Жат ағымнан сақтануға сауаттылық керек

Діни экстремизм мен терроризм еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Бұл мәселе оған қоса қоғамның өрістеп дамуына да кері әсер етеді. Сондықтан жастардың жат ағымға кетуінің алдын алған жөн. Өйткені олардың көпшілігі шалыс қадамға діни сауатының төмендігінен барып отыр. Бұл өзекті тақырып Шымкент қаласындағы түрлі мекемелерде өткен кездесулерде кеңінен талқылануда.

Жуырда Шымкент қаласы, Қаратау ауданы «Байғұт баба» мешітінің ұйымдастыруыменен Шымкент қаласындағы «Сайрам» және Орта Азия медициналық колледждерінде имамдардың студенттермен кездесуі өтті. Атап айтқанда, «Тура жол» мешітінің бас имамы, жергілікті ақпараттық насихат тобының мүшесі Т.Ергешов қатысып, студенттерге «Дәстүрлі емес діни ағымдар» тақырыбында насихат жүргізді. ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизм, терроризм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа  төнген қауіп» атты семинар өтіп, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры А.Ноғаев қалалық орталық мешітте қала имамдарына «ЖАНТ, діни ағымдармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері» атты тақырыпта дәріс өткізіп, қазіргі күнгі кереғар ағым мүшелері жайлы өз пікір-ұсынысын ортаға салды.

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы Маятас елді мекені №119 жалпы орта мектеп оқушыларымен кездесуді ЖАНТ мүшесі, Еңбекші ауданы Имам Ағзам мешітінің бас имамы Н.Бақытжанұлы өткізді. Кездесу барысында бас имам мектеп оқушыларына жат ағымның қауіптілігі, оның алдын алу шаралары жөнінде сөз қозғады.

Еңбекші ауданы Б.Момышұлы атындағы №120 жалпы орта мектеп оқушыларымен кездесуде Н.Бақытжанұлы жастардың діни сенімдерінің радикалдануына жол бермеу керектігін айтты.

Сонымен қатар Шымкент қаласындағы №7 Қ.Спатаев атындағы мектеп-лицейінде Шымкент қалалық ішкі істер және дін істері басқармасының тапсырмасы шеңберінде «Оңтүстік жастары» ҚБ-ның ұйымдастыруымен «Зайырлылық, дәстүрлі дін тағылымы» деп аталатын дінтанушы мамандармен кездесу өтті. Кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы, дінтанушы И.Сатыбалдыұлы, Әль-Фараби ауданы әкімі аппаратының бас маманы Н.Акбердиев, Шымкент қаласы ішкі істер және дін істері басқармасының қызметкері Б.Бектасов қатысты. Дінтанушы маман оқушыларға кереғар ағымдар туралы түсінік беріп, жастарды әлеуметтік желі арқылы сананы улайтын кереғар дін өкілдерінен сақтануға шақырды. Қаламызда бұл бағытта атқарылып жатқан бұдан да басқа ілкімді істер де жетерлік.

Мәселен, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы «Айдана» плаза мәжіліс залында «Деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс жасаудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында семи­нар ұйымдастырылса, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдігінің ұйым­дастыруымен орталық мешітте “Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамаларына енгізілетін бірқатар өзгерістерді түсіндіру” бойынша облыстық әдістемелік семинар өтті.

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары арасында дін туралы дұрыс көзқарасты қалыптастыру мақсатында «Деструктивті діни ағымдардың психологиялық әдіс-тәсілдері және олардан сақтану жолдары» атты тақырыпта кездесу болып өтті. Кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы М.Халықов қатысты.

Кездесу барысында сала маманы қазіргі қоғамда жастарды өз қатарына белсенді насихаттаушы кереғар ағымдардың психологиялық әдіс-тәсілдері мен террористік және экстремистік әрекеттерге үгіттеуші топ­тардың ерекшелігіне тоқталып өтті. Жастармен өзара қарым-қатынас барысында бастапқыда сыпайылықты басшылыққа алатын ондай топтар, өздерінің мақсаттарына жету үшін сенімдеріне кірген азаматтарды қатаң режимдегі іс-әрекеттерге сатылап шақыра бастайтыны да баса айтылды. «Соның нәтижесінде жастарымыз өздерінің террористік әрекеттерге қалай барғандықтарын білмей жатады»,- деп атап өтті дінтанушы маман. Сондай-ақ, слайд арқылы да түсіндіріп, кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырып жүрген діни сұрақтарына дінтанушы маман тарапынан қанағаттанарлық жауаптар алды.

 

Дайындаған: Е.Тәжиев

«Қазақстан жолы» газеті, №43 (688) , 24. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.