ӨТІНІШІ «ЖОҒАЛЫП» КЕТЕ БЕРЕТІН ЖУРНАЛИСТ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫН ӨТКІЗДІ
Таяуда Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Рабат» газеті редакциясының баспасөз орталығында жиын өтті. Оны өткізген ұзақ жылдардан бері журналистика саласында жемісті жұмыс істеп келе жатқан ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Орта Азия» және «Студент газеті» басылымдарының директоры Боранбай Құдияров. Оған Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілдері мен жергілікті газет пен телеарна тілшілері қатысты.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Б.Құдияров: «Мен бұл жиынды өткізуге не үшін мәжбүр болдым?» деген сауалға жауап беруден бастады. «1988 жылдан бері Шымкент қаласының тұрғыны ретінде тіркеуде тұрамын. Үш рет, біріншісі 1992 жылы, екіншісі 1996 жылы, үшіншісі 2006 жылы жер алу үшін өтініш жаздым. Бірақ, неге екенін менің өтінішім ізім-ғайым жоқ болып кете береді. Қазір қалада 120376 (!) адам кезекте тұрады екен. Мен де соңғы тіркелгенім бойынша сол құрамда бармын. Жасым 68-ге толды. Ол кезек маған қашан келеді?» деген ол одан бері қаншама жерлер берілгенін, өзінің кезегі де астартын біреулерге «қызмет» етіп кеткеніне күмән келтірмейтінін айтып, бұл саладағы былық-шылықты әшкерелеу үшін осындай ашық-жарқын әңгімеге шақырғанын айтты.
Кең байтақ Қазақ елінен алақандай жер алудың азабы аз емес екенін айтқан ол өз басынан кешкен жағдайды баяндап берді. «Шымкент қалалық әкімдігіне 1992-2005 жылдар аралығында жер сұрап бірнеше рет бардым. «Қаланың Бас жоспары жоқтықтан ешкімге жер телімін бере алмаймыз!»-деп шығарып салды. Сонда ол 2006 жылы, бір жыл бедерінде 44000 астам адамның жер телімі кезегін қалай жинақтады? Ол оны қаланың Қатынкөпір ауылдық округінің, Бозарық-Сайрам,т.б. шеткері өңірлерінің ауыл округтары әкімдерінің заңға қайшы берген жер телімдері шешімдерін заңдастыру арқылы жүзеге асырды. Қатынкөпір ауыл округінің әкімі Күлпатшаева деген ханымның өзі дүниеден озып кеткен соң да оның қолы қойылған шешімдер «Самал-3″,»Самал-2» ықшам ауданы болған жерлерде жең ұшынан жалғасып, әр шешім 80-150 мың теңгеден сатылып жатты. Осындай былықтардың ізін жабу үшін Шымкент қалалық әкімдігі мен қалалық жер комитеті 2005-2006 жылы тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін сұрағандарды топырлатып, кезек кептелісін қолдан жасады. Қалалық әкімдіктің 1992-1997 жылдарғы хат-хабарларды тіркеу кітаптарын қасақана жойды немесе қолдан қайта жасады. Соның салдарынан менің 1992 жылғы үй сұраған, 1996 жылғы жер телімін сұраған өтінішім табылмай қалды. Қазір қаланың жаңа аудандарында қоныстанып отырғандардың көпшілігі жер телімдерін әуелгі қала әкімдігі шешімдерімен бөліп алғандар емес,шешімдерді біреудің қолынан сатып алып кейін заңдастырғандар!
1996 жылы жер телімін сұрап жазған өтінішімнің жоғалып кетуіне байланысты Шымкент қаласы әкімдері, әкімнің орынбасарлары атына, «НұрОтан» партиясы облыстық филиалы төрағасы атына бірнеше рет арыздар жаздым. Соның барысында менің жер телімін сұраған өтінішім 2007 жылы Шымкент қалалық әкімдігінен Шымкент қалалық жер комитеті комиссиясы қарауына ұсынылған да еді, сол құжаттар да жоғалып кетті. Ол ол ма, әкім кезінде Ө.Шөкеевтің атына, Атамқұловтың/есеп беру жиналысының/ атына жазған өтініш-арыздарым да анау басқармадан мынау басқарма қақпасына допша тебілді, сырғытпа жауаптар берілді. 2016 жылы Шымкент қаласы әкімі Ғ.Абдірахымовтың атына екі рет арыз жаздым. Арызым бойынша қалалық жер комитеті төрағасының, бір орынбасарының қабылдауында болдым. Жер телімін сұраған өтінішім қасында жинақтаған қосымша құжаттармен бірге жер бөлу комиссиясының қарауына жіберілетін болды. Комиссияның сол кездегі төрағасы, қала әкімінің көмекшісі Агубаевты қала әкімдігіне арнайы іздеп барып та жолықтым. Ол «қазір комиссия мүшелері жазғы демалыста, демалыстан оралып, жиналысымен қараймыз» десті. Құжатарым да жер комитетіндегі комиссия қарауына құжат жинақтайтын жауапты қызметкер қыздың папкісінде дайын жатты, бірақ комиссия менің құжатымды қарамады. Сонан соң таяуда қалалық жер комитетіне барып, әлгі жауапты маман қызды, құжаттарымды іздеттім, әлгі жауапты маман:»Қандай құжат!?.» деп бетіме бажырая қарады. Оның менің өтініш-құжатарым орнына өзі «қамқорлық танытқан» басқа біреудің өтінішін дайындап салып жібергеніне еш күмәнданбаймын. Отыз жылдан бері қалада тіркеуде тұрып, үш рет арыз жазып алақандай жер ала алмасам, сонда не болғаны?» деген аға журналист бұлай сандалып жүрген тек өзі емес екенін де айтып қалды. «Қай күні қала әкімі орынбасарының қабылдауында болдым. Содан шыққан соң екі әйел-ананың қанша жылдан бері жер ала алмай, аяғынан тозып жүргенін көрдім. Олардың қолында заңсыз жер алғандар туралы құжаттар бар екен. Әділдік іздеп сабылып жүргендермен мүддеміз бір болған соң елді жинап, баспасөз мәслихатын өткізетін болып келістік. Кешегі күнге дейін атсалысып жүрген олар бүгін ізім-ғайым жоғалды. Телефоны сөндірулі. Демек, олардың бұл бастамасын біреулер мақұл көрмеген болса керек. Содан амал жоқ, жоқ іздеп сақа басым сопайып бір өзім келдім».
