Қазақстан жолы — Республикалық қоғамдық-саяси, әлеуметтік және танымдық-ақпараттық басылым
Бас мақалаРуханият

Шын рухани жаңғыру Түркiстанда

(Басы өткен санда)

«Рухани жаңғыру Түркістанның төрінен басталғандай» атты мақаланы газетіміздің 09.06.2018 және 16.06.2018ж. №21, 22 санында жарияла­дық. Елбасының өмір тынысының жарқын болашағына берген бағдарламасын терең­нен түсіне білген түркіс­тан­­дықтардың бұл баста­ма­шылдығы есіткен жанды сүйсіндіретіндей өнегелі тірлік болатын.

Түркістандық ардақты ақсақалдар мен елжандылығы ерен ел азаматтарының рухани жаңғыруға шынайы өміршеңдік беруде қолға алған жобасы «Жүйнектік жүйе» атауымен басталды. «Жүйнек» ауылдық округіндегі 10 мыңға жуық халқы бар үш ауылда басталған игі іс ел-жұрттың кеңінен қолдауына ие болды. Бұл туралы Жүйнек ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы, қаланың қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Фархад Абдуллаев: «Қазіргі таңда тыныс-тіршілігімізде көптеген өзгерістер болып жатыр. Әлемдік жаһандану біздің момын да жуас, ынтымақ пен бірлікті ту еткен халқымызға қаупін де тигізбей отырған жоқ. Бір ауыл әкімінің бүкіл ауылды ұршықша игеруі де қиын. Содан келіп халық пен билік арасында алшақтық пайда болуда. Халық өз бетінше арбасын сүйреп кеткен. Ауылдағы беталдылық пен бейберекетсіздікті көріп тұрып, шыдай алмай Жарылқасын Әзіретбергенов және Ә.Әбдіқадыров ағамызбен ақылдаса келіп, өз тарапымыздан рухани жаңғырудың жолындағы нақты істерді қолға алуға кірістік»,-деп «Жүйнектік жүйенің» пайда болу сырын ашып берді.

«Жүйнектiк жүйе» не бердi?

Бұл жүйе өздігінен құрыла салған жоқ. 10 мың адамды ортақ іске иландыру оңай болмасы анық. Өздерін бір ортақ үйдің адамдарындай сезінген бұл ауылдың үлкен-кішісі мен игі жақсылары бір кісідей бірігіп жұмыс істеуге шықты. Оранғай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ырысқұл Сүлейменов, Өзбек мәдени орталығының өкілі Т.Саидмуратов, Ибата ауылының өкіл имамы Абубакир Хадиралиев пен қалалық ақсақалдар алқасының мүшелері, қадірлі ел азаматтары: Нұрсейіт қажы Шәріпұлы, Жахсан Диханов, Т.Құдайбергенов, Шынтемір Жунисов, т.б. ондаған елжанды азаматтар ауыл-ауылды аралап, ел тұрғындарымен жүздеген кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ел бірлігін бірінші орынға қоятын қалың көп «Жүйнектік жүйені» қызу қолдаған. Ауыл учаскілерге бөлініп, онда көше комитеттері құрылады. Солардың елмен тиянақты жұмыс істеуінің нәти­жесінде ең бірінші ауылдағы ішкі тәртіп ретке келтіріледі.

– Ортақ пәтуаға келуден кейін пада шығару, ұсақ малды бақтыру, жылқы ұстауды ретке келтіру, ағын суды тәртіппен тиімді пайдалану, түнге қарай ауылда халық жасақшыларының кезекшілігін тұрақты ұйымдастыру жүйелі жолға қойылады;

– Бұрын той-қуанышы түгілі, баласы мен немересінің туған күнінде бүкіл ауылға ұйқы бермей, түн жарымды қойғанда таңға дейін созылатын даңғаза музыка түнгі сағат 23.00-ден кейін сап тыйылатын болды;

