ЖАСТАРҒА ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ ТҮСIНДIРIЛДI
Иә, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы. Еліміздің ертеңі саналатын жастарға біліммен бірге, саналы тәрбие беру – бүгінгі біздің алдымыздағы ең негізгі мәселелердің бірі. Оң-солын танып-білмеген жас бала айналасындағы қызылды-жасылды дүниеге қызығып, таңданыспен жүретіні рас. Осы бір бәрін білуге, бәрін көруге құмартып тұратын бала көңілін басқа жаққа бұрып, қоғамға жат қылықтармен қызықтырып, адастыруға алып баратындар да жоқ емес. Сол үшін баланы көзден таса етпей, қайда, кіммен жүргенін де қадағалап отыру керек.
Баланың таным-түйсігін дамытуда күнделікті кестеге сай өтілетін сабақтан тыс тәрбие сағаттарының да берері мол. Осындай тәрбиелік мәнге ие іс-шаралар біздің Шымкент қаласындағы №94 жалпы орта мектепте де үнемі ұйымдастырылып отырады. Таяуда «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында өткен тәрбие сағаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған оқушылар да белсене қатысты.
Жетінші сынып оқушыларымен өткен тәрбие сағатында алдымен экстремизм, терроризм, радикализм терминдеріне түсінік беріліп, елімізде лаңкестік әрекетке қарсы күрестің құқықтық негіздері, қазіргі таңдағы ахуалы жайлы айтылды. Мектеп директоры Қ.Арыков іс-шараның мазмұны жайлы, балаларға берер тәрбиелік мәні жайлы тоқталып өткеннен кейін ұйымдастырушы педагог Р.Ақмолда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Т.Абуова, тарих пәнінің мұғалімі Р.Ақмолдаев, тағы басқалар күн тәртібіндегі мәселеге байланысты өзіндік ой, келелі пікірлерін айтып, оқушы балаларға түсініксіз терминдер төңірегінде жауап берді.
Жиын жүргізушісі исламның араб сөзі екенін, ол Аллаға бойұсыну деген мағынаны білдіретінін, оның шығу тарихы VІ ғасырдан бастау алатынын, ислам дінін әлем бойынша 1,3 миллиард адам ұстанатынын айта келе бүгінде кейбір діни сенім ұйымдарының, кереғар ағымдардың пайда болғанына тоқталды. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған ұлы Абай ислам дініне берік болған ғой, ал қазіргі таңда кездесіп отырған келеңсіз жағдайлар неден екенін қарастырып көрейік. Мысалы, «Экстремизм деген не? Қоғамға тигізер әсері қандай?»т.б. сұрақтар төңірегінде дөңгелек үстел жиынына қатысып отырғандар ашық-жарқын пікір алмасуға барды.
Әрбір азамат қоғам тыныштығы үшін діни экстремизмге табанды түрде қарсы тұруы тиіс. Қазақ халқы ертеден-ақ бірліктің, ынтымақтың маңызын жете түсінген. Бабаларымыздан өсиет болып бізге жеткен жүйелі сөздердің бірін айтар болсақ, «Бақ қайда барасың?» дегенде: «Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барамын!»-деген екен. Осынау қанатты сөз бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ.
Кемеңгер бабаларымыз «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегенді бекерге айтқан емес. Елбасымыздың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында біз сөз еткен ұғымдардың ерекше аталып өтуі тегін емес. Сондықтан бәрімізге қастерлі Тәуелсіздігіміздің нығаюы үшін, елімізде ұлтаралық және дінаралық татулықтың сақталуы үшін бір кісідей атсалысайық. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Маржан ЖАКИПОВА,
№94 жалпы орта мектебінің тарих және дінтану пәнінің мұғалімі.
«Қазақстан жолы» газеті, №15 (690), 21.04.2018 ж.
Фото интернеттен алынды.