Әуенiнен не пайда, мәтiнi мәндi болмаса?

«Айқайлағанның» бәрі әнші емес. Бірақ ән айтып, сөзін өзі жазуға барлығы құмар-ақ. Бәрі композитор, бәрі ақын. Тіпті бұл арнайы білімді де, яки ақын­дық өнерді де қажет етпейді, тек ақ қағаз бен қара қаламды қолыңа алып ойыңа келгенді шимайлап, әйтеуір ұйқасын келістіріп шықсаң болғаны – сен жұлдызсың. Соңғы кезде мәтін­нің сапасы мен айтар ойы, мағынасы бар әндер саусақпен санарлық. Ал ол мағыналы әндерді тыңдауға баратын жандар саны тым аз. Ал шет елден бізге жеткен «даңғаза» әндерге еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін қалмай барады.

Сіз өзіңіз тыңдап жүрген әуендердің мәтініне мән бердіңіз бе? Олар не жайлы, мағынасы не, нені үндейді? Ендеше, бүгін біздер тыңдап, той-думандарда ортаны бермей билеп жүрген әндердің сиқы мынау: «Мынау бір кем дүниеде жетісіп жүрген ешкім, ешкім жоқ… Бір жетісіп қаламын-ау, сен жанымда болсаң, Бір жетісіп қаламын, сен жанымда болсаң» дегеннен басқа айтары жоқ, жеңіл ән. Той-думанға арнап шығарылған ән екені сөзсіз. Десек те, «жетісіп жүрген ешкім жоқ» деп ойымызға келген сөзді ән етіп шығару, әсте , үлкен қателік емес пе?

Тек бұл ғана емес кезінде «Бірлік болсын елімде» деген сөйлемді мың рет қайталап, арланбастан ән етіп айтқан Кентал (Талгат Кенжебулатов) бұл әдетінен айнымай, жұртшылыққа тағы бір «татымсыз» әнін ұсыныпты. Шыны керек, осы апталдай азаматтың ән жазу­да қандай ақындармен жұмыс жасайтындығы өте қызық. «Құдағи бір би» әнінде: «Құда өзі билеп тұр, Бірақ бір кісі билемей отыр. Құдағи, құдағи, бір би, Құдағи, құдағи, бір би. Бір партия…Жігіт жолдас осылай билейді, Қыз жолдас осылай билейді»,- деп арзан сөздерді қолданады. Осындай поэзиямен үш қайнаса сорпасы піспейтін тіркестерді қайдан алып ән деп шырқап жүр екен.  Тіпті айтар ойы жоқ. Әншінің халық алдындағы жауапкершілігін мүлдем естен шығарғандай. Серікбол Сайлаубектің «Шудың бойында сені іздедім, Бәрі ойымда, үміт үзбедім. От боп күйгеннен мені іздедің, Сенің мойныңда менің іздерім» деген әніне ел жарыса билеп әлек. Әннің мәтіні дұрыс болмауы, оған елдің бей-жай қарап, әуелете шырқауы тыңдарманның мәдениеті қалыптаспағанының дәлелі.

Қорыта айтқанда, әнді жазатын­дар да, әнді орындаушылар да, ең алдымен, сөздің парқын білсе, түсінсе дейсің… Кез келген ән бей­небаян түсірілмей тұрып, телеэкранға шығарылмай тұрып тексеруден өтсе, арнайы комиссия құрылып, ақындар мен композиторлардың алдынан өтсе, мұндай сапасыз әндер шықпас па еді. Естіген әуеннің сөзі мен әні, мәні мен сәні жарасқанға не жетсін, шіркін!

М.ТАҒАЙ

 

Фото интенет желісінен.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.