Арайлым БЕЙСЕН, жас әнші: «ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ»

 Әлеуметтік желі, интернет иірімдері жайлы қоғамда қарама-қайшы пікір көп. Бірі жастардың таңалакеуімнен қара кешке дейін алақандай экранға шұқшия отырып, бейәдеп дүниелерді көретініне қынжылса, енді бірі ағымдағы ақпараттарды жылдам тарату жағынан интернет желісінен артық дүние жоқ екенін айтады. Әрине, әр нәрсенің жақсы да, жаман жағы болатыны сияқты, заман талабына сай жетілдірілген интернет иірімдерінің де пайдалы тұстары көп екенін естен шығармаған жөн. Мәселе кімнің қалай пайдалануында болса керек. Бір сөзбен айтқанда, интернеттен әркім өзіне керегін іздейді. Біреу ә дегеннен ағымдағы ақпараттарға шолу жасаса, енді бірі танымдық тақырыптарды, тағы бірі қызықты оқиғаларды қарағысы келеді. Көпшілік болған соң, бейәдеп дүниелерге бүйрегі бұратындар да болады.

Өз басым, интернетті мәлімет алу үшін ғана пайдаланатын едім. Кейінгі кезде «Фейсбук» желісіне жиі және ұзақ шұқшиятын әдет пайда болып жүр. Әр таңда көңіл сергітетін ән іздеймін. Әсіресе өнер жолындағы рухани қарындасым Арайлым Саттарованың әндерін асыға күтетін болып алдым. Бір қызығы, әнсүйер ағасының жаңа ән күтіп отырғанын сезгендей Арайлым да гитарасын алып, әлеуметтік желінің алақандай экранына шыға келеді. Әуелетіп отырып жаңа әнін орындап береді. Бірінің сөзін өзі жазса, енді бір әндерге белгілі ақындардың өлең шұмақтарын пайдаланады. Осылайша әр таңда өзінің әдемі әндерімен, майда қоңыр дауысымен өз тыңдармандарын, өз тілеулестерін қуантып келеді.

Арайлым Бейсенқызымен біз он үш жылдан бері таныспыз. Шардара ауданындағы «Шартарап-Шарайна» газетінде бірге жұмыс істедік. Жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жас маман бізге тілші болып орналасты. Қара сөзден гөрі жаны өлеңге жақын қарындасымыз алғашқыда жиналыстарға барып, көрген-білгенін өлеңмен жазып келіп жүрді. Кейіннен мақала жазудың қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған ол тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап тастап, қолына домбырасын алып, әнге басады. Түн жарымына дейін газет беттеп, шаршаған уақытымызда Арайлымға ән салшы деп қолқа саламыз. Шығармашылық ұжымды негізінен жастар құрайды. Редакцияның аядай бөлмесін әнге бөліп, талай таңды бірге атырған қызықты күндерімізді бүгінде қимастықпен еске алып отырамыз. Сол кездің өзінде Арайлым журналистикамен бірге әншілікті де қатар алып жүріп, бірнеше байқауларға қатысты. Бәйдібек ауданында өткен «Шаянға барсаң әншімін деме» атты облыстық бауқауда Шардараның атынан барып, жүлделі үшінші орынды олжалап қайтты. Журналистика жолында да жеткен жетістіктері аз емес, талай рет аудан басшыларының «Алғыс хат», «Мақтау громаталарын» алып, жас тілші ретінде өзінің оқырмандарын тапты. Әке атын қалыптастырды.

