ДІН және ЖАСТАР
Дін – мемлекеттік саясаттағы, сондай-ақ қазақстандықтардың рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі.Дін мәселесіндегі тарихи факторлардың қазіргі таңдағы әсері еліміздегі діни ахуалдың ерекшеліктерін нақты көрсетеді. Қазіргі кезде елімізде қалыптасып үлгерген ішкі саяси тұрақтылықтың алдағы уақытта да берік орнығуы көп жағдайларда мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп атқаратын жұмыстарына байланысты.
Қазіргі қоғамдағы ең нәзік деп саналатын ауқымды да өзекті тақырыптардың бірі-дін мәселесі. Сондықтан да мемлекетіміз діни экстремизм мен терроризмге қарсы арнайы бағдарлама да қабылдап, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар біздің Шымкент қаласында да өз жалғасын тауып жатыр.
Жастар қашанда ең майысқыш топқа жатады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Дегенмен, бүгінгі дамыған мемлекеттерде зайырлылықтың жүзеге асырылу деңгейі әртүрлі. Жалпы айтқанда, зайырлылық мемлекет билігін діни тап өкілдеріне бермеу дегенді білдіреді, яғни, зайырлылық дегеніміз «дінсіздік» немесе «дінді жек көрушілік» емес. «Зайырлылық» деген сөздің мағынасы – «дін мемлекеттен бөлек» дегенді білдіреді.Зайырлылық – ар-ождан бостандығы және төзімділік сынды ұғымдармен тығыз байланысты.Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін танытады.
Жалпы мен өзім жастар арасында әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды көптеп өткіземін. Атап айтқанда, қайырымдылық бағыттағы іс-шаралар, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс және қарттар үйі мен балалар үйімен жұмыс. Бір байқайтыным, қазіргі уақытта жастар қоғамның әлеуметтік саласына қатты алаңдаулы және шынында да азаматтық белсенділік танытқысы келеді. Еліміздің тәуелсіздік тарихындағы алғашқы кезеңдер ел экономикасын өркендетуге жұмсалса, бүгінгі таңдағы жұмыстар негізінен саяси құндылықтарды барынша дамытуға бағытталуда. Атап айтсам, жастардың діни сауаттылығын арттыру бағытында 2018 жылдың 3 айында Шымкент қаласындағы мектеп жастарымен, орта арнаулы оқу орындарымен және жоғары оқу орындарымен арнайы теолог мамандармен бірлесе 20-дан аса жалпы кездесулер өткізіліп, 2000-нан аса жастарды қамтып жатырмыз. Мәселен, үстіміздегі жылдың 29 наурызында жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында «Болашақ» колледжінде кездесу өткізілді. Кездесуге Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Т.Байменова, әдіскер Д.Аманбаева, өңіріміздегі «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің теолог маманы И.Айтаев пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Н.Тастанбеков қатысса, Шымкент қаласындағыХалықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде өткен осындай кездесуге теолог маман А.Тұрғанбеков қатысқан болатын.
Сондай-ақ қала жастарын жат ағымдардан сақтандыру, деструктивті діни ағымдардың қоғамымызға төндірер қауіп-қатері, экстремизм мен терроризм мәселелерін көтерген келелі басқосулар №83 және №76 жалпы орта мектептерінде, Мирас колледжінде, «Парасат» колледжінде,А.Байтұрсынов атындағы №50 мектепте, Ұлықбек атындағы №3 мектепте өткізіліп, бұл шаралардың басым көпшілігіне Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы КүндебайНұрлан мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Ж.Жұманов қатысып отырды.
Кездесулер барысында жастар діннің жасарып бара жатқандығын, мешіттегі жастардың қарасының қалыңдығын, бірақ ата-аналарының діни сауатсыздығы басым болып отырғанын жиі алға тартып, көкейлерінде жүрген түйткілді сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті,маңызды мәселелерді қозғады. Жалпы жастардың идеологиялық тәрбиесін жақсартуда қашанда қоғамдық іс-шаралар көп көмектеседі. Болашақта жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды әлі де жиірек өткізу керек, бұл бағыттағы атқарылатын жұмыстарды жандандыра түсу керек деп ойлаймын. Өскелең ұрпақ дәстүр мен дінді шатастырмай, ұлттың тірегі бола алатын имани тәрбие жолында жүрсе, еліміздің де келешегі кемел, болашағы жарқын болары анық.Қайсыбір жасқа болмасын өзінің дін туралы таным-түсінігін кеңейтуде тек білім алу аздық етеді, сондықтан қоғамдық шаралар мен түсіндірме жұмыстарына баса мән берген жөн.
Сабира Байзахова, Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы
«Қазақстан жолы» газеті, №15 (690), 21.04.2018 ж.