Бұған жауап берген Шымкент қалалық жер қатынастар бөлімі басшысының орынбасары Елдар Нұралиев қазіргі таңда жер алу үшін 2003 жылдан бері кезекте 120376 адам тұрғанын, оның ішінде Б.Құдияровтың да бар екенін, ал кезек осы жылдан бастап қайта түзілгендіктен бұрынғыларына жауап бере алмайтынын айтты. Егер жауапқа қанағаттанбаса арнайы заң орындарына арыздануына болатынын ескертті. Ал, «Оңтүстік Рабат» газетінің редакторы Зәуре Оралбаева, шынында да, шығармашылық деп жүріп өзіне ешқандай жағдай жасай алмаған, бүгінде пәтер жалдап тұратын Боранбай Құдияровқа қоғам болып қол ұшын беруге шақырды. Одан кейін сөз алған ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Нұрхан Сұлтанбайұлы өз сөзін былай сабақтады: «Бұл біздің елдігімізге сын. Өзі отыз жылдан бері қалада тіркеуде тұратын болса, үш рет арыз жазып, онысы «жоғалып» кетсе, демек бұл жерде бір құйтырқылық бар. Мен ойлаймын бүгінгі жиынның да мақсаты – ортадан ақша жинап, біреуді жарылқау емес, қоғамдағы келеңсіздіктерді көп болып шешу, оған атсалысу болса керек. Әйтпесе, кезінде біраз газетердің жарыққа шығуына қызмет етіп, еларалық, халықаралық газеттердің аға тілшісі ретінде танылған әріптесіміз үй немесе жер аламын десе жағдайы жетпеді емес, ол кісінің айтып отырғаны – «Неге өз елімде жерді заңды негізде ала алмаймын?» деген ащы сауал болса керек. Ол кісінің де осы мәселе ащындырып отыр. Шынында да, біреулер гектарлап жер алып, енді біреулер заңды жолмен алақандай жер ала алмауы не деген сұмдық?».
Иә, әріптесіміздің ащынатынындай-ақ бар. Көзі ашық, көкірегі ояу делінетін журналистің өзі отыз жылдан бері алақандай жер ала алмай жүргенде қарапайым халықтың хәлі не болмақ. Осы орайда Боранбай Құдияровтың елге, журналистикаға сіңірген еңбегі жайлы да бірер ауыз айта кетсек, артықтық етпес. Кезінде «Жас қазақ» республикалық газетінің Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы меншікті тілшісі, кейіннен Өзбекстандағы «Нұрлы жол» республикалық қазақ газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болған, 1989-90 жыл аралығында Шымкент қалалық партия комитетінің нұсқаушысы Владимир Григорьевич Литягинмен, А.Гречухамен, А.Алехинмен, Орал Бекболатовпен, Ахметовпен, Ольга Каплинамен, т.б. бірге «Понорама Чимкента»-«Шымкент келбеті» газеттерін құруға қатысқан, қалалық қазақ газетінің атауын қойған, төрт тілдегі «Наурыз» еларалық газетін шығаруға атсалысқан әріптесіміздің еңбегі айтуға тұралық. «1998 жылдың соңында «Шымкент келбеті» газетіне қайтып келдім. 2000-2003 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде де тілші болдым. 2003-2006 жылдары «Асар» саяси партиясының Мақтаарал аудандық 4500 мүшесі бар бастауыш ұйымын ұйымдастыруға қатыстым. Д.Назарбаева мен Шымкент қаласы әкімі Ғ.Жұмжаевтың алдына оралмандарға арналған «Асар» ықшам ауданын құру мәселесін қойдым», — деген оны әліге дейін қоғамдық мәселелерге қозғау салып, қадау-қадау проблемалық мәселе көтеріп келе жатқан журналист екенін ел біледі.
Айдын СӘТЖАН