Рухани жаңғыру Түркістанның төрінен басталғандай

(Жалғасы. Басы «Қазақстан жолы» газетінің өткен санында)

Рухани жаңғыруды киелі Түркістанның төрінен басталғандай етудің бастамашылдығын жасаған өңірдің асқаралы ақсақалдарының сөздері салмақты, тірліктерінің тиянақты екендігіне ешкімнің де шүбәсі болмаса керек. Бұл өңірде ұлт құндылықтарының жауһарына жататын салт-дәстүрімізді сақтаудың өміршеңдік табуына да қол жеткізе білген осы асқаралы ақсақалдардың алқасы деуге болады. Тағы да айтсақ артық бола қоймас, түркістандық қариялардың аузынан кейбір жерлерде кездесіп жататындай, анайы сөз айту, жөн-жосықсыз қалжың айтқан болу, болмасты қыртып, жұртты мезі ету сияқты кісі қадірін кетірерлік бейауыздықтың жасалмайтындығын ашық айтуға болады.

Бұл жақта ақсақалдар бірімен-бірі кездесіп, ақылдасып, өзекті мәселені шешуге мүдделі екендіктерін білді ме, болды, ар жағын ешкімнің қолдау-демеуінсіз-ақ өздері алып кетеді. Түсініспестік туындағанда, оған барынша сабырлылық көрсетіп, сергектікпен қарап, қалың көптің ортақ ойымен үндесетіндей етіп шешуге кіріседі. Бұра тартып, қисайса, оған лайықты шара да табылады. Бүгінде Түркістан аумағын қоныс еткен қазақтардың өздері ғана емес, «өз ағасы-өзбекпен» біте қайнасып, отыздан астам ұлт пен ұлыстың бір кісінің баласындай өмір қызығын көруге жеткізудегі ынтымақ пен бірліктің тізгіні ауыл ақсақалдарының қолында тұрғаны анық-ақ.

Дала демократиясы әсіре жастарды да  тобасына түсірді

Рухани жаңғыруды нақты іс-жүзінде баянды етуді қолға алған түркістандықтарды бір тығырыққа тірейтін жер – жастардың бірнеше күндік үйлену тойын ретке келтіру шығар дегендердің де күдіктері серпіліп сала берді. Ел ақсақалдары алдымен жастардың өзімен ақылдасты. Көптің басы қосылған жиындар өткізіп, пәтуа жасалатын ойпікір, ұсыныстар ортаға салынып, талқыланды. Әсіресе, даңғазалыққа салынып, ысырапқа баруды тоқтату мәселенің басты тақырыбы болды. Өйткені, ол солай болуға тиісті еді де. Түркістанда басым өзбек ұлты болып, жастардың үйлену тойын 7 күн жұмысты жиып қою тойлау соңғы 20 шақты жылда тұрмыстық дәстүрге айналып кеткен болса, соны рухани жаңғыруға әкелудің пәтуасы жасалынды. Той үш күнде бас-аяғы толық аяқталып бітуі керек. Бұрын 10 лимузиннен кем емес және қаншама қымбат автокөліктер жалдап, күні-түні бей-берекетсіз сандалып, таңнан-таңға ұрып, күннен-күнге ауысып жататын даңғазалық тоқтаса, 600 000 теңгеге дейінгі қаржы босқа ысырап болмайтыны жастарға түсіндірілген.

Ақсақалдар осының бәрін жастардың өздеріне есептеткізеді, «Босқа ысырап болатын 600 000 теңгені жас отауға көрімдік ретінде береміз» деген ортақ шешімге келуге ұйыстырады.Түркістандықтардың бұл бастамасының облыс ғана емес, республикада кең қолдау табатындығын нық сеніммен айтар едік.

Той уақытын реттеу де жөнге келді

Түркістандық ақсақалдар айдан астам уақыттан бері қалың көптің ортасында жүргенде той уақытын реттеудің де жайын қарастырып үлгеріпті. Қазірше ел іші пәтуаға келген болса, алдағы уақытта өтетін алқалы жиында бұл мәселеге нүкте қойылмақ.