– Жастардың түн болса, көше кезіп жүретін бей-берекет жүрістері сап тыйылды. Көшелердегі мақсатсыз бас қосып, «қысыр» әңгіменің аяғын «100 грамдатып» аяқтайтын келеңсіз көріністер тоқтатылды;

– Ауылдың бір жігіті үйленсе, 20 жолдасы 30 мың теңгеден жиып, 600 мыңды 2 күнге созылатын ырду-дырду жасауға қалып­тастырған «дәстүрі» күйреп, енді 600 мың теңге қалыңдық әкелуге бара жатқан жігіттің қолына берілетін болған;

– «Құлдан құл қалса, құлағын кеседінің» керімен бұрынғы «свиданкіге» 5-6, тіпті, оншақты «Лимузин» жалдау «дәстүрі» де ретке келтірілгендіктен, жұрт бұрынғыша дарақылық жасауға қысылатын болған;

– Той-қуаныштарында, жерлеу рәсімдерін өткізу кездерінде даңғазалық пен ысырапқа жол беру де тоқтатылып, ортақ пәтуаның жүйесімен тірлік істеу бірізділікке түсірілген;

– Кісісі қаза болған қаралы үйде қазан-қазан ет асылып, палау басып жатудың өрескелдігі жұршылықтың санасына жеткізіліп, ол үйден 3 күнге дейін тамақ тарату тоқтатылған;

– Жаназадан кейін ру-руға, ата-атаға шапан тарату, құдалықта бірнеше үйдің киіт қойып шығуы сияқты керексіз, «жолдан қосылған» жоралғылар да бұл өңірде тоқтатыла бастаған;

–Ең бастысы, әділетсіздіктің жолын кесуі, тентектіктің «бөркін қазандай етпеу», ұрлық атаулының түбіріне балға шабу үнемі ел ағаларының назарына алынған;

–Маскүнемдікке салынуға, есірткіге тәуелділікке жол бермеуді негізгі міндетіміз деп жұмыс жүргізудің нәтижесінде бұл жақтың өмір тынысы өзге аймақтардан өзгешелеу болып келетініне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Жарты жылға жетер-жетпес уақыттың өзінде Түркістанның үш ауылының дүкендерінде арақ сатылмайды, ал ауылдағы қуаныш іс-шараларының өзі спирттік ішімдіксіз өткізілуге көшкен;

–Ел іші болған соң кездесетін дау-жанжал, «саған көрсетемін» деп жазылатын арыз-шағымдар, бір ауылда, бір көшеде отырып соттасу сияқты сорақылықтар енді ауыл ақсақалдары алқасын, көше комитеттерін айналып өтпейтін болған. Солардың әділетті де, тура шешімін тапқандығы болар жыл басынан бері 12 ауылдық округтегі заң органдары мен жоғары билік органдарына жолданған даулы 62 мәселенің бәрі ауылдың өзінде шешімін тапқан;

–Ауылдағы отбасылардың тірлігіндегі бірлік пен татулық та ақсақалдардың бақылауына алынып, келіннің ажырасып кетіп қалмауы, қыздың байдан қайтып келмеуі, яғни ауыл-елге намыс боларлық сорақылықты жасатқызбау, сол өңірдің ардақты ақсақалдарының арқасына аяздай бататын деңгейге жеттік десек қателеспейтін де шығармыз, әсте.

Елбасы дер кезінде үлкен әріппен айтып, ерекше мән берген «Рухани жаңғыру» киелі Түркістанның төрінен басталғандай етуге жеткізген «Жүйнектік жүйенің» облыс аумағында соны серпін алмай отырғаны өкінішті-ақ. Түркістандық ардақты ағалар мен отаншыл ел перзенттерінің намысқойлығымен өмірге келген жобаның біреулерге «шыққан жерінің географиясы» ұнамады ма, әлде жобаның маңыздылығын «көкке көтеріп» жүрген газеттің атауы ұнамай қалды ма, әйтеуір жергілікті билік тарапынан қолдау көре алмай отырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Тіпті, жобаны ұсынушының бірі, ел ардақтысы атанған Облыстық ақсақалдар алқасы төрағасының өзі өмірдің өзекті мәселесіне демеу болуды сұрап, облыс басшысы Ж.Түймебаевқа жете алмай жүр дегенге сенер-сенбесімізді білмедік десек болады.

