үміттене қарайтын сияқты.
Ә.МҰРАТБЕКОВ