Ел ішіндегі басшылық қызметті ұстағалы бері қарапайым халқының ортасынан табылатын Түркістан қаласы әкімі Мұсаев Тәжібек Қалманұлы көптің тынысына қатысты өзекті мәселенің өрнегін салудың басында болып, 140-қа жуық тойхана иелері мен 40-тан астам асаба, тамада, өнер орталықтары иелерімен жүздесіп, рухани жаңғырудың жарқын бетін жасауды өзі қолға алыпты. Мұнда той күндізгі сағат 17:00-18:00-де басталып, түнгі сағат 23:00-де тойханада музыка өшіріледі, ал сағат түнгі 23:50-де тойхана құлыпталынып, түн тыныштығы басталатын болады.

Ал, Шымқалада түнгі сағат 22:00-де зорға той бастайтын бай-батшалар өзгелердің үлгі-өнеге болып жатқан тірлігіне назар аудара қояр ма екен?

Ауылдарды қойғанның өзінде, аудан орталықтары мен қалалардың өзінде ашық далада бақыртып қойылған музыка таң атқанша ұрып жатқаны. Музыка қойылған үйдің түбіндегі үйде 80-90 жасқа келген қарттың болуы да, ауру үстінде жатқан адамның да болуы мүмкін ғой дегенімізбен, оны ойлайтын адам да қалмады ғой, әсте. Конституция-адам құқығының кепілі. Демек, адам құқығын бұзу фактісіне жол беруге ешкімнің қақысы жоқ. Қоғам тынысын бұза алмайтын болған соң, көппен бірге болған жөн.

Түркістан аумағындағы елді-мекендер арасында түрлі тойқуаныштар мен мерейлі іс-шараларды спирттік ішімдіксіз өткізу дәстүр бола бастаған болса, соны кең ауқымда алып кету қазіргі түркістандық ақсақалдардың басты мақсатына айналып отыр. Бұған қатысты кең ауқымда пәрменді жұмыстардың қолға алынғаны көңіл қуантады.

 

Жөн-жоралғы, кәде-сыйға да қатысты аға буынның айтары бар

Құдаларға пәлен үйден киіт қою тоқтамай келеді. Киітке қойылған костюмді киген, көйлекті иығына ілген адамды табу мүмкін емес. Осы жөн-жоралғы кімге керек? Бос әурешілік. Көзін бақырайтып өзгені де алдайсың, тіпті өзіңді-өзің алдап тұрғаныңды біліп тұрасың. Қазір киітке «китайский көрпеше» беру шығыпты. Сусар бөрік, қамқа тон киген қазақ бүгінде «тряпкаға» алданып, кісіліктен қалмаса болар еді .

Бесік тойға балаға деген сый­лықтан басқа бірқатар көрпе-төсек пен кілем, паластар апару өте қажет­тілік пе? Бесік апарушыға артық шығын, нағыз бос әурешілік емес пе? Бұрын қазақта бір үйдегі бесік әкеден балаға дейін қасиетті мүлік ретінде қастерлеп ұсталынған. Онда мұны кім шығарып жүр? Әрине, қарны тоқ, жағдайы түзу құдағи дақпырт үшін шығарып алған.

Қазақ ырымшыл халық болған, оның үстіне саны да аз болғандықтан, ағайын-тумаға, жұртқа жариялап, Сүндет тойына дейін той өткізбеген. Иткөйлек кигізу, бесікке салу, тұсау кесу сол әулеттің және көршілердің ақ жаулықты аналарының қолымен ғана жасалынған.