Ал халқының алдында жүзі жарық, еңсесі биік ел перзенті, Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов бүгінде Түркістан қаласында рухани жаңғыруды шын өмір көрінісі етуге барын салып, қат-қабат тірліктің ортасында жүр. Өкініштісі, күні кеше Түркістан қаласы әкімдігінің қарамағында болған 12 ауылдық округте республикаға үлгі-өнеге етіп көрсете алатындай «Жүйнектік жүйені» іске қосып, сондағы ел-жұртты бір серпілтіп тастағандай болған игі істердің аяғы құрдымға кете ме деген күдіктің көбейе түскендігі бар. 12 ауылдық округтің тұрғындары шын рухани жаңғырудың не беретінін сезініп, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, бетал­дылық пен бей-берекеттен арыла бастап еді.

Әкім болып отыруға жеті қабат көктің арғы жағынан «мәңгілік лицензия» алып келгендей болып жүретін Кентау қаласының әкімі Ә.Мақұлбаев «Жүйнектік жүйені» одан әрі жүргізе беруге басын ауырта қояр ма екен? Әй, қайдам? Рухани жаңғыруды шынайы өмір көрінісі етудің қат-қабат тірлігімен ел ортасында жүруден гөрі, әкім Ә.Мақұлбаевқа «креслосынан» айырылып қалмау үлкен уайым болып отырған жоқ па, өзі?

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы қиындыққа толы жылдарында сарабдал саясаткер, еліміздің тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен қоғамдық жұмыстарда қоян-қолтық жұмыс істеуге қолын жеткізген киелі Түркістанның төл перзенті Ж.Әзіретбергенов Елбасының «Түркістан – Қазақстанның рухани астанасы» деген даналық қағидасын өміршең етуге бел шешіп кіріскенін қала жұртшылығы қызу қолдап отыр деуімізге болады. Биылғы 5-ші қыркүйек күні Түркістанның нағыз мемлекетшіл азаматының бірі, қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ә.Әбдіқадыровпен бірлесіп қала тұрғындарымен үлкен жиын өткізіп, онда қала тұрғындарына: «Түркістан қаласында тындырымды тірліктер жасалып жатқанын көзбен көріп қайтуымызға тура келді. Ел абыройын ойлаған ақсақалдардың игі бастамашылдығына барынша қолдау көрсетіп отырған Түркістан қаласы әкімі Әліпбек Өсербаевтай ел арысының тазалығы мен ерен парасаттылығына еріксіз тәнті боласың. Өмір тынысын терең­нен зерделей алатын, қалың елмен жұмыс істеуге басшылық қызметте мол тәжірибе жинақтаған Ә.Өсербаевқа мұны Түркістан қаласы облыс орталығы болған кезде «Құдай көктен сұрағанын жерден бергендей» болған тағдыр сыйы деуге болады. Жаратушы иеміздің жақсылықтың жолындағы игі істердің жолын ашып, ізгілікті үйлестіріп жіберетінінің көрінісі шығар, әсте.

Жүздеген, мыңдаған жандарды ортақ мақсат жолындағы іске жұмылдыру айтуға оңай болғанымен, орындалуы қиын. Оған қажымас қайрат, жанқиярлық іс-қимыл мен биік азаматтық болмыс керек. Қазір «Түркістандық жүйе» аталып отырған игілікті істердің баяндылық табуына қаншама жүздеген адам қатысып, алтын уақытын бөледі. Олар жыл бойы жүргізетін жұмысына бір тиын да жалақы алмайды. Патриотизмнің шынайы көрінісі осы болса керек.

