Дiни алауыздыққа жол берiлмейдi
Біздің еліміздің зайырлы келбеті – ел дамуының да басты шарты. Ал экстремизммен күресте ең абзалы–оның қауіп-қатерін қоғамға жете түсіндіру. Осы тұста шынайы дін мен діни фанатизмнің аражігін ажырата алудың да мәні зор. Дін – руханисыздық пен ашкөздіктің алдындағы аса берік қорғаушы бөгеттердің бірі болса, діни фанатизмнің астарында білімсіздік, надандық жатады. Қазір елімізде жастар жыл санап көптеп ислам дініне бет бұруда. Бір қарағанда бұл өте жақсы. Десе де, білімі жоқ адамдардың дінге бет бұруы қатерлі екенін де естен шығармау қажет.
Демек жастарымызды діни экстремизм мен терроризмнен қорғауда әлі де қолға алатын жұмыстарымыз аз емес. Мектептерімізде имандылық, дін сабақтары жоғарғы сыныптарда өтіп жүр. Бірақ оларды жандандыру керек-ақ. Аудандардағы теолог мамандардың қатарлары да толықтырылғаны жөн. Облыс көлемінде кереғар ағымдардың алдын алуға арналған іс-шаралар да еш толастамай, өз жалғасын таба беруі керек. Яғни деструктивті ағымдарға өтуді болдырмау үшін ел тұрғындары, оның ішінде жастар, діни негіздегі радикалдық идеологияға бейім және ұшыраған азаматтарға интернет-аудиторияда экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсінбейтін сананы қалыптастыруға күш салу қажет.
Айта кететін жайт, дәстүрлі діннің негізгі қағидаларын азаматтардың, әсіресе жастардың санасына қалыптастыру тек мешіттерде ғана емес, жоғары білікті мамандар мен дінтанушылардың көмегімен әрбір адамның отбасында, оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, спорт клубтарында, аталмыш салада қызмет ететін қоғамдық бірлестіктерде, яғни азаматтық қоғамның барлық сегменттерінде жүйелі түрде орындалғаны жөн. Бұл ауқымды міндеттер бүгінде өз дәрежесінде жүзеге асырылып, өңіріміздегі ұйымдастырылған көптеген кездесулерде де қолға алынып келеді.
Айталық, Түркістан облысында өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына орай арнайы топ құрылып, Келес ауданында ағымдардың алдын алу, сақтандыру мақсатында бір күндік сапар ұйымдастырылып, мешіт жамағаттарына және студенттер мен мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Топты Келес ауданының наиб имамы Ө.Аристанов бастап жүрді. Атап айтар болсақ, Келес ауданы Біртілек ауылдық округі Аққорған ауылындағы №114 Т.Бегманова атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларымен, Абай ауылындағы №72 О.Есімов атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларымен, аудандағы кереағар діни ағым өкілдерімен жеке кездесулер, Біртілек ауылдық округі Щұқырсай ауылы «Қыр» мешітінің жамағаттарымен және Келес ауданы «Ешан баба» мешіті мен ауданға қарасты имам-молдалармен кездесулер ұйымдастырылды. Бір күндік іссапар барысында топ мүшелері жат ағымдардың алдын алудың маңыздылығы жайлы айтып, қоғамды жаһандық дертке қарсы күресте күш біріктіріп, бірлесе қарсы тұруға үндеді.
Дайындаған: Ұ.ӨСКЕН.
«Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.