«Вандализмге жол жоқ»: 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген

Вандализмге жол жоқ! Осындай ұранмен «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы ел дамуына қатысты ой-толғамында атап өткендей, ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі. Алайда, соңғы кезде вандализм, әсіресе қорықтар, табиғи саябақтар мен киелі орындарда орын алған келеңсіз оқиғалар туралы хабарламалар жиілеп кетті.

Сондықтан, тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында, сондай-ақ, туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру үшін «Жастар рухы» Жастар қанаты ұлттық қазынаны қорғауға арналған акцияны бастады. Атап айтқанда, белсенділер еліміз бойынша ескерткіштерді, онымен іргелес аумақты тазартып, ретке келтіреді. Жастар осы іспен қатар туған өлкенің тарихын, дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды зерделеуге мүмкіндік алады.

Бүгінде 50-ден астам рухтастар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасын тазалауға кірісіп кетті. Бұл жартас – тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар мәдени мұра. Акцияға волонтерлерге әдістемелік және басқа да жалпы көмек көрсететін Ұлттық парк пен облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары қатысады.

«Жастар Рухы» белсендісі Жасұлан Рахымов вандализммен тек күш біріктіре отырып күресуге болады деп есептейді.
«Осындай жерге келетін кейбір адамдардың әрекеті көңілге қаяу түсіреді. Адамдардың демалуға келетіні түсінікті, бірақ бұл табиғатқа тағылық жасап, оны қалай болса солай бүлдіруге болады деген сөз емес қой. Ондай әрекетке барған адамдар өз ісі үшін ұялып қана қоймай, жасаған әрекеті үшін заң алдында жауап беруі, айыппұл төлеуі тиіс. Ата-бабамыздан мұра болып қалған кең-байтақ даланың әрбір бөлшегін таза ұстауымыз керек», – деді ол.

Болашақ ұрпақтың игілігі үшін табиғатты сақтау – «AMANAT» сайлауалды бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, құжатта табиғат қорғау іс-шараларының сапалы іске асырылуына тұрақты партиялық бақылау жүргізу көзделген.

Ескерткіштерді қалпына келтіру және тазартуға арналған акция еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады. Күні ертең «Жастар рухы» белсенділері сарапшылармен және қоғам белсенділерімен бірге еліміздегі барлық ұлттық паркке, «Аққайнар» петроглифтік кешеніне, «Тамғалы-Тас» шатқалына және басқа да нысандарға барады.

Вандализм, ғимараттар мен мүлікті бүлдіру – қоғамдағы проблемалардың бірі. Себебі мұндай әрекеттер қаланың көркеюіне кері әсерін тигізеді. Тіпті, шалғай аймақтардан бөлек, елорданың өзінде полиция қызметкерлері аталмыш фактілерге жиі куә болып жатады.

Ұстамсыздық пен шектен тыс агрессияның көрініс табуы заң мен тәртіпті бұзып қана қоймай, айналадағыларға айтарлықтай зиян немесе шығын келтіруі мүмкін.
«Вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жасаған Жолдауында.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін елорда көшелеріне күн сайын 2 500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері кезекшілікке шығады. Қоғам белсенділері және еріктілермен бірлесіп, тұрақты негізде “Тоқта, вандал!” акциясы өткізіледі.
“Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны, адамды қорлағаны, ғимараттар мен өзге де нысандарды бүлдіргені және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік, яғни 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.