Ал, осындай кезде айына 200 000 теңгенің үстінде айлық алатын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов пен штаттың, кеңсенің шығыны бар, айына миллиондаған қаржыны шығын ететін қоғамдық ұйымның қайда жүргенін біле алмай қаласың. Халыққа шынайы жанашырлық нақты істе көрініп жатуы керек болса, облыс әкімінің қасында мінбелерден ғана көрініп қалатын «ел ағасы» кімге керек? Қазір қазаққа адалынан туған ұл мен қыз, халыққа шын жанашырлық көрсете алатын асқаралы ақсақал керек. Облыстық ардагерлер кеңесінің рухани жаңғыруға қатысты аз жұмыс істемейтінін «қатырып» қаттап қойған қағаздан көруге болатынын жақсы білеміз. Ардагердің атына сай шынайы тірлік қайда?

Облыстың қаншама ауылдарында қарапайым халық ауылдың сыртына қозылақ айдап, бұзауын арқандайтын жер таппайды. «Бақуаттылар» ауыл үйінің іргесіне дейін жекешелендіріп алып қойған. Баласына бір кесе сүт бере алмаса, ол қазақ несіне ауылда отыр. Дәл осы өзекті мәселе бойынша қаншама «Жанайқайлар» шығып жатқанда Облыстық ардагерлер кеңесіндегілер құлағына мақта тығып отыр­ды ма? Облыс жұртшылығы бетіне қарап отырған іргелі ұйым бір ауданда болып, қоғамдық тыңдау өткізіп, аз да болса қарапайым қазаққа араша болудың ықпалын жасап көріп пе? Қазір облыста идеология саласына жұмыс істейтін қаншама «орта­лықтар» пайда болған. Кемінде 30-40 қыз­меткерді жинап, айына жүздеген миллион мемлекет қаржысын жұмсайтын сол мекемелер рухани жаңғыруды шынайы етіп жүргізуге пәрменді ықпалы бар жұмыстар жүргізіп көріп пе? Егер, ондай жұмыстары бар болса, Түркістандағы «Жүйнектік жүйе» сияқты неге қалың елдің аузында жүрмейді.

Рухани жаңғыру дәл қазір қазаққа керек болып тұр. Осы беталдылыққа кетуді тоқтатпасақ, ұлттық құндылығымыз жойылып кетуі ғажап емес. Еліміздің бас қаласы Алматыда, қазақтың қызы тыр жалаңаш шешініп, жүздеген адамның алдында барын көрсетіп, «жабайы демократияның» бізде де салтанат құрып жатқанын дәлелдеп берді. Егер қыздары осындай масқаралыққа барса, Түркия, Өзбекстан т.б. бауырлас елдер ондай қызды 12 сағатқа жеткізбей елден шығарып, туған елдерінің топырағын былғауға жол бермес еді.

Мен туған жерім үшін намыстанып, Қазығұрт ауылында оншақты жылдан бері «жезөкшелердің» баспанасы жабылмай келе жатқанын айтып, «қазақылық иісі аңқып тұрған ауданның ардагерлер кеңесі ай қарап отыр ма?» деген сыни пікір жариялап едім. Намыстанып, бір іс-қимыл жасайтын шығар деген ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы А.О. «газеттің ардагерлер кеңесінде не жұмысы бар?» деген өкпеназын білдіріпті. Демек, бұл төраға да облыстағы «көкесі» сияқты біз әкімдердің қасында жүруге тиістіміз деп есептейтін сияқты. Сонда ақсақалдары мен көшбасшыларының бетіне қарап отырған қазақтың естимін деген сөзі осы ма еді?

