Рухани азғындау – ұлт трагедиясы
Ішінен тепкілеп, коммунистік моральды жер қылғанда, жеткен биігіміз рухани азғындау ма? Қасиетті Құранда мұсылман үшін ең ауыр үш күнәнің бірі – зинақорлық болса, ол бүгінде өзіміздің «свой» болып кетті десек, ешкім де ренжи қоймас. Кезінде ел Парламентінің кейбір депутатсымағы осы зинақорлықты заңдастырып қояйық деп те оттады ғой. Бүгінде отбасының төріне шыққан зинақорлық үйдің отанасынан өтіп, келін мен бойжеткен қызға өткенін былай қойғанда, 14-15 жасар бейкүнә жасөскіндерді де қатарларына қосып алғанын көз көрмей отыр ма? Оған намыстанып жатқан қазақ жоқ. Адами қасиеттің жауы – жәлептік бүгінде жиреніш тудырмайтын өмір дағдысына айналып бара жатқанына етіміз үйренді. Шымкент қаласының басты көшелерін, ТЖВ, сауналарды былай қойғанда, кейбір аудандардан бастау алып, ауылдарға жетіп тынған жезөкшелікті ұлтқа келген індет деп отырған қазақ бар ма өзі?
Басқаны қойғанда, қазақи жайсаңдығы ілтипатпен айтылатын Қазығұрт ауданының орталығындағы «Жылы су» моншасынан етектегі ескі автовокзалға дейін үш жерде «Жезөкшелер үйінің» бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істейтінін неге айтады, өтірік болса? Қазығұрттың «үш тесігі» мына жағы Ташкенттен Астанаға дейін атағы жеткендігі шынымен рас па? Осындай сыпсыңдаған сұмдықтарды естіп отырған болса, Қазығұрттың қадірменді қариялары қашанға дейін үнсіз отырмақ? Аудандардың ішінде Мақтаарал ауданының «жезөкшелікті өркендетуде» өзгелерді шаң қаптырады деген сөз неге айтылады? Тіпті, бір ауданның әкімінен бастап, кейбір идеолог-замакимдердің «қатынқұмарлығы» өңірдің төрт бұрышында анекдот болып неге айтылады? Осыдан кейін ұлт намысы үшін кімнен медет сұрайсың?
Ел іші намысты, асқаралы азаматтардан кенде емес. Кезінде киелі Түркістан қаласынын ІІБ-сын басқарған полковник Д.Ш-ның қаланың ішін жезөкшелерден тазартуда ерлікке парапар тірлікке барғанын түркістандықтар әлі күнге дейін аңыз ғып неге айтып жүр? Полиция басшысы бір күні кешке қарай бүкіл құрамды қоғамдық белсенділермен қосып жинайды. Ешкімге тіс жармай отырған полковник түнгі сағат 22:00-ден кейін құрамды 3 топқа бөліп, қала көшелерінде жүрген, сауналардағы жәлептерді 3 жерге жинатқызады. Жиналған жезөкшелердің алдына полковниктің өзі барады. Намысы қайнап тұрып бұзылғандарға: «Мен сендерге киелі Түркістанның ішін былғатқызып қоймаймын. Екі күннің ішінде қаладан кетесіңдер, кетпесеңдер, ешкімге өкпелемей, өздеріңнен көріңдер. Есірткімен ұсталып қалуларың мүмкін. Ұсақ сұғанақтық та бар. Тіпті, болмаған жағдайда «арқарлармен» тыржалаңаш жатқан суреттерің ата-аналарыңның, ауылдағы кластастарыңның қолына тиіп қалуы мүмкін. Тағы да айтам, мен сендерге киелі Түркістанды былғауға жол бермеймін» деп, жиналған жезөкшелердің бәрін таратып жібереді. Оның нәтижесінің қандай болғанына бір-ақ мысал бар. Облыстан Түркістанға іссапармен барған жігіттеріміз қонақүйге тоқтайды. Түнде саунаға барған «серілер» ары-бері іздегенімен «гөш» таба алмайды. Түн жарымда ашуға басқан «сері» бір танысына шағымданғандай болып: «Мына начальниктерің «Пәленшеке» дегенге сақалын бояп кеткен бе? Жұмыс істепті, мақұл. Ал сауна мен гостиницада не жұмысы бар ей, мұның?!» – деп шырылдапты. Жамандықты тоқтатудың мүмкіндігі табылады.
Республикаға танымал идеолог, тұлғалы азамат облыста қызмет істеп жүргенінде қазақ жігіттерінің намысын оятқандай болып шырайлы Шымкенттің көшелерін былғаныштан тазарту үшін рейдтер ұйымдастырып, көзімізді ашқандай болып еді. «Көп қорқытады, терең батырады» дегендей, көп болып қолға алған істен аяғын тартпайтын адам болмайды. Оңтүстік осындай жағдайға жететіндей өңір ме еді? Түбімізге жетіп жатқан – намыссыздық, немқұрайлылық. Ең өкініштісі, ұлтымыздың рухани азғындауының басында «крыша» болып құқық қорғау органдарының басшыларының жүретіндігі неге жиі айтылады? Шындығында да, жәлептер көшеде топ-топ болып еркінси жүрсе, онда оның артында біреудің тұрғаны ғой. Бір жәлеп өз бетінше ақша табамын деп көшеге шыға қойсыншы, не көрер екен? Қытайдың торғайы талағандай күйге түскенде, үйін тауып алуға зар болып қалатыны анық.
Бүгінде Шымкентте кеңінен қанат жайған «жезөкшелік бизнесі» жаңа жобамен, яғни «Үштік одақтың» тығыз топтастықта іс-қимылға көшкенін білгенде жағаңды ұстайсың. Үштік: жезөкше, делдал-хозяин, «крыша» еш нәрсені білмегендей момақансығанымен, 1 миллионнан астам қала тұрғыны соның бәрін бес саусақтай біліп отырған жоқ па?
Әділ Мұратбеков