Айтпаса сөздің атасы өледі. Ардагерлер  кеңесiнiң тынысына тың құлшыныс керек-ақ

Заманның заңғар саясаткері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тынысын тереңнен білгендік тен «Болашаққа бағдар: ру хани жаңғыру» атты мақаласын дер кезінде жариялап, азаматтық институттарды дамытуға соны серпін берді. Ұлттық құндылықтарымыздың көзін ашып, қоғамдағы рухани жаңғырудың бағыт-бағдарларын айқындап, оны жіпке тізгендей етіп қолымызға ұстатты. Бүгінде соны өміршең ету үшін өңірімізде кең ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Қазақ беталдылықтан сақтанған. Ынтымақ пен татулықты басты қағида етіп ұстай жүріп, береке- бірліктің берік негізін жасай алған. Өмір тыныстарында елдің жасы үлкендері мен ел тізгінін ұстаған бауырларын тыңдап, оларға көшбасшылық орын берген. Ұлт қанына сіңген сол бір асыл қасиет халқымызды сан ғасырлардың тар жол, тайғақ кешулерінен де аздырмай-тоздырмай аман алып шыққан.

Бүгінде қиял қуып жете алмайтын өмір өзгерістері жаңалық болудан қалып бара жатса, мына жақта рухани азғынданудың адамзатты қайтадан жабайылануға жетектеп бара жатқаны да бар. Рухани азғындықтың белең алып жатқаны жұртшылықты алаңдатуда.

Қазақтың сенері-ел тізгінін ұстаған азаматтары мен ақсақалдары. Ақша бірінші орында тұратын қоғамда қарапайым халыққа қызмет көрсетудің мінсіз болатындығына кепілдік бере аламыз ба? Елге иелік етуде жанашырлық көрсетудің басында жүреді дейтін ардақты ардагерлеріміз бен ақсақалдарымызды капитал қоғамы өз ағысының иіріміне тартатынын көз көріп, құлақ естімей отырған жоқ.

Елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің елжандылары аға буынның қоғамдық белсенділіктері төмендегеніне сыни пікірлер айтып жүргенін есітіп, көріп-біліп-ақ отырмыз. Бірақ, селт етер емеспіз.

Бүкіл елімізді дүрліктірген Сарыағаштағы сорақылықтан кейін біз де өзімізге-өзіміз сын тұрғысынан қарап,  облыс  басшысы ұстанатын «Ашық әңгімеге» барғанды жөн көрдік. Айтарымыз, Елбасы үлкен сенім көрсетіп отырған Үкіметтік емес ұйымдардың ішіндегі қазақтың үлкен – кішісі бетіне қарап жәутеңдейтін ардагерлердің ұйымына қатысты болмақ. Сарыағаштағы жағдайға төзгісіздік көрсетіп, ел Парламентінің депутаты бастап, республикалық қоғамдық ұйымдар араласып жатқанда  өңірге белгілі азамат Ж.Мәуленқұлов жетекшілік ететін облыстың ардагерлер кеңесінің «моя хата с края» жасағанын түсінбедік. Бірақ, түсінбейтін несі бар, кешегі Мәскеудің «ЦК-сындай» биікте тұрып, өңірдің қарапайым халқының өмір тынысындағы өзекті мәселелерден өздерін аулақ ұстайтын облыстық ардагерлер кеңесінің сыры облыс жұртшылығына бесенеден белгілі емес пе? Ж.Мәуленқұлов облыстың ардагерлер кеңесін өзінің жеке меншік «фирмасындай» шиырып ұстайтынын білсек те, кеңес мүшелері бар ғой, оңтүстіктің жаманаты шыққанына намыстанса, бір Үндеу, не ата-аналарға Ашық хат, тіпті болмағанда бүлдіршіннің тағдырын «ойыншық» етуді жұртқа жайған БАҚ өкілдеріне аталық өкпе-назын білдіретін сөз арнар деп ойладық.