 Рухани жаңғыру шынайы жүргiзiлсiн

Облыста рухани жаңғыруды өміршең етуде бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны баршамызға аян. Елбасының бағдарламалық мақаласынан алға қойылған міндеттердің кең ауқымды екенін білуге болады. Жаңашылдыққа, ұлт құндылығын өскелең ұрпаққа жеткізуді баянды етуде жасалып жатқан жұмыстар жетерлік десек те, жеке тұлғаға қатысты өзекті мәселені қамтуда салғырттықтың байқалатыны анық-ақ. Оның үстіне кейбір іс-шаралардың басын иіп, рухани жаңғырудың шапанының етегіне іліп қоятынымыз да бар.

Жаратушы иеміз қазақтың қасиетті жеріне әлемде жалпылама кездесе бермейтін қызғалдақтың өсуін сый етсе, біз соны бүгін көріп-біліп отырғандай, рухани жаңғыруды келіп қалғандай етеміз. Туған жердің табиғатын сүйетін жерлес жігіттер тауларымызды тамашалап, шыңға шықса, оны рухани жаңғырудың келгеніне телиміз. Туған жердің әсем табиғатын суретке түсіріп, одан түрлі түсті кітап шығарсақ, оған да рухани жаңғырудың шекпенін жая саламыз. Қарапайым халық пен өскелең ұрпақ үшін қолына ұстап парақ­тайтын қолжетімді кітапшалар шыға­ры­лып жатса, қанеки? Рухани жаңғыру нау­қан­шылықпен жүргізілетін тірлік емес. Рухани жаңғыру жеке тұлғаның адами болмысының қалыптасуына керек. «Жабайы демократияны» жалау етіп, беталдылыққа еркіндік берген жұрттың бетін бері қаратып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуді бойына сіңіру жалаң сөзбен, көзалдау іс-шараларымен баяндылық таппайды. Халық сенің тіліңнің ұшымен «дежурный» сөз айтып тұрғаныңды да, болмаса жүректен жарып шын жанашырлық көрсетіп тұрғаныңды да мүлтіксіз ажырата алады.

Бүгінде Түркістанда рухани жаңғырудың баяндылық табуына тың құлшыныс беріп отырған ел ағаларының қыры да, сыры да қала тұрғындарына белгілі. Олар өздерінің ақсақалдары «болыс айтты, би айтты» деп, көшеге шығып аттандамайтынын жақсы біледі. Олардың Түркістанның абыройы үшін уақытпен санаспастан, қажымай-талмай жұмыс істеуге баратындығына өздері куә болғандықтан, ел ағаларының талабын орын­дауға келгенде «қылтың-сылтың» көрсете алмайды. Қала әкімі ғана емес, басшылық қызметте жүрген азаматтар да өздерінің ел ағаларына сенеді және олардың ой-пікірлері мен ұсыныстарына сергектікпен қарайды, бірлесе жұмыс істеуге құмбыл. Өйткені, қала ақсақалдары өздерінің 190 мың адамның көз алдында жүргендерін жақсы білгендіктен ұлтқа, ұлысқа, руға бөліп қараудан бойларын аулақ ұстайды. Ешкімнің мансабына, бай-бақуаттылығына қарамай, шындықты шыжғырып беттеріне айта алады.

Киелі қаланың қадірменді қарияларының сеніп отырғаны қарапайым халыққа сенгендіктен. Бірлік бар жерде берекелі тірлік барын тереңнен түсінетін түркістандықтар өздерінің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істей алатынына нық сенімді екені хақ.

Мынау күн қысқарған заманда екінің бірі «данышпанға» айналып, жақсылықтың жарқын істерін тануға мойындары жар бермей жүрсе, ол да «заманына қарай қасқыр ұлидының» кері шығар, әсте.

