Бесiк жырының құдiретi

Ертеде бір зұлым патша болыпты. Ол қанша жерден шаттанып өмір сүргісі келсе де, ылғи көңілін езіп тұратын түсініксіз дерттен айыға алмапты. Бір күні ол «бәлкім, ән-күй тыңдасам, дертімнен айығармын» деген дәмемен аймақтағы атақты әнші-күйшінің бәрін сарайға жинайды. Көмейіне бұлбұл ұя салған неше түрлі жезтаңдай әншілер жарыса ән шырқайды. Бірақ бірде-бір әуен патшаның шер қатқан қатал жүрегін жібіте алмайды. Көңіліндегі мерезінен айыға алмаған әмір бәрін зынданға тастайды.

Сол кезде бір әншінің анасы келіп, патшадан ұлын босатуын сұрайды. Патшаның қабағына мұз қатып, ашуланып отыр екен. Ол:

– Ұлың менің жүрегімді жібіткенде, мен оны зынданға тастамас едім. Бойыма шаттық сыйлап, көңілімді жібіте алмады. Жүрегіме қатқан шер қашан тарқайды, сол кезде босатамын,-депті. Сонда анасы ыңылдап, бесік жырын айта бастайды. Әлди әуенін тыңдап отырып, әміршінің жүрегі жұмсара береді. Ақырында анадан алғаш туған кездегі періште халі есіне түсіп, еңіреп жылайды. Көңіліне қатқан шер мен дерттен айыққан соң барлық әншіні босатып:

– Мен бесікте жатқанда әлди жырын тыңдамаған едім. Содан құлағымның құрышы қанбай қалған. Үнемі көңілімді зіл басып, айналамды жек көріп тұрушы едім. Жанымдағы жараны жазып, сіз мені жібіттіңіз,-деп анаға алғыс айтып, тарту-таралғы жасаған екен.

«Бесік жыры қара тасты да ерітер» деген сөз осыдан қалыпты деседі.

 

Дайындаған: Б.Кемел

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.