Қазір Бесік тойына 30-дан 100-ге дейін адам барса, оның арасында галстуктері тоқпақтай болып қызметкер жігіттер жүреді. Еркектердің барғысы келмейді, бірақ «қатын­дарынан» қорыққанынан баратыны да өтірік емес. Қазақта құдалыққа ер кісілер баратын. Ел мен ел танысып, табысып қайтатын. Қазір сақырлаған әйелдер баратын болды. 70-ші жылдардың соңына дейін оңтүстікте құдалыққа әйел бармайтын. Бұл жаңашылдықты да енгізген–күйеуінің «қожайындары».

Қазақта ер кісі отырған жерде әйел бата бермейді, Құранды да ер кісілдер оқитын болған. Осының бәрінің ми-миын шығарып біттік. Енді ес жиятын күн келді, рухани құндылығымызды қастерлей білейік.

Бірлік бар жерде – берекесі мол тірлік бар

Түрлі БАҚ беттерінде билік пен халықтың арасы ажырап барады деген әңгіме аз жазылып жүрген жоқ. Сол бір келеңсіздіктің еміндей етіп, қазақтың дара тұлғалы перзенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жария­лады. Ұлттың рухани жаңғыруын даңғаза концерттер мен жаттанды пәлсападан тұратын жиындар мен «данышпандардың» сүреңсіз лекциялары мен мәжілістері арқылы алаулатпақ болған «науқаншылдығы» бүгінде сабасына түсіп, нақты істі елдің ардақты ақсақалдары, ұлтжанды намысты перзенттері, нағыз мемлекетшіл, елжанды әкім қараларының тікелей қолға алғаны, «Ұлттың ұйытқысы–Оңтүстікте» жаңа­шыл жарқын істің басталғанын көрсетіп отыр.

Осы бір өмірлік маңызы зор, ерен игілікті іс киелі Түркістанның абыз ақсақалдары бастамашылдық жасап, оны қаланың іскер де, көреген әкімі Тәжібек Мұсаевтың батыл қолдау жасауымен өміршеңдік таба бастады. Барғанда алдына кіре алмайтын әкімдер сабасына түсіп, туған жер мен елдің өмір тынысына қатысты өзекті мәселелер билік пен қарапайым халық өкілдерінің бетпе-бет жүздесіп, «келісіп пішкен тон келте болмайдыны» ұстаным етуі ел-жұртқа бір серпіліс бергендей болып отыр.

Рухани жаңғыруды ел ішінде пәрменді етіп, нақты іс жүзіне асыруды Мақтаарал ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаевтың, Шардараның әкімі Болатбек Қыстауовтың, Созақтың әкімі Салыхан Полатовтың және Ордабасы ауданы әкімі Рашид Қайып­жановтың тікелей өздерінің назарында ұстап, бірқатар жұмыстарды қолға алғандары көңіл қуантады. Бұл аталған аудандардың әкімдері елдің ардақты ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен, қоғамдық ұйымдардың жетекшілерімен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бас қосып, келелі кеңес өткізумен бірге, олардың қарапайым халықтың ортасына барып жұмыс істеуге бағыт-бағдар бергенінің маңызы зор болып тұр.

Дегенмен, аудан басшылары тарапынан Елбасының халқымыздың алдына қойып отырған жауапты міндеті – рухани жаңғыруды жүргізуге немқұрайлылықпен қарап отырғандардың бары да байқалады.

Отырар ауданы әкімі Е.Айтаханов рухани жаңғырудың Шеңгелді ауылында басталған ерен ісін одан әрі қолдау түгілі, «түйе көрдім – жоқтың» кейпін көрсетіп отырғанына не дерсің? Ал, Қазығұрттағы «Наурыз» мерекесінде облыс әкімі Ж.Түймебаев салиқалы сөз еткен рухани жаңғыруды жүргізуде сын есіткен Сарыағаш ауданы әкімі Қ.Әбдуәлиев пен көп алдында көлгірси сөйлеген ардагері Қасиетті Қадір түнінде Оңтүстікті бүкіл ел алдында жерге қаратқан сорақы тірліктен кейін не тындырып жүрміз деп айтар екен?

