Жолжазба: БЕКЕТ АТАҒА БАРҒАНДА…

Қазақтың көз сүйсінерлік көрікті жерлері жайлы бұған дейін де аз айтылып, аз жазылған емес. Киелі саналатын өңірлердің адам айтса сенгісіз кереметтері жайлы небір аңыз-әпсаналар бар. Алланың кереметіне шек бар ма, әсіресе, соны сезінген, жан-жүрегіңмен түйсінген сайын таңданысың да арта түседі. Сондай сезімді Пір Бекет атаға зиярат етіп барғанымызда айқын сезінгендей болдық.     

Жалпы, Бекет атаға баруды біраздан бері ниет етіп жүрген едік. Соның сәті өткен тауық жылының аяғына таман түсті. Әрине, бұған дейін де 362 әулиелі киелі Маңғыстау өңірінде болғанбыз. Бірақ, жұмыс барысымен ары-бері жолаушылап өткеніміз болмаса, отбасымызбен арнайылап шыққанымыз осы…

Бекет атаның әулиелігі жайлы ел ішінде аз айтылмайды. Түрлі басылым беттерінде де материалдар жеткілікті. Ақын-жазушылардың арасында да Пір атаға арнап қалам тербемегендері аз. Сол себепті, біз бұған дейін айтылған-жазылғанды емес, өзіміз көзбен көріп, көңілімізге түйгеніміз төңірегінде сөз қозғайық.

…Алматы-Маңғышлақ пойызына жайғасқан соң, қасымыздағы жолсеріктермен жөн сұраса бастадық. Той-жиынға, өлім-жетімге шыққан бірен-сараны болмаса жолаушылардың басым бөлігі жұмысшылар, яғни вахтавиктер… Біз сияқты киелі өңірге зиярат етіп шыққандардың да бір шоғыры бар екенін білдік. Осындайда ойыңа ақын Серік Тұрғынбекұлының «Не бітірдім дейді екен бұл өмірде, Бекетіне бір барып қайтпаған жан» деген өлең шұмақтары еріксіз еске түседі. Кейбір адамдардың жылына кемі бір рет Бекет атаға баруды дәстүрге айналдырғанына кейіннен көз жеткізгендей болдық. Өйткені Ақтау қаласынан оңтүстік үстіртке қарай екі жүз елу шақырымдай қашықтықтағы Оғыландыға баратын қыр бетіндегі жалғыз жолдағы жаңа іздер соны аңғартатындай. Таңалакеуімде шыққан тәу етушілер жол-жөнекей Шопан атаға аялдап, зиярат етеді екен. Түскі дәмін сол жерден татып, екінтінің кезінде Бекет атада болады. Алланың берекелі жері ғой, айдаладағы қалашықта қыз-қыз қайнаған тіршілік. Біз барған күні үш қой сойылып, үш жүзге жуық адамға қонақасы берілді. Қой сойып, қамыр жайып, қызмет жасап жүргендер – зияратшылар. Егер ауылда дәл осынша адам шақырып той-жиын өткізетін болсаңыз, сөз жоқ, бір апта бұрын дайындалу керек. Онда да кем-кетігін түгелдеу қиын. Ал, айдаладағы үстіртте күніге осындай жиын. Және арнайы дайындап қойған қызметшілері болмаса да бәріне үлгеріп жүр. Әр қайсысы еліміздің әр қиырынан келсе де бір-бірін бұрыннан танитындай ізетшіл, құрметшіл. Арасында алыс-жақын шет елден ат арылтып келгендері де бар. Тілі бөлек болғанымен ділі бір бауырлар айтқызбай-ақ ұғысатындай. Неткен керемет…

Шамамен бір-бір жарым шақырым төмендегі Оғыланды шоқысындағы жерасты мешітіне қарай ақырын аяңдап келеміз. Арамызда жасы жетпіс-сексенге таяған кейуаналар да бар. Бір таң қалдырғаны, таяқ ұстаған қариялар да еш қиналмастан ары-берісі екі-үш шақырымдай жерді бір деммен жүріп өтті. Шаршағаны, шалдыққаны білінбейді. Жалғыз аяқ жол бойында аялдап, дем басып алатын орындар бар. Өзара әңгіме қызатын жер де осы. «Алғаш 1974 жылы келген едім, — дейді жасы алпыстарды алқымдап қалған Ақтөбенің қазағы. – Ол кезде қазіргідей жол жоқ. Әркім өз білгенімен төмен қарай құлдилай береді. Адам қарасы да қазіргідей емес, сирек-тұғын. Сол сапарымызда үш күн түнедік. Сол үш күннің өзінде адам ізі үзілген жоқ».

Жалпы, таным мен тағылымға толы Оғыланды шоқысының адам таң қалдыратын тұсы көп. Бір қарағанда жер астындағы алып мұражай іспетті. Ақар-шақар тастардың арасынан тәкаппарлана қарап тұратын арқарды, қиыршық құмның бетінде қыздырынып жатқан жылан, кесерткелерді, орғып-орғып жүрген сұр қояндарды көргенде бейне бір зообақ дерсің. Бірақ, нәзіктіктің, сұлулықтың символы саналатын елік-таутекелерің де, қасына кісі баласын жақындата бермейтін даланың үркек қояндары да бұл жерде басқаша, шетінен бәрі тәккапар. Жақындай берсең бір-екі секіріп барып қарап тұратын қояндардың да қорқатын түрі байқалмайды. Осы көрініс әсер етсе керек, ақын Есенғали Раушанов: «Тас дегенім тас емес, шежірем-ді,

Шежіремнің талайды көзі көрді.

