«Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?»
Түймебаев түзеген көштің бағытын не үшін ұстамадық?
Ел идеологиясының танымал тұлғасының бірі, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың журналистерімен жасаған алғашқы кездесуінде-ақ барша қаламгерге «Оңтүстік Қазақстан облыстық журналистер одағын» құрып алуды ұсыныс еткен болатын. «Ашық әңгімеге» барып отырған облыс басшысы өзінің көрегенділігін аз сөздің астарымен бір-ақ айтты. Еліміздің БАҚ айдынының тынысы мен беталысын тереңнен білетін Жансейіт Қансейітұлы сөзді көбейтпей-ақ, өңір журналистикасына шынайы жанашырлықты қысқа түсіндірген еді. Қаламгерлер қауымы көреген азаматтың бір ауыз сөзбен-ақ еңсені көтеретін дұрыс бағыт-бағдар бергеніне бір серпіліп қалған болатын. Бірақ, ел абыройы, Оңтүстіктің абыройы дегеннен гөрі, өздерінің қалағандары болып жатқанға мардымситын біздегі идеология саласының «көшбасшы-сымақтары» есіл ердің сөзін елеусіз қалдырудан тайынбады.
Енді келіп, облыс пен қаланың әкімі демалыста жүрген орайлы сәтті мүлт жібермей, «өз адамдары» атақтан айырылмау үшін екі кештің арасындағы опыр-топырды пайдаланғандай, өздері жинаған қаламгерлердің қалауы етіп С.Матаевтың қолындағы Одақтың филиалын ашып тастайды. Журналистердің бәрі болмаса да, басым көпшілігін жинап, «екі Одаққа кіресіңдер ме?» деп, «По шымкентскиге» дағдыланғандардың оңайлықпен бой бермесіне осы тірліктеріміз даусыз дәлел сияқты көрінеді.
Облыс әкімінің ойлы ұсынысы қаламгерлердің аузынан түсе қойған жоқ. Үнемі сөз болумен жүрді. Тіпті, облыс әкімінің эксорынбасары Ұ.Сәдібеков 50-ге жуық редакторларды жиып, «Оңтүстік қабылдау үйінде» рухани жаңғыруды насихаттауға қатысты өткізген жиында да сөз қозғалды. Мәселені сөз еткен «Қазақстан жолы» газетінің бас редакторы қаламгерлер қауымын шынайы топтастыратын уақыттың жеткенін дәйекті сөз етті. Бірақ, бір немқұрайлылықтан құтыла алмағанымыз анық. Қоғамдық ұйымдармен жұмыс істейтін бөлімі бар облыстық ішкі саясат басқармасының өзі бұл мәселеге келгенде сырғақтатумен болса, енді қай биікке шығыппыз?
Басқасын қайдам, дәл Түркістанда әріптестеріміз С.Матаевтың филиалын ашады деген ойымызға келмеп еді. Филиалдың төрағасы болып сайланған есімі елімізге танымал қаламгер Ғ.Елшібайдан дәл осыны күтпеп едім. Алғыр ойлы азамат құрығанда әкім Ж.Түймебаевтың ойлы әңгімесін есіне алып, жеке бірлестік құруды ортаға тастар дегенді күтіп едім. Төраға болдым, басқасына басым ауырмайды десе, онда қателескені. Ғ.Елшібайдың алқа мүшелерін өзі атап шығып белгілеткеніне сенер-сенбесімізді білмедік. Филиалды құру жиынына облыстық «Южный Казахстан», «Жанубий Қозоғистон» және «Төлеби туы» сияқты іргелі аудандық газеттерден қаламгерлердің қатыспауы да өрескел тірлік дер едік. Осы жиынның өтуі мен оның барысындағы келеңсіздіктерге Ғ.Елшібайды кінәлі деп есептемейміз. Оның бәрі сырттан «қамқоршы-сымақ» болып тұрған «данышпандардың» пендешілік тірлігі. Ұлтының абыройын ойлаған нағыз жанашыр болса, қасқайып тұрып: «Филиалды қоя тұрып, Қазақстан Республикасы «Түркістан» журналистер одағын құрып алыңыздар» дер еді ғой. Бұл атау С.Матаевтың одағының атауын сөзбе-сөз қайталап отырған жоқ. Бірде-бір Әділет департаменті «мұны тіркей алмаймын» деп айта алмайды, бәріміз де бір заңға бағынамыз.
Ел абыройын ойлаған азаматтар араласып, «Қазақстан Республикасы «Түркістан» журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі құрылғанда бұл елімізді ғана емес, түркі әлемін топтастырудың ізгі ниетті елдерінің өзін бір серпілтіп тастар еді. Ол одаққа шымкенттік қаламгерлер қосылар еді. Елімізге танымал ұлт жанашыры, Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Б.Уәли де өздерінің бірігуге ықпал ететініне шүбә келтірмейміз. Мына жақтан қызылордалық қаламгерлердің ынтымақтастыққа шығатынына сенуге болады. Бұлардың қайсысы С.Матаевтың одағынан «шеке майы шылқылдап» жүр еді. Бұл одақ құрылғанында Матаевтың одағына шаң қаптырып, республиканың төрінде өз биігінен көрінер еді ғой. Қайран пендешілік, барымызды бағасыз етсе.
Оңтүстіктің ойлы, қажырлы қаламгерлері әлі де осы мәселені ой таразысынан өткізіп, игі істі жұмылған жұдырықтай қолға алар деген ойдамыз. Жақсылықтың жарқын ізінен үміт үзбегенге не жетсін!
Әділ Мұратбеков