Қашан да белсенділігімен танылып жүрген Бәйдібек ауданының бүгінгі әкімі Б.Танакөзов туралы ежелгі Шаянның байырғы тұрғындарының аузында жүрген: «Біздің әкім ел-жұртты ертпек түгілі, «көк иненің к…нен түрте алар ма екен?» дегеніне сенесің бе, сенбейсің бе?

Рухани жаңғыру мәселесіне келген­де «моя хата с краяны» айтқандай кейіпте Кентаудың әкімі Ә.Мақұлбаев мүлгіп отырғандай, ал сансыз бабтардың мекені Сайрам ауданы әкімі Бақтияр Мамаевтың «қиял әлемінде» жүргендей кейпін көруге болады. Түркістанда басталған рухани жаңғыруды баянды етудің «Жүйнектің жүйесінің» берері мол екенінен өңір жұртшылығы хабардар болып, оны қолдауға шықты. Бұл жүйеде жұмыс істеудің бас­ты мақсаты–елдің ынтымақ-бірлігін күшейту, уақыт талабына сай еңбектенуге жастарды толық бейімдеп, ел еңсесін көтеуге барша жұртшылықты тарту, ел тынысында рухани азғындыққа тоқтау салып, ұлттық құндылығымызды жандандыруға жол ашу болып отыр.

Діни рәсімдер мен салт-дәстүрлерімізді беталдылықтан сақтайық

Өңір жұртшылығының тұрмыс — тіршілігіне қатысты осы бір өзекті де, өткір мәселе үнемі айтылып та, жазылып та келеді. Облыстың бірқатар аумақтарында бұл мәселені ретке келтіру қолға да алынған. Облыстық дін істері басқармасы мен ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігі де бұл істен шет қалмай, өздерінше іс-әрекеттерін жасауда. Облыс орталығында осы мәселе орай алқалы жиын да өткен. Әттең, сол жиынның Мәскеудің ЦК-сының «протоколында» көрсетілгендей қасаң, күшпен берілген тапсырмадай жалаң болып өткені өкінішті болды. Жиында төрағалық етушінің «компартия азуын» әлі сақтап отырғанын көрсеткісі келгенінің де әсері болғаны ма? Қысқасы, жүректен шықпаған соң, үлкен залдың жаңғырығындай болып қалған сияқты. Жалпы, бұл мәселе қалың елдің ортасында талқыланудан басталып, ортақ мәмілеге ұйысқан сайын, оның баянды болатындығына дау жоқ.

Жуырда рухани жаңғыруды шынайы етуді қолға алған Түркістанның ардақты ақсақалдары бір ауылдық округтің жұртшылығымен кездесуде осы өзекті мәселені көптің талқылауына салады. Сол жерде ақ жаулықты ана сөз сұрап, өз басынан өткен жайды төмендегіше баяндап беріпті.

«Мен алты баласы бар жесір әйелмін. Марқұм күйеуіміз екеуміз Алла көрсеткеніне «шүкіршілік» айтып, ризалықпен өмір сүріп келдік. Күйеуімді жөн-жосығымен шығарып салдым. Марқұмның бірінші Бейсенбілігінде мал сойып, Құдайы асында Құран сауабын бағыштадық. Ал, екінші Бейсенбілігі келгенде союға лақ таба алмай қиналдым. Ауылдастарымның, әсіресе, балаларымның алдында мал соя алмағаныма жер болдым. Бейсенбілікте жеті шелпегіңді пісіріп, дастарханға барыңды қойып, марқұмның аруағына Құран сауабын бағыштасақ болмай ма? Бейсенбі сайын мал сою Құранда міндеттелген бе? Молда бұл туралы не айтады? Аллаға тағзым етуді жағдайға қарап, жүректен шығарсақ жетпей ме?» — деп күйіне сөйледі. Жиынға қатысып отырған имам да, өмірде көргені көп кәриелер де бейсенбі сайын мал союдың міндетті еместігін, қарнымыз тойған сайын ысырап жасаудың бел алуынан туындап жатқан келеңсіз тірліктер екенін салмақты түрде сөз етіп берді.