Сенбейтінбіз, сонда да күттік. Елдің дүрлігіп жатқаны ой салмауы мүмкін емес қойдеп ойлаған болатынбыз. Өйткені, кезінде облыстан шығатын «Әділет» газетінің шектен шығып кететініне шыдамаған аға буын өкілдері елге белгілі азамат У.Сүлейменовтың бастамашыл-дығымен 15 кісі қол қойып, Үндеу даярлайды. Облыстық ардагерлер кеңесін де құлағдар ету үшін, оны Ж.Мәуленқұловқа апарып көрсетеді. Ал, кеңес төрағасы болса; «Мен Бас редакторды шақырып сөйлесемін, жарияламай тұрыңдар», — деп қайтарады.

Сол Үндеу ізім-ғайым жоғалды. Ал бас редактордың Ж.Мәуленқұлов машина жіберсе де оның алдына бармайтынын жұрттың бәрі біліп отырды. Ол аз болса, осы газеттің облысқа белгілі дәрігер М.Егізбаевқа негізсіз тиісетіндігі жайлы «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы бар 7 кісінің «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Ашық хаты жарияланды. Бұл кезде де Ж.Мәуленқұловтың жетекшілігімен жұмыс істейтін ардагерлер кеңесі «түйе көрдім – жоқтың» кейпін киді.

Сонда, біздегі облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысы оның жетекшісінің облыс басшылығы өткізетін жиындарға төбе көрсетумен ғана аяқтала ма? Олар өздерін ел-жұрттың іздейтінін біле, өзі? Ел болған соң, небір өзекті мәселелер шығады. Ел-жұрттың ортасында қарасын көрсетпейтіндігіне қарағанда, дәл сондай кезде бұлар қысқа мерзімді демалысқа шығып кете ме, әлде?

Маятастағы жағдай облысты ғана емес, республиканы аяғынан тік тұруға апарды. Сын сағатта сол жерде ардагерлер кеңесіндегі ағалар емес, нағыз елжанды ауғандық ардагер, «Ел бірлігі» қорының директоры Мұхтар Мұхамеджан ғана бірнеше күн уақытпен санаспай жергілікті тұрғындармен жұмыс істеді. Ардагерлер кеңесі қайда болды?

Сарыағашта қазақ пен тәжік жастары арасында болған қанды кикілжіңнің кезінде де, облыстық ардагерлер кеңесі бұқпалап қалған жоқ па? Тағы да есімі елге танымал дін қайраткері, нағыз отаншыл бауырымыз Әбдіғаппар Сманов күн мен түнге қарамай, жастардың ортасынан шықпады. Қызуы қайнап тұрған дау-жанжалды тастап кетпей, ел-жұртты сабырға шақырумен жүрді. Ол кісіге риза болмаған адам жоқ. Сол кездерде біздің әспеттеген ардагерлер кеңесіміз қай бұрышта жүрді екен? Әлде бұлар өздерін биліктің бір тармағымыз деп, қарапайым халықтың қасынан табылуды қорашсынғандары ма?

Облыстық ардагерлер кеңесі өңір жұртшылығының өмір тынысындағы өзекті мәселелерге қатысты ақсақалдық жасауға шамасы жетпейтіндігі баршаға белгілі болып қалды. Сыртқа шығып, ел ортасына бару қиын болса, онда жайлы кеңседе отырып, ішкі жұмыстарын қанттай етіп істейтін шығар деп те ойларсыз. Ол жерде де күлдібадам тірліктің көңілге қонымсыз болып жататынын ел-жұрт көрмей-білмей отыр дейсіз бе? Облыстың өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан өңір ардагерлерін ел алдында әспеттеп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етіп көрсетуде облыстық ар- дагерлер кеңесі туралықпен жұмыс істей алмаса, онда өзгелерден не қайыр, не үміт?

Қараңыз, облыс жастарына сапалы білім, саналы тәрбие беруде 50 жылдан астам адалынан қызмет істеген нағыз ел перзенті Әмір Мұсақұловтың аты облыстың төрт бұрышында құрметпен аталады. Болмысы бөлек, нағыз отаншыл жан Әмір Мұсақұловтың өлшеусіз еңбегі оның шәкірттерінің баласы түгілі, немересіне дейін сүйсіне сөз ететініне ешкім де шүбә келтіре алмаса керек.