Әке демекші, талатты қыздың әкесі Бейсен ағамыз да өнерден құралақан емес еді. Оқығаны, көңілге тоқығаны көп ол кісі ептеп өлең жазатын. Үлкен қызметтерде жүріп қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылатын. Кейінгі кезде жазған-сызғандарын жинақтап, алдыңғы буын ағалардан естігінін түптеп, шежіре дайындап жүргенін айтқан еді. Амал қанша, арманшыл ағаны сұм ажал арамыздан тым ерте алып кетті. Соңғы кездескен күндеріміздің бірінде өзінің біраз ішкі сырларымен бөлісіп, қызының аяқаласына қуанып, «Осы қызым түбінде менің атымды танытатын болады» дегені бар еді. Бар болғаны қырықтан енді асқан, елге қызмет етудің нағыз үлгісін көрсететін шақта, бар үмітті ізіндегі ұрпағынан күтетінін айтып отырған ағаның өмірі өтіп бара жатқанын қайдан білейік. Дегенмен, жас әнші, әуесқой сазгер Арайлым Бейсенқызының бүгінгі еңбегін, бүгінгі жетістіктерін көріп отырып, әке үміті бірте-бірте ақталып келе жатқандай әсерге бөлініп отырмыз. Белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған Сәнді Ақылайдың әні «Өмір қайтып келмейдіні» тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Сондай-ақ, сөзі мен әнін Гүлнар Шәмшиева жазған «Жомарт Аллам», «Жаныңда күліп жүремін», «Жаза бер», Фатима Жүнісованың сөзіне жазылған «Мейірімді әйел», «Жүздесейік жақсылар» әні, Серік Балтаның сөзіне жазылған Қайрат Темірғалидің «Досыма», сөзі мен әнін Қ.Темірғали жазған «Пәк сезім», Оңталап Базаралиевтың сөзіне жазылған «Ана», Гүлбақыт Қасеннің сөзіне жазылған Г.Шамшиеваның «Тамыз әні», сөзі мен әнін өзі жазған «Ән болып төңіл назды үнім», Сәнді Ақылайдың сөзіне жазылған Ардақ Алмағанбетовтың «Үмітім», О.Базаралиевтың «Аңсадым сені», С.Ақылайдың сөзіне жазылған Г.Шәмшиеваның «Ауылға бардым» әндері бүгінде әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан лайықты бағасын алған, дәргейлі дүниелер деуге болады. Осы тұста жас таланттың танылуына әлеуметтік желінің қаншалықты ықпал еткенін де айта кетейік. Сәнді Ақылайдың «Төлеген — өлең» әні әлеуметтік желі арқылы көзге түсіп, таяуда оның орындаушысы Арайлым Саттарова Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына орай Астанада өткен кешке арнайы шақырту алады. Міне осылайша әлеуметтік желі тасада танылмай жүрген жас талатты Астананың төрінен бір-ақ шығарады. Ұзағынан болсын дейміз…

Талант кімдерді тәнті етпей, кімдерге пайдасын тигізбей жүр дейсіз. Өз басым таяуда талантқа бас иіп, тағзым ететіндей жағдайдың тағы куәсі болдым. Мақтааралдық әріптес әпкеміз, журналист Жұмагүл Асабаеваның бұл фәніден өткеніне де он үш жылдың жүзі болып қалыпты. Ауданнан шыққан алғашқы журналист әйел, ізгілік пен инабаттылықтың үлгісіндей болған жанның жақсылығын айтып, өлең арнап жүрген әріптестері аз емес. Өмірлік жолдасы, өнер жанашыры Алтынбек ағамыз артында қалған мұраларын жинақтап, бірнеше кітап етіп шығарды. Көктемге қарай еске алу кешін өткізуді жоспарлап жүргенін жеткізді. Рухани інісіміз ғой, оған құрқол баруға болмайтынын ойлап, жаңа ән жаздыруды ойладым. Жаныма жақын түйілген Алтынбек ағамыздың сөзіне жазылған «Жалғыз аққу» мен Боранбай Құдияровтың «Әпке» өлеңін сазгерлігімен жаңа қырынан танылып жүрген Арайлым қарындасымызға ұсындық. Сізге өтірік, маған шын, айналасы бірер аптада бас-аяғы жұп-жұмыр, жүректерді елжіретіндей жап-жақсы ән өмірге келді. Қуанышымды алдымен Б.Құдияров ағаммен бөлістіп, «ә дегеннен мынадай әнді жуу керек» деді. Алтекеңе тыңдаттық, жоғары бағалады. Жаңа әнге клип түсірткзетінін жеткізді. Талантқа тағзым деген осы болса керек.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ    

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.