О.ТӘЖИЕВ

Ұқсас жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҚАРТТАР МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛЫНДЫ

admin

ҰЛТТЫ САҚТАУ МҮМКІН ЕМЕС, РУШЫЛДЫҚТЫ ЖЕҢБЕСЕК…

admin

ТҮРКІСТАНҒА ИТАЛИЯДАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

admin
Бас мақалаРуханият

ШЫН РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТҮРКІСТАНДА

Заманның заңғар саясаткері, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың уақыт талабымен үндесетін «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының бай мазмұнына тереңнен мән беріп, оның шынайы өміршеңдік табуына оңтүстік өңірінде сергектік көрсетіп, соны серпін беруді алғаш бастағанда, ыждағаттықпен ісқимыл көрсетіп жатқан да киелі Түркістан аумағының жұршылығы екенін айрықша айтуға болады. Жуырда ғана Түркістан қаласы әкімдігінің (Ә.Өсербаев) қала тұрғындарымен, қоғам белсенділерімен өткізген кезекті алқалы жиынын соның айқын көрінісі дер едік.

Түркістан қаласының жүзден астам белсенді тұрғындарының, қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің басын біріктіріп, облыстық ақсақалдар алқасы (төрағасы Ж.Әзірет­бер­генов), Түркістан қалалық Қоғам­дық келісім кеңесі (төрағасы Ә.Әбді­қа­дыров) және қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбековтың қатысуымен өткен алқалы жиын елдің ортақ мүддесі үшін еркін пікірлесудің ашық алаңына айналғанына еріксіз тәнті болдық. Жиында сөйлеушілер әкімнің атына немесе осы игі іске бастамашыл болған ардақты ардагерлердің атына «көпшік» боларлық бір ауыз «сылдыр» сөз айтқан жоқ. Түркі әлемнің қастерлі қаласы Түркістан енді ірі облыстың орталығы болған соң, оны түрлендіруге қарапайым қалың елдің қалай үлес қосуға болатындығы іскерлік жағдайында талқыланып, ойтолғамдарын ашық ортаға салды. Мұнда саясатпен ойнайтын «жарапазаншыны» емес, туған жердің намысын көтерген, нағыз отаншыл жұртшылықпен жүздескенімізге сүйсіндік.

Түркістанның ардақты ақсақалдары мен нағыз елжанды, намысқой перзенттері «атан түйе көтере алмас» жүгі бар жауапкершілікті мойнына алғандарын жақсы біліп отыр.

Қала халқының саны 170 мыңнан асса, үй саны 40 мыңға жетіп, көше саны 900-ден асыпты. Осыншама аумақты бір уысқа жинақтағандай етіп, бірнеше жүз мыңдаған жұртшылықты бір үйдің адамындай біріктіріп тірлік істеу мынау өзбілермендігі өсіп тұрғанда заманда оңай еместігін түркістандықтар білмей отырған жоқ.

Олардың байырғы ел іші атадан балаға бірлік пен берекені, ынтымақ пен татулықты, бауырмалдық пен имандылықты мирас етіп қалыптастырғанын, сол өмір өрнегінің арқауы үзілмей келе жатқанын өздеріне қуат етіп отырғаны айқын-ақ.

Ақсақалдар алқасы мен Қоғамдық келісім кеңесі өздерінің игі істерін бастап, қаланы 16 шағын ауданға бөліп, учаскелік комитеттер құруды, ал оған 40-50 көшеден бөліп беріп, оның әр көше ағалары комитеттерін құрып, оның төрағаларын сайлауды қолға алыпты. Учаскелік комитеттердің құрамына беделді ардагерлер мен мұғалім, дәрігер, учаскелік полиция инспекторы, аяулы ел аналары мен патриот азаматтар, кәсіпкерлер мен мешіт имамдары мүше болып сайланады.

Шағын  ауданның учаскелік комитеттері мен көше комитеттері бас қосып ақылдасу бары­сында өзекті мәселелердің оң шешім табуына ықпал етуді, аумақтың тазалығын сақтап, оны гүлдендірумен бірге, аумақта келең­сіздіктердің орын алуына жол бер­меу, ел ішінде ынтымақтың берік болуына пәрменді ықпал етуді тікелей ұйымдастыратын болады. Көше бойларына жасыл желек отырғызып, әр үйдің көше жағына гүл өсіріп қоюды әр үйдің басты міндеті етіп қоюға баршасы пәтуаға келіпті.

