Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»

  1. Сіздің баға жетпес қуатыңыз мән-мағынасыз нәрселермен айналысуға және болмайтын жайларды ойлауға босқа жұмсалып кетуі мүмкін. Сіздің ақылыңыздың бар болғаны 1,000 ватт қуат бірлігі бар делік. Сіз өзіңіз жұмыс істеп отырған, кешке дейін қайткенде де бітіруге тиіс жұмыстан басқа бір ұсақ-түйек мәселеге алаңдап, ойыңыз бөлінген сайын сіз 100 ватт жоғалтасыз. Сөйте-сөйте көп өтпей бар қуатыңыздан айырыласыз. Ақылдың табиғаты да сондай. Оны тәртіпке салуды доғарсаңыз, бар қуатыңыз таусылып, бар еңбегіңіз зая кетеді. Ал ақыл-ойды бақылауға алсаңыз, ұлы істердің қалай жасалатынын өзіңіз көресіз. Сіз өз бойыңызда күш-қуаттың артқанын сезіп, қиын міндеттерді оп-оңай еңсеретін боласыз. 19 ғасырда өмір сүрген философ Анри Фредерик Амьель мұны былай қорытқан: «Әрекет ету үшін ерік қуатымен біріккен ойдың тарлығынан пайдалы ештеңе жоқ».
  2. «Сіз әрекеттің дәнін сепсеңіз, әдетке ие боласыз. Әдеттің дәнін сепсеңіз, мінезге ие боласыз. Мнездің дәнін сепсеңіз, тағдырға ие боласыз» деген сөздің жаны бар. Адамның болмысы оның мінезіне байланысты, сондықтан сіздің мінезіңіз ешкімге ұқсамайтын, дақ түспеген және мықты болуы керек. Егер бірдеңені міндетті түрде істейтініңізге сенімді болмасаңыз, оны істеймін деп уәде бермеңз. Шыныңызды айтыңыз және сөзіңізді желге ұшырмаңыз. Қарапайым, турашыл және сабырлы болыңыз.
  3. Табиғаттың басты заңы есіңізде болсын: жақсылық жамандықты міндетті түрде жеңеді.
  4. Ақыл-ой білуге құмар болса – бұл бітпейтін мереке. Кетпес бақыт пен тыныштыққа қол жеткізу үшін сараңдық пен дүниеқұмарлықты басып-жаншу керек. Қолыңызда барға қанағат етіңіз. Сізге шынымен осы материалдық құндылықтардың бәрі керек пе?
  5. Күн сайын жаңа дос не таныс табыңыз. Пайдалы байланыстардың тізімін көрінетін жерде ұстаңыз. Бай қарым-қатынас – бұл толыққанды, бай өмірдің кепілі.
  6. Ескі үнді мақалын есте ұстаңыз: «Егер сіз өз ақыл-ойыңыздың қожайыны бола алсаңыз, онда бүкіл әлемнің қожайынына айнала аласыз».
  7. Материалдық құндылықтардан гөрі бақыт сезіміне көбірек мән беріңіз.
  8. Қалыптасқан пікірлерге қарамастан, күйзеліс соншалықты жаман емес. Ол бізге өз қабілетімізді сарқа пайдаланып әрекет етуге мүмкіндік береді және ағзадағы хмиялық элементтерді босатуға көмектеседі. Зиян келтіретін – үлкен күйзелістер, дұрысы, күйзелістік жағдайдан шыға алмау. Денсаулықты сақтау үшін күйзеліс кезеңдерін толық босаңсу мен демалыс кезеңдерімен теңестіру қажет. Біздің заманымыздың көптеген ұлы адамдарына үлкен жұмыстар атқаруға және жауапкершіліктің ауыр жүгін көтеруге тура келген. Бірақ, олар күйзеліске түскен жоқ, қайта өсіп-өркендеп жатты. Себебі, олар үлкен жүктеме кезеңдерін демалыс пен тыныштық кезеңдерімен кезектестіру стратегиясын жасап алған. Мысалы, Джон Кеннеди өзінің Ақ үйдегі кеңсесінде мызғып алғанды жақсы көрген. Уинстон Черчилль сергектігі мен сабырлылығын сақтау үшін түскі астан кейін бір сағат ұйықтап алатын болған. Денені босаңсыту тек денсаулықты сақтау үшін ғана маңызды емес, ол ой-сананың тыныштығымен де үйлесуі керек. Адамдар көбіне барлық дерттің емі – үздіксіз дене жаттығулары, жақсы тамақтану мен жағымды демалыс деп ойлайды. Осының бәрін дұрыс ойлау мен ой-сананың тыныштығымен үйлестіру керек – сонда нағыз бақыт пен ұзақ өмірге қол жеткізуге болады.
  9. Бір күннің ішінде біраз уақытқа ой демалысына кету әдетін қалыптастырыңыз. Таңертең 5 минут Бермуд аралдарына сапар шегіңіз. Түстен кейін Жерорта теңізінде жүзіп жүргеніңізді, ал кешкісін жұмыстан кейін не ұйықтар алдында Альпі тауларының етегінде шаңғы теуіп жүргеніңізді елестетіңіз. Осыны маңызды кездесулеріңізбен қатар күнделікті жоспарыңызға енгізіп, 2 ай бойы үзбей қайталаңыз. Нәтижесі таңқалдыратын болады.
  10. Өзгерістер де демалыс сияқты өте пайдалы. Бұл жұмыс ауыстыру тәрізді маңызды өзгеріс пе, әлде аптасына үш рет бір сағаттан ұйықтау тәрізді болмашы өзгеріс пе, әйтеуір күнделікті күн тәртібіндегі және қалыптасқан санадағы мұндай өзгерістер өте қажет. Өзіңіз айналысатын қызмет түрін таңдағанда, бүкіл назарыңызды өзіне аудара алатын және бар жан-тәніңізбен айналысуыңызды қажет ететін жұмысты табуға тырысыңыз. Ол сіздің ой-санаңызды күнделікті күйбең тірліктен азат ететіндей болуы керек. Көптеген менеджерлер жекпе-жек өнерімен осы себепті айналысады. Егер сіздің ойыңыз бір сәтке алаңдаса, сізді ащы сабақ күтіп тұр. Ал тәтті етке тиген ащы таяқ әрдайым алға ұмтылдыра түседі.

     

    (Жалғасы бар). Аударған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.