Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиеваның назарына! МЕКТЕП БІЛІМ БЕРЕ МЕ, ӘЛДЕ ЖЕКЕЛЕГЕН ФИРМАЛАРДЫҢ МҮДДЕСІНЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙ МЕ?

Бүгінде мектептегі мұғалімдер мен оқушылардан ақша жинау мәселесі жиі айтылатыны жасырын емес. Әлеуметтік желілер де күн тәртібіндегі мәселенің көрігін қыздырып, қоғамдағы «күйіп» тұрған тақырып төңірегінде өзара пікір таластырып жатады. Бірі мектептегі «бассыздықты» айтып байбалам салса, енді бірі «ремонтқа» да ата-аналардан ақша жиналатын айтып, мұң шағады. Тағы бірі киелі оқу орнын «базарға» теңейді. Жел сөзге ерік беріп, желіні шулатып жатқандардың қай сөзіне сенесің, дегенмен «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген тағы бар.

Осыдан бір-екі жыл бұрын болса керек, «Фиркан» ойын-сауық орталығына оқушыларды апару үшін 200 теңгелік билет дайындалғаны жайлы хабар тараған еді. Оны ата-аналардың бірі «бақыт билетіне» теңеп, әлеуметтік желіге жариялап жіберген соң іле-шала ақпараттық құралдар іліп ала жөнелгені бар. Бірақ, Бақыт Молдапанаев есімді желі қолданушының аты жөні соқырға таяқ ұстатқандай анық жазылғанымен білім бөліміндегілер желі қолданушылардың қолтығына жел бүркіген «бақыт билетінің» авторын таппай, ақыры сиырқұйымшақтанып барып ұмытылғандай болды. Бір қызығы, сол кезде «ондай мәселеге жол бермейміз» деп шала бүлінген жауапты басшылар бүгін тағы сондай «сорақылыққа» жол беріп жатқанын байқамай қалған сияқты. Мысалы, біздің ұғымымыздағы мектеп балаларға білім беретін, тәрбиелейтін орын. Ол жерге кез келген көлденеңатты келіп, өзқ мүддесіне байланысты жұмыс істеуіне болмайды. Мекеме басшылары өз ұжымында не болып жатқанын білуге тиіс. Демек «фирканның» кезекті билеттерін таратып жүргенінен хабардар. Оқушылардың қолында жүрген жылтырақ қағаз оны тәрбиелеп отырған мұғалімдердің назарынан тыс қалуы мүмкін емес.

Ал, сорақылық дегенге келетін болсақ, аталмыш билетте бес аттракционға тегін отыруды жарнамалай отырып, қалайда баланы қызықтыру керек екенін байқатады. Сөйтеді де жанамалай отырып өздерінің басқа қызметтерін тыққыштайды. Сенбесеңіз ережесін оқып көріңіз. 1. Бұл купон бес аттракционға тегін отыруға мүмкіндік береді. 2. Егер де сізде карта болмаса, кассадан сатып ала аласыз, карта құны 200 теңге. 3. Бұл купон тегін таратылады. Бір купон тек бір балаға ғана жарамды. 4. Бұл купон топпен кіруге арналмаған. 5. Купон 28.02.2018 жылға дейін жарамды. 6. Ойын картаны 5 000 теңгеге толықтырған жағдайда Funky Town ұсынған 1 000 000 теңге ұтыс ойынына арналған қосымша 5 тегін купон беріледі. Ұтыс ойын 2018-ші жылдың 22-ші наурызында «Фиркан City» өтеді. (Купонды картаға салу үшін міндетті түрде ойын картаны кем дегенде 500 теңгеге толтыру керек, автомат ойындарын ойнау үшін).

