Тәкпіршілдік – қатерлі дерт
Бүгінде еліміздегі діни ахуал тұрақты, қанағаттанарлық деңгейде екендігін және азаматтарымыздың діни саладағы құқықтарын іске асыру үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлардың жасалып жатқанын баса атап айтуымыз керек.
Дегенмен, діни ахуалда ойланарлық та, толғанарлық та мәселелер жеткілікті. Бүгінгі таңда, бірінші кезекте, біз діни бірлікті өте мықты ұстануымыз шарт. Өйткені, діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлік те болмайды. Діннің тұтастығы –елдің тұтастығы. Ал, діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтыратыны белгілі.
Екіншіден, атқарылып жатқан оң істерге қарамастан, дәстүрлі ислам дінімізді әртүрлі теріс пиғылды діни топтардан қорғау жұмысының сапасы жағынан төмендігін де айтуымыз керек.
Бүгінде ел ішінде күмәнді, елді біріктіретін емес, берекесін алып тоздыратын діни топтар, дінімізге іштей іріткі салушы хижраны, тәкпіршілдікті, жиһадты ұран етіп, көтерген ағымдар секілді арандатушылар жетерлік. Олар дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, мешіттердің берекесін қашырып, ислами таным-түсініктерді шатастырушылар. Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «ат-Тәкфір уәл-Хижра» ұйымын экстремистік деп танып. Қазақстан Республикасы аумағында оның қызметіне тыйым салғанымен, одан түкпілікті құтылдық деп айта алмаспыз.
Тәкфіршілер қоғамның этно-мәдени және конфессионалдық үйлесімін бұза отырып, өздерін шынайы ислам дінінің жалғыз ұстанушылары деп жариялаған. Шындығында, олар салт-дәстүрлері мен мәдениетін мұсылмандық аясында қалыптастырған қазақ халқының бай тарихи тәжірибесін жоққа шығарып, рухани нигилизм танытады. Олар үшін біздің өткен тарихымыз бар болғаны адасқан және күпірлік жолы да, нағыз ислам діні Қазақстанға тәкфіршілердің арқасында келген көрінеді-міс.
Осы күндері мешіт маңында өздерін нағыз мұсылман, өзгені «кәпір» санайтын берекетсіз сақал өсірген, шолақ балақты жастар көбейді. Әрине, діни экстремистердің бір белгісі – тек сақал деп тануға болмайды. Біз «сөздің көркі – мақал, ердің көркі – сақал» деп, таныған қазақпыз ғой.
Тәкфіршілерге, елді тастап, хижрат етіп, жиһадқа аттанушыларға қарсы іс-қимыл жасағанда олардың теріс мақсаттарын ашып көрсетіп, біздің дәстүрлі дінімізге қарсы бағытталағн іс-әрекетіне біздің діни басқармамыз, облыстағы имамдарымыз табандылықпен ашық күрес жүргізуі керек. Осы орайда ҚМДБ тарапынан туып өскен Отанын тастап, хижрет етіп, қару асынып, жиһад деп жаңылысқандарға діни кереғар ағымдардың Хижрет, Тәкпіршілдік және Жиһад туралы пәтуаларын дер кезінде қалың көпке жеткізіп, асыл дінімізді насихаттауда пәрменді іске көшуіміз керек-ақ.
Өзіміздің дәстүрлі Ислам дінін қабылдау дегеніміз – Исламдағы парыздар мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) киелі сүннетін бойымызға сіңіріп, Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабы мен Имам Матурудидің сенімдік ақидасына мойынсұнып, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерімен қабысатын, елді, халықты бірлік пен татулыққа шақыратын дінді ұстану.
Біздің дәстүрлі ислам дініміз, ол – қазақ болмысы мен оның мәдениетінің негізгі күретамыры және сақтаушысы, қазақтың ұлттық пайым-түсінігінің, салт-дәстүрінің қорғаны екендігін жүрекпен сезінейік.
Дәстүрлі дініміз-халықты тарихи құндылықтарын сыйлай келе, елді отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелейтін дін. Осы тұрғыдан келгенде әлі де алдымызда атқарылатын шаралар легі аз емес. Дінге деген көзқараста бізде әлі де көптеген мәселелер мен істер өз орнына келуі тиіс екенін білгеніміз жөн.
А.МҰҚАШҰЛЫ, Мәдениеттер мен діндердің Халықаралық
орталығының бас сарапшысы, дінтанушы.
«Қазақстан жолы» газеті, №27 (672) 21.07.2018 жыл.
Фото интернет желісінен алынды.