Жастар жадына – ғаламтор жау

Діннің тұтастығы–елдің тұтастығы. Елбасымыз айтқандай, діни фанатизм нанымның кеңдігінен емес, шынайы діни мәдениеттің кемдігінен шығады. Дегенмен бүгінде елімізде конфессияаралық келісімнің орнауымен біз діни наным-сенім бостандығын қамтамасыз етіп қана қоймай, теріс ағымдар ақпаратына да лайықты тосқауыл қойып келеміз. Бұл бағытта бір ғана Түркістан қаласында атқарылып жатқан ауқымды шаралар аз емес.

Шындығында жуырда Түркістан қаласында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ауқымды салаларды дамыту жөнінде берілген маңызды  тапсырмасына сәйкес, жастар саясаты, дін істері, білім, ішкі саясат және идеология салаларындағы өзекті мәселелер талқыланған жиында облыс әкімінің орынбасары Ұ. Сәдібековтің. «Әрбір басқарма өзіне жүктелген міндетті сапалы орындап, жұмысты ширатқандары жөн. Соңғы жылдары облыста болған оқиғаларды зерделеп, оның қайталанбауына күш салыңыздар. Білім, жастар, дін және идеология салаларына артылар міндет ауыр. Сондықтан мәселенің салдарымен күресу емес, оның алдын алған тиімді» деп өз ойын түйіндеуi, өңіріміздегі діни ахуалдың қашанда басты назарда тұрғандығын айғақтай түседі.

Қала берді таяуда ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти, Түркістан облысының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлының орталық «Түркістан-Қожа Ахмет Яссауи» мешітінде Түркістан облысына қарасты аудан имамдарымен кездесу өткізіп, облысқа қарасты аудандардағы мешіттердің тыныс-тіршілігімен, атқарып отырған жұмыстарымен танысуы да бұл бағытта атқарылып жатқан игі істердің ауқымдылығынан хабар береді.

Наурызбай қажы Тағанұлы сондай-ақ Түркістан қаласындағы «Нәзір Төреқұлов» мешітінде жамағатпен кездесіп, «Ауызбіршілік, ынтымақ, жамағатқа бөлінбеу» тақырыптарында уағыз айтып, көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді сауалдарға жауап берген болатын.

Ал күні кеше ғана Түркістан қаласындағы С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебінде Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Семинарға Түркістан облыстық әкімдігі дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары А.Бектұрғанов пен Н.Әмзеев қатысып ғаламторды дұрыс пайдалану ережелері, ғаламтор арбаушыларының әдіс-тәсілдері мен белгілері және олармен күресу жолдары туралы баяндап өтті. Жиын соңында мұғалімдерге арнайы сертификаттар таратылды.

Мұндай іс-шара қаладағы  №1 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта мектебінде де өз жалғасын тауып, қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен  өтіп, дінтану пәні мұғалімдеріне арналған семинар-тренингке теолог мамандар А.Бектұрғанов пен Б.Өтеген қатысты. Кездесуде интернеттегі жат ағымдар ақпаратының, діни экстремизм мен терроризм қатерінің алдын алу мәселелері көтеріліп, мұғалімдерге сертификаттар таратылып, орталық тарапы­нан дайындалған әдебиеттер тарту етілді.

Ал Түркістан қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен  қаладағы ІІБ ғимаратында өткен «Интернет ресурстарындағы діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбындағы кездесуге  Түркістан қалалық ІІБ басшысы Е.Қыдырбаев, ІІБ басшысының орынбасары Е.Өсербеав, ІІБ жеке құрамы, теолог мамандар А.Бектұрғанов пен Б.Өтеген қатысты. Келелі кездесуде ғаламторды пайдалану ережелері, деструктивті ағымдардың қауіптілігі мен ерекшеліктері сөз болып, интернет ресурстарындағы теріс пиғылды ағымдардың материалдарын қарамау және таратпау керектігі баса айтылды. Жиын соңы пікіралмасуға ұласып, орталық тарапынан дайындалған кітаптар өз оқырмандарын тапты.

Е.ТӘЖИЕВ.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №35 (680), 22.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.