ХАН ЖОЛЫНА АРНАЛҒАН ЭКСПЕДИЦИЯ ТҮРКІСТАНДА
Бүгін Түркістан қаласына «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы келіп жетті. Бұл экспедиция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылғы 17 қыркүйек күні Бурабайдағы Абылай хан алаңынан бастау алған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған qazaqjoly.kz хабарлайды.
Үш көлікпен сапарға шыққан 10 азамат 18-ші ғасырдағы «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен мыңдаған шақырым жол жүріп, қазақ даласының тарихын зерттеген. Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиында жоба жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы бұл іс-шараның мақсаты туралы кеңінен айтып берді.
Жиында экспедицияның өзге қатысушылары да тарих, өлкетану жөнінде келелі ойларын айтып, Түркістан қаласының болашағы жарқын болатынына сенімдерін білдірді. Өз кезегінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы Гаухар Пірімбетова Абылай ханның қара жолы солтүстік пен оңтүстікті байланыстырған ең төте жол болғандығын жеткізді.
«Хан оны саяси және экономикалық мүддеде пайдаланған. Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен», тағы басқа мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болады» — деп атап көрсетті ол.
Осы экспедицияда аясында топографиялық карта дайындалмақ. Ал, сапардан соң Көкшетауда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отыр.