Ашына сөйлегендер Алланың берген несібесін өзінің мақтангершілігіне айналдыру үшін, кейбіреулердің жылқы да, қара мал да сойып жататынын айта келіп: «Ондайларға атақ-даңқ керек болса, бір Бейсенбілікте Парижге барып жылқы сойып, екіншісінде Лондонға барып түйе сойып, үшіншісінде Римге барып өгіз сойып, қаласа тағы бір қалада бегомот сойып білгенін істесін де, ал ел ішінде жұрттың көңіліне қаяу түсіретін көргенсіздіктен аулақ жүрсін де», — деп шырылдауға дейін барды. Көп уәжге көнеді, егер айтары бар ақсақалы болса, Түркістанның бір ауылында өткен бір жиынның өзі көптің түсіністікке келуіне жеткізе білді. Бұл жерде, жыртыс, атаға шапан тарату, мәйітті шығарғанда тамақ тарату, т.б. бірқатар мәселе талқыланып, ортақ пікірге тоқтағандай болған.

Түркістандағы «Жүйнектің жүйесінің» атқарылу барысы қандай?

Киелі Түркістанның ардақты ақсақалдары заманның заңғар саясаткері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттың рухани жаңғыруына қатысты алға қойған міндеттерін өміршеңдік етуге «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» кіріскені барша оңтүстіктіктерге бір сілкініс әкелгендей болып отырғанын ашық айтуымызға болады. Осы игі бастаманың қолға алынғанына санаулы күндер өткенінің өзінде, қолға алған тірліктерін аяқсыз қалдырмайтын, құрғақ сөздің емес, істің адамы болуды бойына сіңіріп өскен түркістандықтар бірқатар жұмыстарды еңсеріп үлгеріпті. Аумақтағы 12 ауылдық округтегі елді-мекендер «Жүйнектің жүйесімен» жұмыс істеуге көшіп, ел ағасы басқаратын көше комитеттерін құруды толық аяқтаған. Түркістан қаласының өзін 7 шағын ауданға бөліп, көше комитеттерін (квартком) құру қолға алыныпты. Ауылдардағы құрылған топтар тұрғындардың толық қолдауымен жасақталынып, ешқандай көзбояушылыққа жол берілмеген. Енді сол қоғамдық жұмысты атқарушыларға тиісті «Куәлік» беру қолға алыныпты.

Аға буынның ұлттық намысты оятып, ұлт еңсесін тіктеп, көрінгенге көзтүрткі ететін рухани азғындықтан өскелең ұрпақты сақ­тауда алға қойған биік мақсаттарының, ең асыл мұраттарының орындалуына нық сенімдерінің барына шүбә келтіре алмайсыз. Аумақтағы ақсақалдармен бірге елжандылығы ерен ел азаматтарының да жұмылған жұдырықтай бірігіп жұмыс істеуге шыққаны халық үшін басталған жарқын істерге соны серпін, тың құлшыныс берілгеніне еріксіз риза боласың .

Түркістанда бастау алған рухани жаңғырудың нақты істері кең ауқымда атқарылып жатқанын айрықша айта кетуге болады. Әсіресе, жастардың отбасы мүшелеріне аталық қамқорлықпен қарауы, ұлтымыздың «қырық үйден тыйым жасаған» қыз тәрбиесіне аса сергектікпен қарап, ес жиып, етек жабуда ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтаудың асыра сілтеуге жіберіліп, даңғазылық пен дараңғойлықтың ысырабын жасауды да ретке келтіру күн тәртібіне кіргізілген деуге болады. Қысқасы, Тәуелсіздігіміздің таңымен келген берекенің арқасында бар екен деп, қала берді өзгеден қалмауымыз керек деген пейіл-құлықпен шектен шығыңқырап кеткен жерлерімізді өмір талабына сай реттеу басты назарға алыныпты.

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.