Осылай деген ұзақ сонар сөздің арасынан біз балалардың қауіпсіздігі жайлы бір ауыз сөз таппадық. Оны кім апарады, қалай апарады – ол жағы да түсініксіз. Жылтырақ қағазға әдемілеп шығарған жарнамасынан қалай да ақша істеу керек деген ниетті аңғардық. Бәлкім, бала тағдырын ойыншық көріп отырғандар билет сатылса, ақша жиналса болды деп отырған шығар. Ертеңгі күні бір Ташмат әкә келеді де, өзінің сықырлап қалған автобусына балаларды толтырып ала жөнеледі. Бала болған соң арасында еркетотайлары да болады. Бір-бірінің үстіне мінгесіп, әлімжеттілік жасамауына кім кепіл? Жаман айтпай жақсы жоқ, басиесіз балаларды топырлатып жүріп бір жағдайға ұрынып қалсақ оған кім жауап береді? Әлде оқыс оқиғаға жол беріп алғаннан кейін барып бір-бірімізді кінәлап шыға келеміз бе? Неге ондай олқылықтарға жол бермеудің амалын қарастырмаймыз? Әрине, бұл бассыздыққа барып отырғандарды білім бөліміндегілер білмей отыр дей алмаймыз. Бәлкім, бұған көз жұма қарап отырғандардың да аузы майланып қалған шығар. Өзіңіз ойлап көріңізші, Шымкенттегі жүз елуге жуық мектептің жүз мыңнан астам оқушысының  он пайызы 200 теңгеден жинап беретін болса, қанша ақша жиналады? Оған жаңа жоғарыда көрсетілген қосымша ынталандыру ойындарын қосыңыз.

Таяуда Ақтөбе облысында орын алған өртенген автобус оқиғасы дүйім жұрттың жағасын ұстатты. Бір мезетте елу екі адамның отқа оранып, алаулаған қызыл жалынға күйіп кеткенін көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Кейіннен анықталғанындай автобус біраз жылдан бері арнайы тексеруден өтпеген екен. Демек, оның  адам тасымалдау үшін рейске қойылғанын өзі дұрыс емес. Оған кім жауап береді? Біз неге осы олқылық орын алмай жатып дабыл қақпаймыз? Мұндай сорақылық алдағы уақытта тағы қайталанбауы үшін неге тиісті адамдарды жауапқа тартпаймыз? Біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз де, міне, осыған саяды. Бүгін қалтаның қамымен жасалған пендешілік қарекет, ертеңгі күні қасірет болып жатпасын деңіз.

Осыдан біраз жыл бұрын біздің редакцияға шымкенттік Рахым Өтенов есімді азамат арызданып келген еді. Кіші баласы Шаруханмен Тараз қаласына қарай өз көліктерімен шыққан олар, жолда жүрісі суыт автобусты көреді. Қарсы бағытта шайқатылып келе жатқан автобустың жүрісінен секем алған олар көліктерін жол жиегіне шығарып тоқтап тұрады. Мақсат – жүрісі ұнамаған автобусты өткізіп жіберу. Бірақ, ажал туралап келсе алмай қоймайды екен, автобус өз жолынан ауытқып, қарсы беттегі жолға шығып, одан өтіп жол жиегінде тұрған бұларға соқтығысады ғой. Сол жерде Шерухан көз жұмады да, Рахым аға ауруханада ес жияды. Кісі өлімі орын алған соң тексеру-тергеу басталады. Анықталғаны – бұл автобус та біраз жылдан бері арнайы тексеруден өтпеген екен. Сонда қалай, адам өлімі орын алмаса оның заңдылығы тексерілмей ме? Мүлдем тексерілмейді десек, мұнымыз ақылға сыймайды. Алайда «шымкентшелеп» тексерілетін жұмыстың үнемі осылай шикілігі шығып жататынын бүгінде жеті жасар баладан жетпіс жастағы қарияға дейін айтып отыратын болған емес пе? Біз де бүгінгі тақырыпты қауіп еткеннен көтеріп отырмыз. Тек көтеріп қана қоймай, білім ошағына келіп, балаларға купон тарататындардың бұл әрекеті қаншалықты заңға тура келетінін білгіміз келеді. Айтылған мәселелерге байланысты тиісты сала басшылары елге жария ететіндей тұшымды жауап береді деген сенімдеміз.

                                                                                                                                                       Айдын СӘТЖАН

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 51- бабы 4-тармағында — «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог жұмыскерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіндігі туралы нақты көрсетілген. Сондықтан да сенбіліктер ерікті негізде өткізіледі, мәжбүрлеуге ешкімнің де құқы жоқ. Сонымен қатар әртүрлі мәдени іс-шараларға билеттер сатып алу тек ерікті түрде ғана болуы тиіс. Мұғалімдерді түрлі көше тазалау, үй аралау, қысқы жылу қазандықтарына кезекшілікке қою қысқартылсын» деп жазылған.

 

Фото «Отырар» арнасының сайтынан алынды.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.