Айту оңай, ал игі істің жемісін көру оңай емес. Осы жерде оңтүстіктің абыз ақсақалына айналған, бүгінде есімі елімізге танымал қоғам қайраткері, облыстың ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергеновтың көпке ой тастаған сөзі ойға оралады. Ол кісінің: «Бір кездері халық кедей, аш- жалаңаш жүрген. Атыс-шабыс, кісі тонаумен аты шығып, наркотиктердің отаны болған Сингапурды Ли Куан Ю сияқты азаматы 30 жылдан кейін келіп экономикасы өркендеген, халқының тұрмысы тамаша қалаға айналдырып, «Азия жолбарысы» деген атқа ие болып, дүниені таң қалдырады. «Бұл кереметке қалай қол жеткіздіңіз?» деген сұраққа Ли Куан Ю: «Темірдей тәртіп пен жанқиярлық еңбек арқылы жеттім», — деп жауап берген. «Демек біздің де өмірде бірінші тәртіп, екінші әрбір адамның жанқияр еңбегі қажет екенін жақсы білесіздер» деген ойлы пікірді ортаға салып еді.

 Рухани жаңғыру Түркістанда 10 жыл бұрын қолға алынған

Киелі Түркістан өңірінің еңбекқор да, жуас болғанымен, өрелі ойлылығы мен имандылығы басым жататын жұртшылығы ел Тәуелсіздігінің еркіндігімен келген «жабайы демократияның» желеуімен ұлттық құндылығымызды ескерусіз қалдырып, ел ішінде рухани азғындаудың бел алып бара жатқанына төзгісіздікпен қарап, ата салт-дәстүрін қайта қолға алуды жөн деп табады.

Түркі тектес елдер ғана емес, бүкіл ТМД аумағындағы елдердің ішінде ұлтының құндылығын қастерлеп, соның арқасында елінің тыныштығын ұстай білген Өзбекстанның қалың елмен жұмыс істеудің тәжірибесімен бөліспек болған түркістандықтар Ташкент қаласының махалла комитетінің жұмысымен танысады. Өзбек махалла комитетінің республика аумағында басшылыққа алатын Ережені республика президенті Ислам Каримовтың өзі қол қойып, бекітіп берген көрінеді. Ел президенті бекіткен Ережені жүзеге асыруға жұмыс істейтіндердің бірде-бірінің еңбегіне жалақы төленбейді, барлығы да қоғамдық негізде тегін жұмыс істеген. Оны зерттеп, жан-жақты талқылаудан кейін мүмкіндіктерін ескеріп, Түркістанда көше комитеттері жұмысын жолға қоймақ болады. Соңғы оншақты жылдың көлемінде қала әкімінің жиі ауысуына байланысты, қоғамдық ұйымдар мен қала билігі арасында жүйелі байланыс қалыптаспайды.

Түркістандық ел ағалары Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы шыққанан кейін бұл істі жедел қолға алады. Ел-жұртқа үлгі-өнеге етіп айта алатын рухани жаңғырудың түркіс­­тандық «Жүйнектік жүйесі» осылайша дүниеге келген.

                                                                                                                                                       (Жалғасы бар)

                                                                                                                                                              О.ТӘЖИЕВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №46-47 (721-722) 15.12.2018 жыл

Ұқсас жаңалықтар

Шардарада тың құлшыныстың тiрлiктерi бар

admin

АУДАН ӘКІМІ АУЫЛЫН КӨРКЕЙТУГЕ АТСАЛЫСҚАН АЗАМАТТАРҒА АЛҒЫСЫН АЙТТЫ

admin

МЕГАПОЛИСКЕ ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

admin