Әдiл сот төрелiгi – «шымкентшелеудiң» жолына тосқауыл

Біздегі «шымкентшелеуді» қарапайым қалың көп шығарған жоқ. Жергілікті биліктің тізгінін ұстаған ат төбеліндей шенді-шекпенділердің өзібілермендікке кеткен тоңмойындық тірліктерінен туындаған келеңсіздіктер. Орынтаққа отырдың ба, көзді жұмып тұрып «по шымкентский» жасамай, қатарға қосыламын деп ойламай-ақ қой. Оның бір артық жері ешкімнің мұрны қанамайды, тісі де түспейді, қолы сынып, беті көгеріп қалды деген де болмайды. Сап-сау жүріп тек аяқтың астында тапталып қаласыз. Ондай кезде сіздің ұзақ жылдар халыққа көрсеткен қалтқысыз қызметіңіз, жұмыстағы мол тәжірибеңіз бен біліктілігіңіз, сіңірген өлшеусіз еңбегіңіз, тіпті ұжымыңыз бен ел-жұртыңыз білетін азаматтық болмысыңызға тән адалдығыңызға дейін бәрі-бәрі  ұмыт қалады. Жұрттың сізді енді тануы да екіталай. Таныған күннің өзінде, сіздің «оңбағандығыңызды» дәлелдейтін фактілерді тауып беріп, оның том-томға айналып кетуі де ғажап емес.

Сонда «по шымкентский» дегеннің сыры неде? «Шымкентшелеуге» іліккен адамға мемлекеттің заңы қорған бола алмайды. Біздегі басшы болуға қолы жеткен кейбір «таяз ойлылар» өздерін «жарты патшадай» сезініп, ойларына не келсе, соны тоқтаусыз жасауға дағдылана бастаған. Азаматтардың Конституциялық құқығы, ел заңнамаларының талаптары, адамға тән парасаттылық, имандылық қасиеттер оларды қызықтырмайды. Олар өздерінің ойларына не келсе, соны орындамай тынбайды. Ертең не болса, о болсын, тек ойындағысын орындамауы керек, сондықтан өздерінің заңбұзушылық жасап жатқандығын қаперіне де алмайды. Құқығы тапталған, заңбұзушылықтан зардап шеккендер ары жүгіріп, бері жүгіріп, ақырында шындықты жеткізе алмай жайына қалады. Еліміздің төрт бұрышында айтылатын «шымкентшелеу» дегеніңіз осы.

«Жарты патша» болуға дағдыланып, оның деңгейін 80-90 пайызға жеткізіп қалған бізге мынау қолға алынған реформа ғана оң келмей тұр. Әсіресе, сот реформасы бұрынғы еркінсуге тосқауыл болатын түрі бар. Судьялар да бұрынғысынша жоғары лауазым иелері себепші болған заңбұзушылыққа немкетті қарауды қойып, әділ төрелік беруге көшкен. Соның бір айқын мысалын назарларыңызға ұсынып көрейік.

Жуырда Түркістан облысы, Түркістан қалалық сотының судьясы С.Абсаматов Түлкібас ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы басшысы М.Орынбаевтың талап арызын қарап, заң талаптарын мүлтіксіз сақтаумен оң шешім шығаруға қол жеткізіпті. Даудың басы Түлкібас аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мықтыбек Орынбаевты еңбекке жарамсыздық парағымен жүргенде Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ә.Тілегенов оның келісімінсіз-ақ Отырар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы міндетін атқару туралы 09.08.2018 ж. №12-Ж «Міндеттерді жүктеу туралы» бұйрығын шығара салады. Ал, оның орнына 03.09.2018 жылғы №42 -Ж бұй­рығымен Төлеби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Өмірәліні тағайындайды.

Саналы ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет көрсетуді мемлекеттік органда атқарып келе жатқан М.Орынбаевтың өлшеусіз еңбегі департамент басшылығындағы әріптестерінің қаперіне де кірмеген сияқты. Кезінде Мақтаарал ауданының «желкесі күжірейген» «бизнесмен-сымақтары» ел заңнамалары талаптарын орындауға немқұрайдылық көрсетіп, салыққа төленетін жүздеген миллион қаржыны жылдан-жылға сүйретіп, облысты ыңғайсыз жағдайға қалдырғанда, соны реттеп, дұрыс жолға қойып берген осы М.Орынбаев емес пе еді? Білімді де, білікті басшы М.Орынбаевтың қызмет қиындығына шыдап, табанды талап қоя білуінің арқасында келеңсіздік түзетіліп қана қоймай, облыс тынысында ел заңнамалары талабының мүлтіксіз орындалуы бірізділікке түскен еді. Департамент басшылығының М.Орынбаевтың облысқа сіңірген еңбегіне қаншалықты баға бергенін қайдам, департамент басшысы «Белгісіз себептермен жұмыста болмауына байланысты» деп, 25.12.2018 ж. «М.Қ.Орынбаевты жұмыс­тан шығару туралы» №248- Ж. бұйрық шығарады. Бүкіл ғұмырын туған өңірінің өркендеуіне жұмсаған М.Орынбаевтың тағдырын осылайша шешуді «по шымкентский» болды деп қалай айтпассың?

Өзінің құқығын қорғауды мақсат еткен М.Орынбаевқа енді сотқа жүгінуден басқа жол қалмайды. Сонымен, Түркістан қалалық сотының судьясы С.Абсаматов 04.01.2019 ж. №2-3342 істі қарап Шешім етті:

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2018 жылғы 9 тамызындағы №11-Ж бұйрығымен Орынбаев Мыхтыбек Калаубековичке Отырар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысының міндеттерін атқаруды жүктеу туралы бөлігінің; «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2018 жылғы 25 желтоқсанындағы Орынбаев Мыхтыбек Калаубековичті жұмыстан босату туралы №248-Ж бұйрығының күші жойылсын.

Орынбаев Мыхтыбек Калаубекович бұрынғы жұмысы  – Түлкібас ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметіне қайтадан орналастырылсын.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен Орынбаев Мыхтыбек Калаубековичтің пайдасына 2018 жылғы 8 қазанынан бастап амалсыздан жұмыссыз бос жүрген күндері үшін жалақы – 635 901 (алты жүз отыз бес мың тоғыз жүз бір) теңге өндірілсін».

Қазір М.Орынбаев Түлкібас ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы қызметін атқарып отыр. Тек біз «дауылдан кейінгі тыныштықтың» қанша уақытқа созылатындығына алаңдайтынымызды жасыр­ғымыз келмейді,өйткені біз «шымкенттікпіз» ғой. Ел көріп отырған жерде әдептілік сақтауға кісілік көрсете алатын шығармыз. Әділдікті қорғауға қатысты шындықты оқырманнан жасырмайтынымыз да баршаға аян.

Әділ Мұратбеков

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.