Шымкентте шындықтың бетi ашылуда

Жуырда Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті өткізген алқалы жиында шымкенттік кәсіпкерлердің көлеңкелі экономикада жұмыс істеп жатқан «картасы» ашылып қалды. Жиында шындықты шыжғырып айтқан департамент басшысы Нұралхан Көшеров бұрын-соңды Шымқалада айтыла бермейтін сорақылықтың сорпасын сорғалатқандай етіп, келеңсіз фактілердің есігін айқара ашып тастады. Ел заңнамалары талабы түгілі, «Құдайдың» құдіретін мойындаудан қалған біздің кейбір пысықайлардың табысын жасырып қалуынан қала бюджеті 7 миллиард теңгеден қағылып отырғаны өкінішті сөз етілді. Өйткені, есіткен жан жағасын ұстайды. Қараңыз, «Дархан» базарында әр шалбарын 10 мың теңгеге дейінгі бағамен сататын кәсіпкер бір жылдық салыққа 720 теңге төлеп келген.

Қаланың «Ескі қалашығындағы» құрылыс заттарын сататын екі кәсіпкер жылына 10 және 12 мың теңге ғана салық төлеп келіпті. Табысын жасырып, салық төлеуден жалтарушылардың көшін қаладағы тойхана иелері бастап отыр екен. Қаладағы 118 тойхана заң талабы бойынша 2018 жылы 206 миллион теңге мүлік салығын төлеуді небәрі 38 миллион теңге құюмен тоқтатыпты. Осы тойханалардың арасында мүлікті бағалауға сыбайластықтың жол берілуі кесірінен нысандардың бағалау айырмашылығы 4 есеге дейін төмен белгіленген.

Құрылыс нысандарын бағалайтын «Эстетсервис»ЖШС-нің тірлігіне үңілген адам өмірден түңіліп кететініне шек келтіре алмайсыз. Қала тынысының өзекті мәселесі сөз болып жатқан жерге бой көрсеткен осы атышулы ЖШС директоры Нысанбаев «машайықтан қашайықтың» керіндей алқалы жиынға қатыспай жылыстап кетіпті.

Жиында департамент басшысы Н.Көшеров тойхана иелері болып келетін Шымкенттің бай-бақуатты, беделді-сымақ азаматтарының өзі жылдап салық төлемейтінін ащы да болса, ашып айтып өтті.

Солардың қатарында 2017-2018 жылдарда салық төлеуден жалтарған «Royal Rose» тойханасы (кәсіпкер Сартаев) атап көрсетілді. Ал, бай-қуаттылар той өткізетін «Екі жұлдыз» бен «Ұлытау» тойханаларының өткен жылға төленуге тиісті 7,8 миллион теңге салықтың 380 мың теңгесі ғана төленіпті. Екі тойхананың егесі бір адам, сол «пысықай» екі тойханаға 3-ақ адамды жалдамалы жұмысшы ретінде ұстаймын деп есеп берген. Не деген «по шымкентский» тірлік­тер, бала сенбейтін нәрсеге «бақандай» салық мекемелерін сендіре алады.

Ал, «Физули» кафесі 2017 жылы айналы­мы 40 млн. 800 мың теңге, 12 жұмысшы бар деп, бюджетке 2,3 млн. теңге салық төлесе, 3 залы бар «Мұса» тойханасы айналымы 2 млн. теңге ғана,3-ақ жұмысшы қызмет істейді деп, бір жылға небәрі 60 мың теңге ғана салық төлеген. Мұндай келеңсіз жағдайлардың фактісін тізе беруге бетің шыдамайды. Қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, нағыз мемлекетшіл азамат Н.Көшеров өзінің лауазымдық міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап, «шымкентшелеудің» сорақылық «картасын» ашып қана қоймай, бұл салада ең нәтижелі жұмыс жүргізуді қолға алғаны көрініп тұр. Осындай отаншыл азаматтың бастамашылдығын баянды етуді баршамыз қолдасақ қанеки?

Ә.Мұратбеков

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.