Ашық аспан астында галерея,

Галереям сөз алшы өзің енді», — деп өлеңдетсе, Темірхан Медетбек:

«Астасатын Үстіртің қиырымен,

Басталатын алып ой бүйірінен.

«Бекет ата» басында арқар деген,

Үйірімен жүреді, үйірімен», — деп суреттейді.

Иә, ақындар айтқандай бұл жерде арқарлар, тек арқар емес, барлық жан-жануарлар бір-бірін бауыр көретіндей. Бекет ата елді ынтымаққа, бірлікке, татулыққа, ілімділікке үндеді емес пе? Одан қалған із де бүгінде сол мақсатты, сол ниетті жалғастырып жатқандай.

Пір Бекет мәңгілік дамыл тапқан жерасты мешітінен жиырма метрдей жерде «Көз бұлақ» деп аталатын бұлақ бар. Адамдар ұзын-сонар кезекке тұрып, кесемен су алып көзіне сүртіп жатты. Мені таң қалдырғаны, тек бір кеседей ғана су ілінетін бұлықтың суы тауысылып та қалмайды, тасып та кетпейді.

Ізеттілік демекші, Жаратқан алланың мынадай кереметтерінен кейін көңіл сарайың ашылып, өмірге құштарлығың артып, адамға деген мейірімің оянбауы мүмкін емес сияқты. Осы тұста Шымкенттен жолаушылап шыққан бір ағамыздың айтқан мына бір әңгімесі еріксіз еске түседі. «Осыдан екі жылдай бұрын Жаңаөзенге бардық. Журналистің жұмысы белгілі, мұнай саласының қыр-сырына үңіліп, арнайы репортаж жасау… Маң далада мойны қалқиып тұрған мұнараларды, жер астынан қара алтын сорып жатқан қалқымаларды түсіріп, ұзақ жүрдік. Сөйтіп жүріп ұзап кетіппіз, алды-артымызда тек тас жолдан басқа қара көрінбейтін сартап далаға келгенде көлігіміздің доңғалағы жарылып, жолда қалдық. Ақтаудың шаң суырған шілдесі көз аштырар емес. Бір кезде аңызаған желмен жарысып бір «ауди» келе жатты. Қасымызға келіп тоқтағанда білдік, Бекет атаға барып келе жатқандар екен. Жағдаймен танысқан соң: «Әй қасқа, адам деген де осындай шіріп кеткен көлікпен жолға шыға ма?» деді. Мүсіпір хәлімізді көріп мүсіркегені ғой. Жалған намыс кісі алдында кішірейтетін бе еді, сыр алдырмадық. Әйтсе де жапан далада жолығысып қалған жолаушылар сөзсіз ұғынысып, ол бізге өз «запаскасын» сұратпай-ақ беріп кетті. Кетерінде тілдей қағазға телефон нөмірін қалдырып, қалаға жеткен соң хабарласуымызды өтінді. Бөтен біреуге өз мүлкін беріп кете беретін жомарттық, сірә, жарықтық Бекет атаның шапағатымен жалғасып келе жатқан жақсы қасиет болса керек».

Иә, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Атаға барғанымызда бізге жолбасшы болып, жөн-жобасын түсіндіріп жүрген ағамыз Тасболат Ауданов араға бірер апта салып хабарласып тұр. «Шымкентте «Сапа» деген санатория бар ма? — деді салған жерден. – Сол жерде «Қызаннан» Темір деген ағамыз жатыр. Мүмкіндік болса барып жағдайын біл, далаға келгендей болмасын»…

Салып ұрып «Сапаға» бардық. Өзіміз танымайтын адамды іздеп жүрміз. Бөлмесінде екен, ә дегеннен әңгімеміз жарасым тапты. Сөйтсек, бізді жұмсап отырған Тасболат ағаның өзі де ол кісіні көрмеген болып шықты. Бірақ, бір-бірі дегенде қоярға жаны бөлек. Мәнісі мынада екен. Жетібайда кәсіпкерлікпен айналысатын ағамыздың жігіттері жұмыс сапарымен қиян шеттегі Қызанға барады. Бірер күн аялдап қалған жігіттерді Темір ағамыз өзі танымайтын Тасболат ағамыздың өтінішімен үйіне қонақ етіп күтеді. «Ауыл жастары бұзықтау деген соң жаным тынбай таныс іздедім. Бір таныстар арқылы Темір ағаның телефон нөмірін алдым. Жағдайды айта бергеннен: «Бәріміз де қарға тамырлы қазақпыз ғой, сенің жігіттерің менің бауырларым болады, неге қызмет етпеске», — деп шорт кесті. Ол кісінің қонақжайлылығы шығар, кейінгі кезде жігіттер Қызанға баруға құмартып алды», — деп әзілдейді ағамыз.

Әрине, «атың барда жол таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген емес пе дана қазақ. Сол айтпақшы, біздің сапарымыз одан кейін Ақтау қаласының көрікті жерлерін аралаумен жалғасты. Серік Ақжаров ағамыздың бастамасымен Маңғыстаудың өлкетану мұражайында болдық. Кәрі құрлықтың терең тарихымен таныстық. 2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі ең көрікті қала номинациясын жеңіп алған Ақтау, шынында да, көрікті екен.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ   

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.