Осыдан 5 жыл бұрын облыстың экс-әкімі А.Мырзахметов сол кездегі ҚМДБ төрағасы, мүфти Ә.Дербісәліден келген хатқа орай, оның ұстазы, облысқа танымал азамат Ә.Мұсақұловқа «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы тиісті ұйымға тапсырғаны туралы жауап жазып еді. Тиісті ұйымы облыстық ардагерлер кеңесі болса, оның бүгінге дейін жым-жырт жатқаны түсініксіз-ақ. Ұлағатты ұстаз қай жерде, кімнің алдында болмасын шындықты шыжғырып айтатыны ма, әлде «географиясының» жақпай қалғаны ма? Ал, «биографиясына» қарасаң Аяшев сияқтылар Әмір Мұсақұловтың қолына су құюға жарар ма екен?

Ал, есімі облыстың төрт бұрышында ғана емес, республика аумағында ілтипатпен аталатын Түркістандық ақсақалымыз Ж.Әзіретбергеновке өз ауданынан сыртқа басы қылтиып көрінбеген кейбір ардагерлеріге үлестіріліп жатқан атақтың берілмей отырғандығы кімді болса да ойландырмай ма? Ұзақ уақыттан кейін қазағына қайта оралған Наурыз тойын оңтүстіктің жігіттері Алматының қақ ортасында дүркіретіп өткізгенде, соның басында асқаралы азаматымыз Жақан ағамыз жүрмеді ме?

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы сындарлы сәттерінде егеменді ел болудың игі істеріне тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен етене байланыста қоғамдық жұмыстарды атқаруға қатысқан оңтүстіктің төл перзенті Ж.Әзіретбергеновтың ерен еңбегінен біздің облыстық ардагерлер кеңесі хабарсыз дегенге кім сене қояды? Елбасы Н.Назарбаев бүкіл елдің алдында телеарнадан біздің жерлесімізге «менің үзеңгілесім» деген ілтипатты білдіруінің өзі Ж.Әзіретбергеновтың қайраткерлігіне берілген баға емес пе?

Өмір болған соң, ел ішінде кейбір жағдайлар болып жатады. Облыстың Теріскейінен бас- тап, Мырзашөлге дейінгі аралықтағы аумақта туындап қалатын өзекті мәселелердің дұрыс шешіліп, елдің ынтымақ-бірлігінің сетінемеуіне себепкер болып, ел-жұртына ақсақалдық жасап жүргендердің біреуі де, бірегейі де Ж.Әзіретбергенов екендігін бес жасар балаға дейін біледі. Ол кісі ел-жұртының шын құрметті азаматы. Біз Құдайды біліп, халқын сыйлап, ел қамы дегенде туралықты қасқайып тұрып, айтып жүрген 1-2 ғана ел перзенттерін атап отырмыз. «Шымкентшелеудің» біздегі «саяси ойын алаңынан» шыға алмай жүрген жергілікті атқамінерлер мен облыстық ардагерлер кеңесі Елбасы алдымызға қойып отырған «Рухани жаңғырудың» міндеттерін шын мәнінде баянды еткісі келсе, жаңашылдыққа көшкені жөн.

Ол жаңашылдық  облыстың ардагерлер кеңесі төрағасын ауыстырғанда ғана болуы мүмкін. Қай жерде болмасын, жұмыс оның бірінші басшысына тікелей байланысты. Ардагерлер кеңесінде «партократизм» кетіп, демократия келуі керек сияқты. Қазір құрғақ сөзді «жарапазан» емес, нақты игі істердің атқарылғаны керек. Кеңес төрағасы Ж.Мәуленқұлов облыста сіңірген еңбегіне сай екі рет орденмен марапатталды, атақ та алды. Енді ешкімге өкпесі жоқ, облыс халқы бетіне қарап отырған ірі ұйымның тізгінін өткізетін уақыты келді. Ешкім де әлі мәңгілік «сертификат» алмаған болса керек.

Мақсатымыз «бүйректен сирақ шығару» емес, барды-бар, жоқты-жоқ деп айту. «Түсінігі барлар түсінеді ғой» деп барынша қысқа сөйлеуге тырыстық. Оқырман сұраса, кең ауқымды сараптамалық материал жариялауға дайынбыз. Пікір білдірушілердің ойларын да жариялаймыз. Қазаққа ақсақалдар институтынан биік нәрсе жоғын білетін жергілікті билік те, ортақ мақсатқа орайласатын ұстанымда болады деген ойдамыз.

 О.Тәжиев,

«Қазақстан  жолы» газетінің бас редакторы

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.